Жарнама
Мәдениет

Өнер мен өмір тоғысқан театр

Әр дәуірдің рухани айнасы болған театр – бүгінгі жас буын үшін де өнердің құдіретін сезіндіріп, арманға қанат бітіретін ерекше әлем. Сол әлемді Атыраудағы Жастар театры өз өнерімен айшықтап, аз ғана уақыт ішінде көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді. Театр сахнасында жасындай жарқырап жүрген өнерпаздар – қазақ өнерінің болашағына сенім сыйлайтын жаңа толқын. Олардың әрқайсысының сахнаға келу жолы бөлек болғанымен, ортақ мақсаты – көрерменге шынайы сезім, адал өнер сыйлау. Сахнадағы әрбір образ арқылы жан дүниесін ашып, өнердің қиындығы мен қуанышын қатар сезінген жас актерлердің шығармашылық жолы – кейінгі буынға да үлгі болары сөзсіз.

img 1405

Өнердегі ең үлкен рөл – адалдық
Атырау Жастар театрының жас актері Сәкен Шынтеміров өнерге кездейсоқ келген жоқ. Бала кезден бойында өнерге деген қызығушылығы оянғанымен, кәсіби сахнаға шығамын деп ойламаған. Дегенмен, ол қызығушылық уақыт өте келе өмірлік құндылығына айналып, сахна төріне алып шықты.
Актердің алғашқы қадамы 2016 жылға тұспа-тұс келді. Сол кезде Жастар театрының негізін қалаушылар Әміржан Нұрланұлы мен Гүлнұр Саясатқызының шақыртуымен сахнаға бет бұрған ол, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас режиссері Жанат Телтаевтың көзіне түсіп, бірден басты рөлге ұсынылады. Жас актер қазақ халқының батыры Амангелді Иманов бейнесін сомдап, өнерге деген жолын нақтылай түсті.
Он жылдан астам уақыт ішінде сахнада талай образды сомдаған Сәкеннің жанына ең жақыны – «Жан пида» драмасындағы Бостонның бейнесі. Бұл рөл актердің ішкі дүниесіне жақын болып, көрерменнің ыстық ықыласын алып келді.

img 1406

Әртістің репертуарында шетелдік классиктердің де рөлі бар. Соның бірі – У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясындағы Кент. Кейіпкердің достыққа адалдығы мен шынайылығы актер үшін сахналық жауапкершіліктің мәнін сезінуге үлкен мектеп болды.
Сахналық дайындықта ол қатты жаттығулардан гөрі, рөліне жақын жанрдағы фильмдерді тамашалап, жалғыз дайындалғанды жөн көреді. Дегенмен, сахнадағы тосын жағдайлар да айналып өтпейді.
– Кейде сөзді ұмытып қалған сәттерім болды. Сондайда қасымдағы әріптесім сыбырлап жіберіп, рөлдің үзілмеуіне себепкер болатын, — деп еске алады актер күлімсіреп.
Жас актер үшін театр – ұжымдық еңбектің, сыйластық пен бәсекелестік арқылы өсу алаңы. Оның айтуынша, әрбір көрермен театрдан өз сұрағына жауап іздеп келеді, ал Атырау жастарының өнерге деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді.
Қазақ батырларының, соның ішінде Махамбеттің бейнесін сахнаға шығаруды армандайтын Сәкен бүгінде кино саласында да бой көрсетіп жүр. Театр мен кинодағы айырмашылыққа тоқтала отырып «Кинода бірнеше дубль бар, ал театрда бәрі бір сәтте шешіледі», — дейді Сәкен Жұмабайұлы.
Өнерге адалдығын өмірлік ұстанымына айналдырған актер болашағына сеніммен қарайды. Ол өзін алдағы жылдары кемеліне келген сахна шебері ретінде көргісі келеді. Ал Атырау Жастар театрын әлемдік деңгейдегі мәдениет ошағына айналады деп сенеді.

Әйгерімнің әлемі

img 1400

Атырау Жастар театры қысқа уақыт ішінде кәсібилігімен танылып, көрермен жүрегін жаулап үлгерді. Бұл жетістік, әрине, актерлердің еңбегі мен адалдығының жемісі. Театрдың жас та дарынды актрисасы Әйгерім Силықова – сол ұжымның рухын көтеріп жүрген өнерпаздардың бірі.
Сахнаға алғаш қадам басқан әрбір актердің жүрегінде ерекше сезім, қобалжу болады. Атырау Жастар театрының актрисасы Әйгерім Силықова үшін де сол сәт ұмытылмас естелікке айналған. Спектакль біткен соң көрерменнің қошеметінен әсерленіп, көзіне жас алған ол: «Көрерменнің қошеметінен асқан бақытты сезім жоқ», — дейді.
Әйгерімнің театрға деген сүйіспеншілігі бала кезден бастау алған. Әуелде әнші болуды армандағанымен, тағдыр оны сахнаға алып келді. Жетінші сыныпта театр қойылымын көргеннен кейін-ақ ол болашақтағы арманын анық сезінген. Бүгінде сол бала арман Атырау Жастар театрында шындыққа айналған.
Актриса үшін әрбір рөлдің орны бөлек. Бұрын кейіпкерлерін бөліп қараса, қазір әрбір образын жүрегімен қабылдап, бәрін ыстық көреді. Әсіресе, күрделі драмалық рөлдерге дайындыққа бірнеше күн бұрын кірісіп, кейіпкерімен іштей байланысатын көрінеді. Оның айтуынша, сахнадағы ең қиыны – комедия. Көрерменді күлдірудің өзі үлкен шеберлікті талап етеді.
Сахнада күтпеген жайттар да жиі кездеседі. Бір қойылым кезінде қолын жарақаттап алғанын да еске алды. Қызығы, актер спектакль үстінде ауырсынуды сезбейді, барлығы қойылым аяқталған соң ғана білінеді. Бұл – сахна өнерінің құдіреті.
Әйгерім Силықованың көзқарасы жылдар өте өзгерген. Әрбір рөлін сезімталдықпен қабылдап, өз кейіпкерлері туралы толғаныспен еске түсіреді. Ол үшін актердің кәсібилігі – өз болмысына жақын кейіпкерлерді өзіне ұқсатпай сомдау.
Атырау Жастар театры қысқа мерзім ішінде кәсібилігімен танылып, халықаралық деңгейде жүлделі орындар иеленіп жүр. Көрермен театрды жастық жалын мен ерекше стилі үшін бағаласа, кәсіби қауым оның біліктілігіне тәнті. Әйгерім мұны ұжымның ауызбірлігі мен адалдығымен байланыстырады.
Қазіргі таңда актриса тек сахнада ғана емес, труппа меңгерушісі ретінде де театр өміріне белсенді араласады. Әріптестеріне рух беріп, бір мақсат жолында еңбек етуді өзінің басты ұстанымы деп біледі.
Киноға да қызығушылық танытқанымен, әлі де болса өзін театр өнерінде шыңдағысы келеді. «Киноға түсу ешқашан кеш емес, ал театрда актердің нағыз мойындалатын шағы бар», — дейді Әйгерім Хисметоллақызы.
Әйгерім Силықованың басты арманы – қазақ және шетел классикасындағы сан алуан кейіпкерлерді сахнада шынайы сомдап, үнемі жаңа қырынан көріну. Ол үшін театр – шексіз биіктерге жетелейтін әлем.

Өз орнын тапқан актер

img 1401


Атырау Жастар театры бүгінде жас буынның өнер ордасына айналып отыр. Театрдың қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі биігіне дейін бірге жеткен жас актерлердің бірі – Жасұлан Қайыров. Оның сахнаға келу жолы тосыннан басталып, тағдырын түбегейлі өзгерткен.
Жас актерді алғаш театрға актер Қуанышбек Хайруллин шақырып, кастингке қатысуға шақырады. Тыңдалымға келген сәтінде-ақ ол Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының бас режиссері Жанат Телтаевпен жолығады. Алғашқы «читкадан» кейін-ақ сахнаға деген шынайы махаббаты оянып, өнерге біржола бет бұрады.
Алғашқы үлкен рөлі – «Сардарбектің өлімі» спектакліндегі Соқыр ата бейнесі болды. Бірден басты образға қадам басу жас актер үшін үлкен жауапкершілік еді. Қобалжудан басталған сезім уақыт өте сенім мен шабытқа ұласқанын ол әлі күнге дейін ерекше ықыласпен еске алады.
Жасұланның сахналық ізденістерінде қазақ руханиятының көрнекті тұлғаларына арналған образдар ерекше орын алады. Ол «Еділ мен Жайық» спектаклінде Шәмші Қалдаяқов бейнесін сомдаса, көп ұзамай Илья Жақанов рөлін де сомдады. Бұл тұлғалардың нәзік болмысы мен парасатты мінезін жеткізу актерлік тәжірибесін жаңа деңгейге көтерген.
Театрдағы шығармашылық жолында ол бірқатар қызық әрі күрделі сәттерді бастан өткерді. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» спектаклінде Базарбай рөлін ойнағанда сахнадағы сәтсіз жағдайдың салдарынан жарақат алған кезі де болған. «Сол оқиға әріптестер арасындағы шынайы командалық рухтың мәнін тереңірек ұқтырды», — дейді актер.

img 1402


Жасұланның шынайы мінезіне ең жақын бейнелердің бірі – «Аладдин» қойылымындағы басты рөл. Арманына адал, еркіндікті сүйетін, әділеттікті қорғаушы кейіпкер актердің өз болмысымен үндесіп кеткен.
Соңғы жылдары ол тек актер ретінде емес, режиссер көмекшісі ретінде де еңбек етіп жүр. Бұл тәжірибе оған сахнаның сыртқы үдерістерін түсінуге, ұжымдық жұмыстың маңызын тереңірек сезінуге жол ашқан. Асхат Маемиров пен Гаухар Адай сынды белгілі режиссерлермен бірге жұмыс істеп, олардың сахна тіліне деген көзқарасынан мол тәжірибе жинаған.
Атырау Жастар театры бүгінгі таңда жаңашыл идеяларымен ерекшеленіп келеді. «Жастар театры – еркіндік пен ізденістің ордасы. Біз шынайылыққа ұмтыламыз, сахнада ойнамай, өмір сүруге тырысамыз. Көрермен жалғандықты бірден сезеді», — дейді Жасұлан Тұрғалиұлы.
Алдағы уақытта ол Жүсіпбек Аймауытовтың «Қаракөз» пьесасындағы Сырым мен Нарша бейнелерін, сондай-ақ әлемдік классикадағы Квазимодо мен Ромео рөлдерін сахнаға шығаруды армандайды.
– 2019 жылы Өнер академиясында оқу жүргенімде ұстазым Жалынбек Ахан «Сен Төлегенді ойнайтын жігітсің» деген еді. Бұл сөз мені әлі күнге дейін алға жетелейді, — дейді актер.
Жасұлан Қайыров өнердің болашағын жастармен байланыстырады. «Театрдың ертеңі – жас буында. Болашақта тек актер ретінде емес, шәкірт тәрбиелеп, тәжірибемді жас таланттарға жеткізуді армандаймын», — дейді ол.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button