Сахнада – «Баянды бақ»

баянды бақ Мәдениет

ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы Атырау облысының мәдениет күндері елордадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында жалғасын тапты. Бұл жолы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы М.Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасын көрерменге ұсынды. Пьеса болған оқиға негізінде жазылған. Яғни, соғыс жылдары Ахыска түріктерімен бірге жер аударылған басты кейіпкер Жасминнің тағдыры баяндалады. Бұл рөлді сомдаған Ғазиза Бейсенова және басқа да әртістер өз өнерімен елордалық көпшіліктің зор қошеметіне бөленді.

баянды бақ

– Қазір қызмет бабымен Анкарада тұрамын. Бұл менің тұңғыш пьесам,- деді туынды авторы Мәлік Отарбаев.

Ғазиза БЕЙСЕНОВА,

Жасмин рөлін сомдаушы:

– Бұл спектакльді премьерадан кейін үшінші рет сахналап отырмыз. Мұнда күрделі ауысымдар, психологиялық иірімдер көп. Сондықтан, бұл рөлді алып шығу оңайға соқпады.

Гүлнар ӘУБЕКЕРОВА,

Әшіргүл рөлін сомдаушы:

– Біз  соғысты көрген жоқпыз. Бірақ, бұл спектакльде ана рөліне ену үшін біраз кітапты оқуға тура келді. Бала кезімнен соғыс кезіндегі ауыл әйелдерінің тағдыры баяндалған шығармаларды оқитын едім. Сондықтан, бұл дүние жаныма тым жақын болды.

Мұқанғали

ТОМАНОВ,

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері:

– Қойылымды дайындау барысында біраз қиындық кездесті.  Әсіресе, түрік сөздерін дайындағанда қиналдық. Бұл пьеса өң мен түске негізделген, яғни, екі бағытты да қамтып отырдық. Сондықтан, режиссерлік штрихтер жиі қолданылды.

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ,

Астана қалалық «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Спектакль маған өте ұнады. Әсіресе, режиссердің шешімін жоғары бағалауға болады. Пьеса өткен тарих жайлы болғанымен, режиссер қазіргі заманғы тілде жеткізуге тырысқан. Мұндай атмосфераны жеткізу үшін пьесаны ойша жаңартып қана қоймай, көркемдік жетекшімен тығыз байланыс орнату керек.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз