«ӨМІР ГҮЛІНІҢ» ӨНЕРІ
«Өмір гүлі» ансамблі өзінің бес жылдығын ерекше дайындықпен өткізді. Ансамбльдің қай мүшесі де – қалалық, облыстық, республикалық байқаулар жеңімпаздары, бірнеше мәрте лауреат атанған майталман өнерпаздар.
Кеште Құралай Атолла, Ерлан Жұмабаев, Ағерке Боран, Болат Құспанов, Смадияр Мырзағалиев, Альфия Тілекқабыл, Ринат Сиражев, Айшат Қадырбекова, Фарида Жұмағалиева, Маржан Артықова, Рустам Баязитов, Альбина Жұмиевалар орындаған әсем әндер мен бишілер билеген «Үнді биін», Кәмшат Уахитова орындаған «Ерке сылқым» күйін көрермендер сүйсіне тамашалады. Сондай-ақ, «Жаса» вокалды-аспапты ансамблі орындаған «Қайдасың», Бағытжан Қияқбаев салған «Белые розы», Берік Құсанов шырқаған «Группа крови» әндері көп көңілінен шығып жатты. Махамбеттік ақын қыз Әсемгүл Ғабдуллинаның монологы тыңдарманын бей-жай қалдырмады. Әсемгүлдің сыршыл лирикаға толы шығармасын оның жеңгесі Бағила Баркинова оқып берді.
Ұлдай Аманғалиева есімі атыраулыққа жақсы таныс. Ол — бүкілодақтық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақстанның үздік адамдары» атты энциклопедияға енген индерлік орындаушы. Жасы жетпістен асса да, қолынан қара домбырасын тастамаған апамыз жол-көлік апатына ұшырап, жүруі қиындапты. Соған қарамастан осынау салтанатқа келіп, «Сен аман бол, ұрпағым!» әнін орындап берді. Ол мүмкіндігі шектеулі болса да, өнерді жандарына серік етіп жүрген ұл-қыздарына, соларды демеп, рухани күш-қуат беріп жүрген ансамбльдің жетекшісі Тыныш Жакуповаға аналық ақ алғысын айтты.
Кеш соңында облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, облыс әкімі аппаратының мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісі Манап Абдрахимов мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін тамашалауға жиналған көрермендерге алғысын жеткізді. Расында да, көрерменнің өте көп жиналғаны соншалық, олардың біразы екі сағат бойы тізе бүкпестен концертке қол соғумен болды.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.