Жарнама
Мәдениет

«Қыпшақ Қоңыр» кітабы оқырманға таныстырылды

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында ақын, аудармашы, бірнеше Халықаралық сыйлықтың иегері Маржан Ершудің «Қыпшақ Қоңыр» атты жаңа туындысының таныстырылымы өтті.

Қалың көпшілікке жол тартқан кітапта саналы ғұмырын мажар мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түркітанушы, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандоки мен тілші-ғалым атыраулық Оңайша — Айша Мақсымқызы туралы баяндалады. Туындыда Қоңыр мен Айшаның сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек-жолдары, арман-мұраттары және түркі дүниесінің алыптары мен тарихи шежіресі туралы айтылады.

-Биыл Қоңыр Мандокидың туғанына 80 жыл. Осыған орай, түркі әлемінде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бірақ, мен жазған басылым 80 жылдыққа тарту емес. Өйткені, 2015 жылы Будапешт қаласына іссапармен барған кезде жазу туралы ой келді. Кітапты жазып шығу оңайға соққан жоқ. Қоңырдың әлемімен танысу, ғылымда ашқан жаңалықтары, жүріп өткен жолдарын зерттеуге 9 жылға жуық уақыт кетті. Қоңырдың өзінің ғана өмірбаянына тоқталмай оның өмірлік жары мен ұлы Атлант жайында да тың деректер қамтылған,-дейді автор.

Кітапты сатылымға шығарып тұсаукесерін кейінге қалдырудың да өзіндік ерекшелігі бар. Күзге дейін кітапсүйер оқырман деректі романмен толықтай танысып, тұсаукесерде өзіндік пікірлерін бөлісу үшін жасалған.

Айта кетейік, кітаптың тұсаукесері күз мезгіліне Оңайша Мақсымқызының Будапешт қаласынан елге келген кезінде өтеді деп жоспарланған.

Кітапты сатып аламын десеңіз 87077667540 нөміріне байланысуға болады.

Ұлболсын МАРСОВА

Суретті түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button