Атырауда Қойшығұл Жылқышиевті еске алу кеші өтті

217bdde8 585b 4571 9412 abd2a80582da Жаңалықтар

Ақын, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиевтің туғанына 75 жыл толуына орай  “Туған жердің қызғышы” атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Туған жері, өскен ортасының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жан Қойшығұл Өмірұлын көл қорыған қызғышқа теңеген жұртшылық, ол туралы әдемі естеліктерін ерекше ықылас-толғаныспен айтты. 

Шара барысында мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтер қазақ өлеңіндегі өрнегі бөлек шайырдың туған жерге деген махаббатын, тілеулестігін,әрдайым ізгілікке, әділдікке жақтас болғанын әсерлене әңгімеледі. Және Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған “Дауылпаз” медалімен марапаттап, ұлы Ағатайдың төсіне тақты. 

   Қойшығұл Өмірұлы қазақ сатира театрларының атасы “Тамаша” ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі болғаны көпке аян. Бүгінгі әдеби кештің иесі туралы естеліктерімен оның үзеңгілес серігі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов та бөлісіп, бірге өткізген әсерлі де әдемі күндерден қалған келелі әңгімелерін көпшілікке кеңінен айтып, тарқатты. 

Ақынның қаламдас достары жазушылар Нұрдәулет Ақыш пен Жұмабай Шаштайұлы, ақын, драматург Ақылбек Шаяхметовтер де Қойшығұл Жылқышиевтің шығармашылығы мен адамдық болмысын баяндап, сағына еске алды. Ал, асылдың сынығы, ақынның ұлы Ағатай Қойшығұлұлы жұртшылыққа алғысын білдіріп, өлең оқыды. 

Қайраткер тұлғаның шығармаларын сағынған мұнайлы мекен жұртшылығы кеште әдемі әсерге бөленді. Махамбеттей өршіл рух пен нәзік лирикалық өлеңдердің авторы , ақын Қойшығұл Жылқышиевті еске алуға арналған”Туған жердің қызғышы” атты әдеби-сазды кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндері де көрерменнің жүрегінен жол тапты.

Айдарбек АҚАРЫС

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз