Жарнама
Мәдениет

ӨМІРІ ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН…

 

— Біз бүгін дарынды жазушы, шебер киноактер Сәтімжан Санбаевтың 75 жылдығын атап өтудеміз. Сәтімжан Хамзаұлы, шынында да, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Оның бір қыры – спорт, яғни өзі жан-жүрегімен қалаған еркін күрес болса, екінші қыры – жазушылық, үшінші қыры – актерлік, төртіншісі – аудармашылық… Осылайша жалғаса береді. Біз, әсіресе, Ұлы Абайдың қара сөздерін тұңғыш рет орыс тіліне аударған оның тамаша талантына тәнті  боламыз, әрі сүйсінеміз. Шығармашылық қыры сан алуан  үлкен талант иесінің өзіміздің ортадан, мұнайшылар ауылынан шыққанын мақтан тұтамыз. Оның есімін атыраулықтар ешқашан да ұмытпайды, ал шығармалары халық  жадында жаттала бермек.

Тебірене сөйлеген Шыңғыс Мұқан жерлес жазушының барлық шығармаларын жинақтап, халыққа ұсынатын уақыт та таяу деп, жиналғандарды бір қуантып тастады. Сосын барша атыраулықты осынау шараға  Астана  мен Алматыдан арнайы келген қадірменді де, сыйлы қонақтармен таныстырды. Олар – Сәтімжан Хамзаұлының жары Светлана Мәуленқызы, қыздары — Гүлжамал мен Алуа, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, Қазақтың Ұлттық Техникалық университетінің профессоры, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін салушылардың бірі Лұқпан Сыдықов, Еуразия университетінің профессоры, ғылым докторы Серік Негимов, «Казинвестспорт» мекемесінің басшысы Алмас Жұмабеков және «Нұр-медианың» бас директоры, балдызы Жанай Омаров.

Бұдан кейін облыс басшысының орынбасары сахна төріне Сәтімжан Хамзаұлының зайыбы мен қос қызын шақырып, оларға сый-сияпат жасады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан жазушының жарына әдемі де әсем зерленген камзол, үлкен гүл шоқтары табыс етілісімен Светлана Мәуленқызы сөз алып: «Мен Атырауға келін боламын. Сондықтан, осы отырған бәріңізге басымды иемін!» — деді. Туған жері ту етіп  көтеріп, оның 75 жылдық мерей жасын атап өтіп жатқаны, ерекше құрмет көрсетулері үшін өз отбасы мен бірге келген Сәтімжан Санбаевтың жора-жолдастары атынан Атырау облысы әкіміне алғыс айтты.         

Өткен  жолда белгі  көп

Айтқандай, театрдағы еске алу кешіне көрермен көп жиналды. Соның бірі – мектеп оқушысы Аружан. Ол менен «Сәтімжан Санбаев деген кім? Абай, Жамбыл, Ыбырай сияқты өлең жазатын ата ма?» деп сұрады. Аружан секілді қанша қазақ баласы Сәтімжан аталары жайлы білгісі келеді десеңізші. Олай болса, аздаған шегініс жасап, балғын оқырмандарымыз үшін Сәкең туралы қысқаша айтып өткеннің артықтығы бола қоймас.

Сәтімжан Санбаев 1939 жылдың 16 қыркүйегінде қазіргі Атырау облысының Мақат поселкесінде туған. Ол Орынбор ауыл шаруашылығы институтын, КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғары әдеби курсты тәмамдаған. Әр жылдары өз облысымыздың совхоздарында бас инженер, Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор, Балқаш кен-металлургия комбинатында инженер, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Невада-Семей» қозғалысында вице-президент, Ш.Айманов атындағы ұлттық кинокомпанияда бас редактор болып қызмет істеген.

Орысша оқып, шығармаларын орыс тілінде жазатын Сәтімжан Санбаевтың алғашқы повесі «И вечный бой», «Белая аруана» болды. Қаламгердің «Белая аруана», «Дорога только одна», «Аруана», «Колодцы знойных долин», «Времена года нашей жизни», «Когда жаждут мифа», «Медный колосс» секілді шығармалары қазақ тіліне, сондай-ақ, көптеген шетел тілдеріне сәтті аударылған. Ал, «Флакон одеколона» атты драмасы республика театрларының сахналарында табысты қойылып жүр.

Сәтімжан Хамзаұлының кино өнері саласындағы еңбегі де орасан зор. Айталық, ол «Ұшы-қиырсыз жол», «Той боларда», «Шоқан Уәлиханов», «Батыр Баян» көркем фильмдерінде басты рольдерде ойнаған. Ал, «Қыз Жібек», «Ыстықкөл қызғалдақтары» кинофильмдерін сәтті тәржімалаған. Өзі «Там, где горы белые», «Дом у соленого озера» кинофильмдерінің авторы. Сондай-ақ, Сәтімжан Хамзаұлы Абайдың қара сөздерін, М.Әуезовтің, С.Бегалиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Ысқақтың, тағы басқа қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған.

Сабырлы да сырбаз, салмақты да ұстамды, адамгершілігі мол қаламгер, аудармашы, киноактер Сәтімжан Санбаевтың еңбектері елеусіз де емес. Ол «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.   

Туған  жерге сағыныш…

Театр сахнасындағы экраннан Сәтімжан Санбаев Атырауға келген кезіндегі бір сұхбаты берілді. Жазушы өзінің шығармашылығы, кино өнеріндегі қызметі туралы әңгімелей келе: «Мен өзімді актер демеймін…» — деді. Осы бір ауыз сөзден ол кісінің қандай қарапайым азамат болғанын аңғару қиын емес-ті. Дәл осы түсірілімде қаламгерлер Қойшығұл Жылқышиев, Өтепберген Әлімгереевтер ақиық аға, талантты қаламгер жайлы жан сырларымен бөліседі. Осындай азаматтың жерлесі болғандарын мақтаныш етеді. «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмінен көрсетілген үзінділер де өз көрерменін бей-жай қалдырмайды.

…Ол Маңғыстау жерінен келген жетім бота, ақ бота. Маңғыстау жақтан жел тұрса болды — тыпыршып, боздап сала береді. Әлсін-әлсін еліне қашып, қожайынының берекесін алды. Үйге аптыға енген әйелі Мырзағалиға:

— Қанша айттым, осыны сатып жібер, болмаса біреуге беріп жібер деп. Өлсең де тыңдамайсың мені. Міне, тағы қашып кетті!.. — деп, дауыстай сөйлейді. Мұны естісімен төбесінен жай түскендей болған ері:

— Не дейд, тағы қашты ма?! Шіркін-ай, біздің жақты жерсінбейтін болды-ау, енді не істесем екен?.. Ана жолы Құлсарыдан жүз шақырым жерден зорға тауып едім… — деп, «қайран, аруаналап» отыра кетті…

Ақ аруана осылайша туған жерін сағынумен шерменде күй кешеді. Осы жерге келгелі өсіп-өніп, боталаса да, сол баяғы туған жерін бір көрсем, топырағын бір бассам деп аңсайтындай. Ақ аруана еліне қарай кезекті бір қашқанында өзін іздеп, ұстап алуға ниеттенген қожайынына қарамастан, құздан құлап өледі… Артында сары ботасы боздап қалады…

Бұл оқиға, бәрінен бұрын, Мырзағалиға оңай тимеді. Өйткені, өзінің бауырынан өнген баласы жоқ ол, ақ аруананы баласындай санаған-ды. Қайран, аруана!.. Хош бол!..

Иә, жануар екеш жануар да туған елі мен жерін сағынады, қайтсе де соған жету үшін тырмысып, талпынып бағады. Осы сюжет театр әртістердің күшімен сахнада сомдалғанда, жүрегі селт етпеген көрермен болмады. Ал, нақ осы шығарманың кинодағы «Ақ таулар арасында» атты фильмінде Мырзағалиды қазағымыздың талантты әртісі, марқұм Нұрмұхан Жантөрин ойнаған. 

Адамгершіліктің символы

Сәтімжан ағаның отбасында қандай адам болғанын білу ниетімен біз оның өмірлік қосағы Светлана Мәуленқызымен сұхбаттастық. «Мен ол кезде «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистенті болып жұмыс жасайтынмын, — деп бастады өз сөзін Светлана апа. — Сол 1967 жылы «Дорога в тысячу верст» киносы түсіріліп жатты. Адам тағдыры деген қызық қой, ойламаған жерден түрлі оқиғаға кезігесің. Біз осы кезде таныстық. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып, шаңырақ көтердік. Ол Алматыдан тым алыс жатқан Гурьевтің жігіті екен. Бір ұл, екі қызды болдық. Сәтімжан жұмысына қандай талапшыл болса, үйде де сондай тәртіптің адамы еді. Ойлайтыны шығармашылық жұмысы, туған жері болды. Еңбектерінде сол туған жердің қасиеттері, оның адамдары көрініс тапқан.

Ал, ұл-қызына адалдықтың, адамгершіліктің, ар-ұяттың символындай болды. Немерелерін жанындай жақсы көрді. Екеуміздің отасқанымызға қырық бес жыл толуына бір ай қалғанда өмірден өтіп кетті. Өкінішті… Білесіздер ме, ол өмір бойы туған жерін аңсады. Бұл өңір оны әркез қанаттандырды, жүрегіне шуақ құйды, шығармаларына арқау болды…»

Әңгімесінің соңында Светлана апа Сәтімжанды сыйлаған, аға тұтқан барлық іні-бауырларына ыстық сәлемін жолдады. Тарихи Сарайшықта, Атырау қаласында болған кездесулерде естіген жылы лебіздеріміз бізге сан жылдарға рухани азық болады, деді.

 

Тектінің  тұяғы

Еске алу кешіне жиналғандар алдында Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген қонақтар — Темірхан Медетбек, Серік Негимов, Лұқпан Сыдықовтар сөз алды. Сөйлеушілердің қай-қайсысы да бірге жүрген, дәмдес болған Сәкеңнің адами қырлары мен имандылығын, үлкен жүрегін, жазған шығармаларының терең мәнді болатынын баса айтты. Мәселен, ол Балқаш мыс қайнату зауытында инженер-конструктор болып қызмет істеп жүргенде үлкен өндірісті көзбен көрді. Артынша «Медный колосс» деген шығарма жазып, «Балқаш — Балқия деген қыздың есімінен шыққан» деген тұжырым жасайды. Ал, сол шығармадағы бас кейіпкер Жантас Ахметов – ол Дінмұхаммед Қонаев еді.

— …1965 жылы мен қазақ политехникалық институты қабырғасында оқып жүріп, Хамит Санбаев деген жігітпен таныстым, — деді өз сөзінде Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің профессоры, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін салушылардың бірі Лұқпан Сыдықов. — Сөйтсем, Хамит Сәтімжан ағамыздың туған інісі екен. Хамитпен жолдас болып, талай рет оның үйінде болдым, отбасы мүшелерімен таныстым. Талай рет осы шаңырақтың отанасы – Жәния апамыздың қолынан дәм таттым. Хамза әкеміз ұзақ жыл ағартушылық қызметте болған, мектеп ашқан, өмірден көрген-түйгені мол кісі-тұғын. Сол қызметтері үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Марқұм 96 жасқа дейін жасап, біраз қызық көріп кетті…

Бірде Хамза әкеміз маған өзінің басынан өткен мына оқиғаны айтып берді. Отызыншы жылдардың басы болса керек. Әкеміз елге оралса, әйелі мен төрт перзенті өртке оранып, қайтыс боп кетіпті. Сол жерде Хамза әкеміз жер жастанып қатты қайғырады, күңіренеді. Құса болады. Бір мезетте оның басынан біреу таяқпен қатты салып қалады. Басын көтеріп, көзін ашып қараса, ауылдағы ақсақ әжей екен. Ол: «Тұр орныңнан, қашанғы осылай жата бересің?! Көтер басыңды. Ақырының қайырын сұра!» — деп ұрса жөнеліпті. Есін жияр-жимастай болған Хамза әкеміз: «Ой, апа-ай, бәрінен бір күнде айырылып отырмын. Қайдағы қайыр?..» — депті екі көзі білеудей боп. Сонда да қоймаған әжей: «Құдайдан қайырын сұра деймін саған!» — деп, тағы да басынан таяқпен қойып қалады. Не керек, сол әжеміздің айтқаны болып, қайғылы оқиғаның қайырын беріпті жаратқан иеміз. Хамза әкей осы Жәния апамызбен бас қосып, сегіз бала сүйген. Сол балалардың тұңғышы — Сәтімжан ағамыз.

Иә, әкенің қаны, ананың сүті, тектілік, туған жердің қасиеті оны осындай дәрежеге жеткізді. Ағамыздың артында зайыбы, ұлы Ғалымжан, қыздары – Гүлжамал мен Алуа, немерелері, қалың оқырманы мен көрермені барда оның есімі ешқашан ескірмек емес. Осындай тамаша еске алу кешін ұйымдастырып жатқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке, оның орынбасары Шыңғыс Мұқанға, Жазушылар Одағы облыстық филиалы төрағасы Қойшығұл Жылқышиевке, барша атыраулық ағайынға алғыс айтамыз, — деді Лұқпан Сыдықов.

 

Өшпейтін өнеге

Кеште Атырау зиялылары атынан есімі әлемге танымал  жазушы Рахымжан Отарбаев сөз алды. Ол Сәтімжан ағамыздың ауыр қазасын естіген сәттегі көңілін жан тебірентерлік етіп әңгімелеп, залдағы көрерменнің жүрегін селт еткізді. «…Сәтімжан аға мінген көлік жолда бес аударылып барып тоқтады. Алдекем оны осылайша аунатып-аунатып, өзімізге жазушы етіп қайтарған екен ғой!» — дей келіп, облысты басқаруға келген талай әкім-қаралардың үй мен көпір салатынын, басқа да көкпен таласқан көзтартар ғимараттар тұрғызатынын айтты. «Егер сіздер халықтан шыққан зиялыларға ескерткіш орнатсаңыздар, онда мәңгі есте қалатын әкім боласыздар!» — деп, Сәтімжан аға рухына бас иді.

 

***

«…Абай сөзін көршілеске

 үйреттің,

Ұғымына келердей ғып

сөйлеттің.

Ажал, шіркін, мұны-дағы

көрместен,

Әл берместен өзіңді де

күйретті.

Міне, енді орны толмас

қазаңды,

Көтере алмай төмен салдық

назарды.

Топырағың торқа

болсын лайым,

Ала алмайды енді ешкім мазаңды…» — деп ақын жырлағандай, Сәтімжан аға барша атыраулықтың жүрегінде мәңгі қалады.

Театрда өткен еске алу кешінде жергілікті өнер иелері – Қ.Нұғмаров, Ж.Ермағамбетова, Н.Жүсіпова, М.Дәулетов, Ә.Әлиев және басқалары ән-күйден шашу шашып, көрермен қауымның зор ілтипатына бөленді. Театрдың фойесінде орналасқан көрнекті жазушы, киноактер Сәтімжан Санбаев өмірінің белестері туралы облыстық музей ұйымдастырған фотосуреттер көрмесі де келушілер жүрегіне жақсылық ұялатты.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан Алтыбаев,

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button