
«Қар қызы» драма-фэнтези жанрында сахналанбақ
Облыстық Жастар театры көрермен назарына ерекше туындыны ұсынғалы отыр. 11, 12 және 17 сәуір күндері театр сахнасында Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» пьесасы бойынша қойылған драма-фэнтези жанрындағы спектакльдің премьерасы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Режиссер Асылбек Бәделдің сөзінше, қойылымда қыстың қақ ортасында шөп іздеп шыққан үш жігіттің өмір мен өлім, үміт пен үсік арасындағы арпалысы, аңыз бен ақиқат араласқан әсерлі сәттері сахналанбақ.
– Оралхан Бөкейдің тілі де, тақырыптық аясы да терең. Біз бұл қойылым арқылы көрерменге қаhарлы қыстан бұрын ішкі ызғармен күресетін адам жанының күрделі пәлсапасын жеткізгіміз келді. Қар қызы — үміт пен тылсымның арасындағы шекара. Бұл туындыда шындық пен қиял астасып жатыр, — деді ол.
Басты рөлдердің бірін, яғни, Қар қызын сомдайтын әртіс Әйгерім Силықова да образдың күрделілігіне тоқталды.
– Қар қызы нақты кейіпкер емес. Ол — біреуге үміт, біреуге сағым, біреуге ажал. Осы рөлді сомдау мен үшін ішкі толғаныс пен ізденіске толы сапар болды. Көрермен әр көріністен өзіне бір жауап алып қайтады деп сенемін, — деді актриса.
Бұдан бөлек қойылымда Нұржан, Аманжан және Бақытжан есімді үш жігіттің тауда адасып, ажалмен бетпе-бет келуі, қарлы даланың ақырғы үмітіндей болып естілген Қар қызының сыңсыған әні көрсетіледі.
Театрдың көркемдік жетекшісі бұл туындының жастар үшін де, көрермен үшін де маңызы зор екенін жеткізді.
— Біз — жастармен жұмыс істейтін театрмыз. Бірақ бұл тек жастарға арналған қойылым емес. Бұл — адамзат жайлы, өмір жайлы спектакль. Қиындық пен үміт, табиғат пен адам арасындағы байланыс Оралхан Бөкейдің өзіне ғана тән стильмен беріледі. Біз сол көркемдікті жоғалтпай, сахна тіліне аударуға тырыстық, — деді М.Томанов.