«РЕСЕЙДЕН — МАХАББАТПЕН!»
Атырауға көршілес Астрахан қаласынан келген арнайы делегация қатарында әлемге әйгілі «Скиф» квартеті де бар. Олар Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда үлкен концерт берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шара басталмас бұрын Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сахнаға көтеріліп, өнер ұжымына сәттілік тіледі.
«Атырау бүгін Астраханнан арнайы делегация келді. Құр келмей, өнер-сыйын бірге ала келді. Бұл атыраулықтарға жасалған ерекше сый-құрмет деп білеміз. Мақсат – екі ел арасындағы сауда-саттық, экономикалық, рухани-мәдени және басқа да бағыттағы өзара қарым-қатынас пен жаңа бизнес-бастамаларды дамыту» деп атап өтті Ж.Орақұлы.
Концерттік бағдарлама атауының өзі ерекше – «Из России – любовью!» деп аталады. Әлемнің таңдаулы сахналарында өнер көрсетіп жүрген ұжымының тарихы отыз жылдана стам уақытты қамтиды. Музыкалық ұжымның орындау стилі де, шеберлігі де өзгелерге мүлде ұқсамайды. Соның ішінде, көптің таңдайын қақтыратыны – квартет жанр талғамайды. Яғни, классикалық, халықтық (фольклорлық) және қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларын да жоғары деңгейде орындай алады. Тіпті, джаз, рок бағытындағы және басқа да танымал туындыларды да оп-оңай және емін-еркін орындай береді.
Бұған атыраулық өнерсүйер қауым да тікеелй куә болды. Бұл күні залда ине шаншыр орын болмады. Керемет кешті көруге келген халықтың қарасы қалың болды. Залдағы орынға сыймаған көрермендер концертті тік тұрып тапжылмай тыңдады.
Шара шымылдығы Александр Бородиннің «Князь Игорь» операсынан алынған үзіндімен ашылды. Бұл да тегін емес. Себебі, аталған шығарманы автор шығыс елдерінің мәдениетін терең ұғына отырып жазған. Сондықтан да мұны көршілес екі елдің де жүрегіне жақын туынды деуге әбден болады. Бұған шығарма орындалып болысымен тік тұрып қол соққан көрермендердің құрмет пен қошеметі дәлел бола алады.
Аталған ансамбль 1992 жылдан бері 1500-ден аса шығармашылық кешін өткізген екен. Квартет мүшелері Ресейдің 80-нен атсам қаласынан бөлек, Норвегия, Финляндия, Нидерланды, Германия, Франция, Австрия, Дания, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Түркіменстан мен Қазақстанда, соның ішінде Атырауда да талай өнер көрсеткен. Бір қызығы, квартет мүшелері отыз жылдан астам уақыт ішінде бірде-бір рет ауыспаған. Олар – Ресейдің Еңбек сіңірген әртістері Александр Мостыканов (балалайка), Александр Бабушкин (баян), Игорь Калина (балалайка-контрабас) және халықаралық байқаулардың лауреаты Сергей Соколов (домбыра-альт).
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ Фото: автор