
Құндылығын құрметтеген халық қазынасын жоғалтпайды
Наурыз – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ең көне мейрамдарының бірі. Көктемнің алғашқы айы, Ұлыстың ұлы күні ретінде тойланатын бұл мереке жұртшылықтың арасын жақындатып, бірлікті нығайтуға бағытталған. «Бәйтерек аясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тоныкөк» этно ауылында өткен «Наурыз көктем» атты мәдени-көпшілік шарасы осы ұлы мейрамның салтанатын көркем әрі әсерлі етіп ашқандай болды. Басқосу барысында қазақ халқының дәстүрлері мен ұлттық ойындары, салт-дәстүрлері дәріптеліп, көрісу мерекесінің мәні кеңінен ашылды.
Көрісуде көп мән бар
Шараға жиналғандар бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, көрісу дәстүрін жаңғыртты. Көрісу – табиғатпен, жаратылыспен астасқан дәстүр. Бұл күні жиналғандар бір-біріне амандасып, жақсылық тілеп, қауышып, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдірді.
«Наурыз көктем» шарасы «Тоныкөк» этно ауылында өткендіктен, қатысушыларға ұлттық өнер мен мәдениеттің түрлері ұсынылды. Этно ауылдың әр бұрышында қазақ халқының өмірінен, тұрмысынан хабар беретін көрмелер, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар орын алды.

Ұлттық ойындарда ұлықталды
Шараның екінші бөлігі ұлттық ойындар мен жарыстарға арналды. Бұл күні қызықты жарыстар мен ойындар өткізілді. Асық ойыны, ләңгі тебу, кір тасын көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері жұртшылықтың назарын аударды. Әсіресе, асық ойыны мен ләңгі тебу көпшілікті таңғалдырып, жастар мен ересектер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
«Қазақ күресі» сайысы мен «Садақ ату» жарысы қызықты өтті. Садақ ату бойынша қатысушылардың шеберлігі мен дәлдігін байқауға болатын жарысқа қызығушылар көп болды. Садақ ату жарысының әртүрлі түріне (блоктық және классикалық) қатысушылар өздерінің күш-қуатын және шеберліктерін байқатты. Әр атуға белгіленген қашықтықтарға қатысушылардың қалай жететіндері көпшіліктің көңілін аударды.
«Қазақ күресін» қызықтағандардың дені жастар, мектеп оқушылары болды. Бұл сайыстар қазақтың ерлік пен батырлықты дәріптейтін дәстүрлерін жаңғыртып, қатысушыларға ерік-жігер мен табандылықты танытуға мүмкіндік берді.
«Тазылар жарысы» – ерекше жарыс
Тазылар жарысы – осы шараның тағы бір ерекшелігі болды. Қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Бұл сайыс сайыпқырандары муляжды қуып жетуге тырысты. Жарыс 1 шақырым қашықтықта ұйымдастырылып, таза жарыс үлгісінде өтті. Жеңімпазды анықтау жеңіл емес, себебі тазылардың шапшаңдығы мен жылдамдығы ерекше болды. Тазылар жарысы қазақ халқының аңшылық мәдениетін, тазыларды құрметтеу дәстүрін еске салып, көпшілікті тамсандырды.
Жаршылар жар салды
Шараның ресми ашылуында сөз алған Құрманғазы ауданының құрметті азаматы, профессор Елемес Абдошев көрісудің маңыздылығын айтып, салт-дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ұлыстың ұлы күнінің әр адамның жүрегіне жылы ұшқын ұялататын, қазақтың тілі мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке екенін атап өтіп, барлық қатысушыға сәттілік тіледі.
Көрісу мерекесінің сәнін жаршылар мен өнерпаздардың өнері толықтырды. Шара барысында жаршылар дәстүрлі қазақ поэзиясы мен өлеңдермен көрісудің маңызы мен оның тарихын баяндай отырып, қатысушыларды ерекше күйге бөледі. Олардың шығарып тұрған әндері мен өлеңдері мерекенің рухын жоғары көтеріп, қонақтарды ерекше күйге бөледі.
Батаменен ел көгерер
Мерекенің соңында ауыл ақсақалы бата беріп, жас ұрпаққа елдің бірлігі мен ынтымағын нығайту, қазақтың дәстүрін ұстану жолындағы тілек білдірді.
Шара соңында ұлттық ойындар мен жарыстарда жеңімпаз атанғандар, белсенді қатысушылар марапатталды. Әр жеңімпазға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Мерекенің қорытынды бөлігінде барлық қатысушылар ұжымдық дастархан басына жиналып, наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татып, мереке басталғаннан соңғы сәтке дейін көтеріңкі көңіл күймен өткізді.
Қазақ халқының ең үлкен байлығы – оның салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары. «Наурыз көктем» мерекесі осы ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғыртуға, бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ерекше шара болды.
Көрісу мейрамы – тек бір күндік салт емес, ол жыл бойы бір-біріне қолұшын беріп, адамдар арасындағы байланысты нығайтатын ерекше дәстүр. Бұл күні әрбір атыраулыққа ұлттық рухты сезініп, өткенді еске алып, болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік туды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ