«Пернесінде сөйлейді ұлы дала»
Осындай тақырыпта Атырау қаласында ардагерлер арасындағы ұлттық аспапта орындаушылардың облыстық байқауы өтті.
Халқымыздың ұлттық аспаптарын меңгерудегі ардагерлердің шеберліктерін өскелең ұрпаққа жеткізу мен ұлттық музыканы құрметтеуді, өңірдегі ардагерлерден құрылған ансамбльдердің жұмысын жандандыруды, өзара тәжірибе алмасуына қолайлы жағдай жасауды мақсат еткен байқауды облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Өнер додасына Атырау қаласы мен аудандардан сегіз халық аспаптар ансамблі қатысты.
Бұлардың барлығы да тиісті талап деңгейінде өнер көрсетіп, қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланды. Солардың арасынан Жылыой ауданынан келген «Ұлағат» ансамблі лауреат атанды. Басқалары да өз өнерлеріне сай ұлығыланып, марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов киелі өнердің туын биік ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан көкірегі күмбірлеген күй мен әуелеген әнге, сырды сазға толы қазыналы қарттарға лайықты құрмет көрсетті. Өнер ұжымдарының жетекшілері мен қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан ризашылық білдіріп, алғыс хаттарын тапсырды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ