ӨЛКЕ ӨНЕРІНІҢ ӨРКЕНДІ ӨРІСІ

Атырау облысының  мәдениет  күндері Оңтүстік  Қазақстан  аймағында  дүбірлеп  өтті 

Өткен аптада келбеті келісті, аймағы өрісті Оңтүстік өңірінде Атырау облысының мәдениет күндері өтті. Өнер апталығына 268 атыраулық өнерпаз қатысты. Айта кетсек, күйдің отаны саналатын Атырау өңірінен бұрын-соңды мұндай құраммен өнер керуені Оңтүстік Қазақстан өлкесінде болып көрмепті. Атыраудың мәдениет күндеріне қатысқан делегацияны облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастап барды.

 Мұнайлы өңірден – шырайлы өлкеге!

Атыраулық өнер делегациясын оңтүстіктіктер үлкен қошеметпен, жылы шыраймен қарсы алды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков пен өлкедегі облыстық деңгейдегі 34 мәдени ұжым басшылары  қонақтарға «қош келдіңізін» жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар өнерлерін ортаға салды. Мұндай ықыласқа атыраулықтар атынан Атырау облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев алғысын білдірді.     

Өнер апталығы Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының Түркістан қаласында Қадыр Мырза Әлінің «Жаралы жолбарыс» драмасын сахналап, еліміздің діни орталығы саналатын киелі Түркістанда мінәжат етуімен басталды. 

Дәл сол күні «Мұрагер» фольклорлық-этнографиялық оркестрі Шардара қаласында концерт беріп, қала тұрғындарына тамаша кеш сыйлады. 

Халық өнері –асыл қазына

Өнер апталығының екінші күні күй-керуен мұнайлы Атыраудан шырайлы Шымкентке ат басын бұрды. Делегацияны бастап келген Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, ақын Қойшығұл Жылқышиев, күйші-композитор Өнербек Жанбала, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

– Соңғы екі-үш жылда өңірлердің бір-біріне өнерін көрсетіп, мәдени-шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік туғызған жақсы үрдіс қолға алынды. Бұған дейін көршілес Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барсақ, биыл Оңтүстік Қазақстан облысын өзіміз сұрап алып отырмыз. Өйткені, бұл өлке өркениеттің ордасы атанған. Ал, Атырау облысы – күйдің отаны, Батыс ән мектебінің іргетасы қаланған жер, батырлық жырдың ордасы. Делегация құрамында екі жүз алпыс сегіз өнерпазбен келіп отырмыз. Облыстардың мәдени қарым-қатынастары қашан да жоғары деңгейде тұрады. Өйткені, ұлтты ұйыстыратын қуатты күш  – мәдениет, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, атыраулық өнерпаздарды ел-жұрт болып қарсы алған оңтүстік тұрғындарына алғысын білдірген жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев бұл шараны үлкен өнер тойы деп бағалады.

– Күзде Оңтүстіктің өнерпаздарын Атырау құда күткендей күтеді. Біздің былай да жаттығымыз жоқ. Бірақ, мәдени, әдеби байланыс – шекараны таңдамайтын ұлы құбылыс. Кеше Шардарада болып, шырайлы кездесуге қатыстық. Біздің «Мұрагер» ансамбліміз жұртшылық алдында күй төкті. Негізінен, бұл кездесу Қызылжарда жалғасып, Атырау мен Қызылжар арасында мәдениет күндері өтуі керек еді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан – өздеріңіздің тумаларыңыз, Шардарада туып-өскен. Қазақта «Жігіттің жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деген сөз бар. Соған сәйкес Шыңғыс Жұмабекұлы –  Үкіметпен, Ақ ордамен келісіп, сол жоспарды өзгертіп, осы үлкен салтанат керуенін Оңтүстік Қазақстан облысына бұрған  азамат, – деді ол.

Журналистердің қойған сауалдарына орай Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев өлкеде мәдениет саласын қандай қолдауға ие болып отырғанын айтты. Оның айтуынша, облыс басшыларының қолдауымен барлық дерлік мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, үш мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, төрт мәдениет үйінің құрылысы жүруде және Махамбет атындағы облыстық драма театрына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Бұған қоса, мәдениет мекемелеріне арнайы автобустар және аппаратуралар алынған.

– Бізде кадр мәселесі өзекті болып отыр. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен мәдениет саласы қызметкерлеріне үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр 13 қызметтік пәтер берілсе, ал, биыл 15 пәтер бөлінгелі отыр. Мұндай қамқорлық басқа облыстардың бірінде жоқ, – деді басқарма басшысы.

Оңтүстік Қазақстан облысында төрт жүзден астам кітапхана бар екен. Рахымжан Отарбаев солардың барлығына тарату үшін сиясы кеппеген 470 кітабын тегін тарту етті.

– Атырау облысында 100-ге тарта қаламгер бар. Соңғы уақытта жиырма шақты ақын-жазушылардың кітабы шығарылды. Бір айта кетерлігі, авторға қаламақы есебінде кітаптың біраз данасын тегін тарту етеміз. Былтыр әдебиетшілер апталығын өткіздік. Мұндай шара ешбір жерде ұйымдастырылмады. Және жылына бес-алты рет ақындар айтысын ұйымдастырып келеміз, – деп, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау  филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев өлкеде жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасады.          

«Ғасырлардан сыр шерткен Атырау»

Шымқаладағы Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында 17 маусым күні Атырау облысы өнер апталығының ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ, аталған театр фойесінде «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрме жасақталып, таныстырылды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес жыл сайын облыстардың мәдениет күндері өтуде. Өткен жылы Маңғыстау облысының өнерпаздары келіп, өз өнерлерімен сусындатып кеткен болатын. Енді олардың ізін атыраулықтар жалғап отыр. Бұл – ортақ өнер мерекесі. Сондықтан, бірігіп өткізуге шақырамын, – деген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков аймақ басшысының атынан атыраулық өнер керуені жұмысына сәттілік тіледі.

Көрмеде Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің қорындағы туындылар және Атырау облысындағы белгілі суретшілер мен қолөнершілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге барлығы 80-ге жуық суретшінің картиналары және ағаштан жасалған қолөнер мен зергерлік бұйымдар қойылды.

Айта кетсек, көрмеде атыраулық суретшілер мен қолөнер шеберлері Айса Отарәлиев, Әділқайыр Жантасов, Нұрсұлтан Қалиев, Қайрат Шапабаев, Мейірбек Жағыпашев және тағы басқалардың еңбектері таныстырылды. 

Өркендеген, көркемденген Оңтүстік

Атырау мен Шымкент арасын екі мың шақырым алып жатыр. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының 3 миллионға жуық халқы болса, соның бір миллионға жуығы облыс орталығында мекен етеді. Облыс халқының 16 пайызын өзбектер құраса, бес пайызы – орыстар. Ал, 70 пайызы қазақтар болып отыр. Халықтың көптігіне байланысты өлкеде 1025 мектеп болса, 1151 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызмет етеді. Оның 897-сі – балабақша, ал, 254-і – шағын орталықтар. Және 236 бұқаралық ақпарат құралдары өңір халқына жаңалық таратып, ақпаратпен қамтамасыз етіп отырады. Байқап отырғанымыздай, біздің өлкемізбен салыстырғанда айырмашылық өте үлкен. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи-мәдени және рухани орындарға аса бай өлке екендігіне көз жетті.  

Соңғы бес-алты жылда Оңтүстiктiң мәдениет саласында елеулі өзгерiстер орын алған. «Оңтүстiк – театрлар өлкесi» деп текке айтылмаса керек, өйткенi, бұл өлкенің өзінде сегіз театр бар.

Өткен жылы облыс орталығы Шымкенттің төрiнен салт-жоралғыларды таныстырып, дәріптейтін Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылған. Аталған орталықтың жанынан бой көтерген облыстық тарихи-өлкетану мұражайының заманауи ғимараты да заман талабына сай қызмет етуде.

Облыстық «Отырар» кітапхананың қос қабатты жаңа ғимаратының сән-салтанаты театрға көбірек ұқсайды. Кітапхана қорында 500 мыңнан астам кітап бар. Ескірген құнды кітаптарды сақтау үшін де барлық жағдай жасалған. Дәл осы кітапханада жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, ақын Қойшығұл Жылқышиев, өнер жанашыры Өнербек Жанбала, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер Алма Андарбаева, Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық кітапхана директоры Гүлжайна Қалиева, облыстық балалар кітапханасының директоры Сара Есқазиевалар оқырмандар және көрермендермен кездесті. 

Кітапхананың бірінші қабатында жазушы-драматург, шығармалары 30 ел тілдеріне аударылған Рахымжан Отарбаевтың кітаптарынан бұрыш жасақталған екен. Оңтүстіктің көрермендермен кездесуде ол бабалардың табанының ізі қалған жерге, өз елімізге келгенін айтып, құшақ жая қарсы алған жұртшылыққа алғысын білдірді. 

Өнер жанашыры Өнербек Жанбала Махамбеттің «Жұмыр қылыш» және өзі шығарған күйлерін орындап берді.

Кейін атыраулық зиялы қауым өкілдері облыстық әзіл-сықақ театрында да болып, жергілікті оқырмандармен кездесті. 

Ордалы Оңтүстікте күй қалықтады

Өнер апталығының бағдарламасына сәйкес еліміздегі төрт Академиялық оркестрінің бірі, өткен жылы Еуропаны аралап, Қазақстанның Франциядағы онкүндігіне қатысқан Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрі Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда «Атырау – ән мен күйдің мұхиты» атты концерті өтті.

Сонымен қатар, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы Шымкенттен 35 шақырым қашықтықта орналасқан Төле би ауданының Ленгер қаласында тамаша кеш сыйлады. 

Алты құрлықта Атыраудың атын аспандатқан филармонияның «Нарын» халық аспаптар оркестрі кешті Құрманғазының «Серпер» күйімен ашты. Н.Тілендиевтің «Ата толғауын» Базарбай Жұманиязовтың «Серпін» күйін тамылжыта орындап, ленгерліктердің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, филармония әншілері Медет Қарамырза, Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданова, әнші-термеші Манарбек Дәулетов және тағы басқалар да өз өнерлерімен көрермендерді тәнті қылды.  

Көрермендер арасынан атыраулық жерлесімізді де кездестіру біз үшін күтпеген жаңалық болды. Марина Жабасова осы қалаға келін боп түскеніне бес жылдай уақыт өтіпті. Қазір екі баланың анасы атанып отыр. Концертке ол ата-енесі мен балаларын бірге алып келген. 

– Құдалардың ауылында бірнеше рет болдық. Сондықтан, Атырау жері – күйдің отаны екенін білеміз. Халқы да кеңпейілді. Оркестрдің күйлерді орындау шебері керемет. Бүгін отбасымызбен қазақтың ұлттық өнерін тамашалап, керемет көңіл-күйде отырмыз, – дейді Маринаның қайынатасы Смайылжан Гаидов. 

Ақжайықтан келген ән-сәлем

Шымқаладағы 1200 орындық «Түркістан» сарайы атаулы мерекелер мен саяси-тарихи iс-шараларда қалың көпшiлiктiң бас қосатын құтты мекенiне айналып үлгердi. Бейсенбі күні Атырау облысының мәдениет күндерінің жабылу салтанаты осы зәулім ғимаратта өтті.

– Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өңірлер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін облыстардың апталығын өткізуді тапсырған болатын. Міне, содан бері елімізде өңірлер арасындағы берік байланыс қалыптаса бастады. Бұған дейін Жамбыл және Маңғыстау облыстарының өнер апталығы өткен болатын. Ал, енді, міне, сонау Ақ Жайықтан ат терлетіп      келіп отыр. Келген қонақтар тек Шымкентпен шектелмей, Түркістан, Шардара қалалары мен Төле би ауданында болып, халықпен кездесті. Бір айта кетерлігі, Атыраудың тек мәдениет пен өнер саласын қамтып қана қоймай, бүгінгі күнгі Атыраудың тыныс-тіршілігімен таныстырып отыр. Сондықтан, атыраулық құрметті қонақтарға елдің атынан үлкен алғысымды білдіремін.

Атыраудың тарихының тереңдігі мен мәдениетінің ауқымды екендігін біз білеміз. Енді осы рухани құндылықтарға қоса Атыраудың экономикасының күн санап қарқынды дамып келе жатқанын көріп, шын жүректен қуанып отырамыз, – деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов.

Шырайлы өлкеде туризм саласын дамыту бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Соған сәйкес, аймақ басшысы Асқар Исабекұлы облыс атынан балаларға арналған «Тау самалы» ойын-сауықтыру лагеріне 100 жолдама мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі  бейнеленген суретті сыйға тартты. 

Өнер апталығының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан былай деді:

– Қазір Қазақстанның төрт құбыласы теңескендей күйде тұрмыз. Бұл ойымыз орынсыз емес. Алланың үйі – мешіттердің саны бойынша Оңтүстік бірінші орында тұр. Имамның саны бойынша да алдында. «Имамы бар елдің иманы бар» деген. Біздің гала-концертіміз де қасиетті Оразаның бірінші күніне тұспа-тұспа келуі бекер емес деп оймаймын. Жақсылыққа жоримыз. Жері қазынамызды толтырған, елі талай тарлан мен талантты тудырған Атыраудан өркениеті үзілмеген Оңтүстікке немізбен келдік десек, Қазақ өнерінің қара шаңырағының бақанын ұстаған Құрманғазы мен Динаның дүбірлеген күйлерімен келдік. Әр сөзі ұран болып жатталған, ел есінде сақталған қанжар азу, қылыш тіл Маxамбеттің жүректі жырларымен келдік. Елдіктің еңсесін ақындықпен көтеріскен Жұмекен мен Фаризаның сөздерімен келдік. Жазушы Раxымжан Отарбаев мен ақын Қойшығұл Жылқышиевтің өздерімен келдік.

Шыңғыс Жұмабекұлы облыстық әкімдіктің бастамасымен шығарылған қазақ топырағының арғы-бергі тарихында жүріп өткен 700-ден астам ақын шығармашылығы топтастырылған он томдық «Поэзия онтологиясын», «Атыраудың музыкалық мұрасы» атты Батыстың ән мен күй мектебінің 12 дискілік жинағын, елден шығып жатқан басқа да кітаптарды, Махамбеттің портретін, атыраулық шеберлердің екі жыл жасаған таңдаулы домбырасын, Оңтүстік елін қорғап жүрсін деген ырыммен Елбасы Н.Назарбаев ордалы жиында Америка Құрама Штаттарының президенті Б.Обамаға табыс еткен бойтұмардың Атырауда жасалған көшірмесін және елден дәмді сыйға тартты.

Гала концерт шымылдығы  «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орақ Жауыровтың дирижерлығымен атыраулық біріктірілген оркестрдің (Дина Нұрпейісова Академиялық ұлт-аспаптар және «Нарын» халық аспаптар оркестрлері – ред.) орындауындағы  Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Сондай-ақ, Аманжол Басығариев және Ханзада Сахыпова мен Назым Шаймарданова «Ақ Жайығым» әнін оркестрмен бірге тамаша орындаса, ҚР Мәдениет қайраткері Маржан Төреханова «Бұлбұл» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, оркестр С.Құсайыновтың «Мереке», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындап, оңтүстіктің көрермендерін бір серпілтіп тастады.

ҚР Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаровтың дирижерлығымен оркестр Е.Үсеновтың «Атырау вальсі»  шығармашылығын, Н.Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық поэмасын, Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерін орындап, қошеметке ие болды. Отандық композиторлардың оннан астам шығармаларын асқан шеберлікпен көрермен назарына ұсынған оркестрдің өнері оңтүстіктіктерді тәнті етті. Дәстүрлі әнші-термешілер шеруі де көрермендерді бей-жай қалдырмады.

Биыл құрылған қобызшылар оркестрі де «Қыз қуу», «Вальс» шығармаларын нақышына келтіріп орындаса, «Мұрагер» фольклорлық ансамблі де төкпелетіп күй шертті. Бұдан басқа атыраулық әншілер Әсет Әлиев, Медет Қарамырза, Венера Машқалиева, Ақмарал Машимова, Хамиль Сүйекбаев мұнайлы өлке Атырау туралы әндерді орындап, кештің мәнін одан әрі асыра түсірсе, «Зерде», «Інжу-маржан», «Махамбет» би топтары мың бұралған билерімен көрермен жүрегіне жол тапты.

Кеште оңтүстіктік көрермен назарына ұсынылған әр нөмірдің  бейнеклиптермен сәйкестендірілуі – өнер апталығы жабылу кешіне сән мен терең мазмұн қосты. Көрермен қошеметінде шек болмады. Енді қыркүйек айында Атырау ордалы Оңтүстікті күтетін болады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз