
Өнерге адал жас дарын
Өнерге адалдық таныту, әр қадамын шын жүрекпен жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі өнер саласында жарқырау үшін тек талант қана емес, табандылық пен жүрек батылдығы қажет. Осындай сынға төтеп беріп, өнердің ауыр жүгін абыроймен арқалап жүрген жастардың бірі – Дарын Әмірхан. Батыстың шағын ауылында туып-өскен ол бүгінде үлкен сахналарда жарқырап, өз есімін елге танытып үлгерді.

Дарын Дарханұлы 1997 жылы мамырды 23-інде Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Әжібай ауылында дүниеге келген. Дарынның балалық шағы ауыл тынысымен өрілді. Өнерге деген алғашқы ұшқын оның жүрегінде тым ерте тұтанған.
Он жасында отбасы Орал қаласына қоныс аударады. Мұнда ол Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясында оқып, әр мерекелік кештерде өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды. Мектепті тамамдаған соң арман жетелеген жас түлек Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің музыкалық-драма театр және кино актері мамандығына құжат тапсырады. 214 талапкердің ішінен 16 орынға ғана берілген мемлекеттік грантқа ие болуы – оның табиғи таланты мен табандылығының айғағы.
Өнерге деген махаббат пен сахнадағы еркіндік оған атасы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сердеш Қажымұратовтан дарыған. 2019 жылы университетті тамамдаған соң, 2020 жылы Польшадағы Катовице қаласында орналасқан Wyższa Szkoła Biznesu (WSB) академиясында магистратураға оқуға түседі. Бірақ жат елдегі өмір, жаңа орта оның жанын бір нәрседен алыстатып бара жатқанын аңғартты.
– Мен өзімді өнерден алыстап бара жатқандай сезіндім. Сахнаның иісі, шапалақтың үні, рөлге дайындықтағы күй, соның бәрі жетпеді. Сол себепті магистратурамды аяқтамай елге оралдым, — дейді ол.

Бұл сәтте Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Мұханғали Томанов жас актерді Атырауға шақырады. 2023 жылдан бастап Дарын Атырау сахнасында өнер көрсетіп келеді. Сол жылы Чапай Зулхаш атындағы республикалық фестивальде «Қош бол, Қараой» спектаклінде Нұрсұлтан бейнесін сомдап, Гран-При жүлдесін иеленеді. Сондай-ақ, Атырау тарихында тұңғыш рет сахналанған «Еділ мен Жайық» мюзиклінде басты рөлді ойнап, көрермен жүрегін жаулайды.
Бүгінде Дарын Әмірхан – Атырау облыстық Жастар театрының белді актеры. Өнерге деген адалдығы мен сахнадағы шынайылығы оның басты ерекшелігі.
– Мен үшін сахна – тек жұмыс орны емес, ол – менің өмірімнің мәні. Сахнасыз мен өзімді толық сезіне алмаймын, — дейді жас талант.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ