
Қолөнершілерге қолдау қажет
Атырау облысында Қазақстан Республикасы бойынша ЮНЕСКО сарапшысы, мәдени мұралар жөніндегі маман Меруерт Құрманғалиеваның қатысуымен жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің мәдени ерекшеліктерін сақтап, ұлттық мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы нақты ұсыныстар мен бастамалар талқыланды.

— Киіз басу — халқымыздың терең тарихын, өмір салтын бейнелейтін құнды мұра. Бүгінде бұл өнерге деген қызығушылық артып келеді. Осы бағытты жүйелі дамыту үшін өңірлерде арнайы орталықтар ашылып, жастар мен шеберлерге қолдау көрсетілуі тиіс, — деді “Ақжелкен” шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетов.

Сондай-ақ, отырыс барысында Халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі Салтанат Елеусінова ұлттық қолөнердің тағы бір маңызды саласы — алаша тоқу, ұршық иіру сынды ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы ой бөлісті.
— Біз “Ұршық” атты республикалық қоғамдық бірлестік құрдық. Оның құрамында бірнеше этнос өкілдері бар. Бұл — қазақтың бай қолөнерін өзге ұлттардың да қызығушылықпен үйреніп, дәріптеп жүргенін көрсетеді. Қазір біз бұйымдарды бизнес орталықтарда таныстырып, әр аптаның жұма күні сынып сағаттарын өткізіп келеміз. Бірақ бұл мекемелерді жалға алып жұмыс істейміз. Сондықтан болашақта мемлекет тарапынан тегін шеберханалар мен шығармашылық кеңістіктер болса деген үмітіміз бар, — деді Салтанат Зұлқайдарқызы.
Отырыста ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғырту бағытындағы бастамалар қолдау тауып, бұл жұмыстарды одан әрі жүйелеу қажет екені айтылды. «Аталған ұсыныс құжаттық негізде әзірленіп, ЮНЕСКО-ның қарауына жіберіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар биылдан бастап жүйелі түрде іске асады», — делінді жиын соңында.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ