Нұр-Сұлтанда Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың көшпелі көрмесі ашылды (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда, ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
🔻 Ұлтымыздан шыққан тұңғыш ұшқыш қаһарман қызының қан майдандағы ерлігі мен өмір деректерінен сыр шертетін көрменің тұсаукесер шарасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштері Бас қолбасшысы бастығының орынбасары міндетін атқарушы, полковник Серғали Әлімқұлов, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегеновтер алғашқы болып сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз – Хиуаз Доспанова туралы тағылымды пікірлерін айта келе, мұнайлы өңірден шыққан өзге де қаһармандардың ерен ерліктеріне тоқталды. Олардың есімі халық жадында мәңгілік сақталатынын жеткізді.
✈ Осыдан соң көпшілікке қазақтың батыр қызы туралы бейнефильм көрсетіліп, келесі кезекте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, авиация генерал-майоры Мұхамеджан Ибраев, Ақмола облысы Целиноград ауданының «Ардагерлер кеңесі» ұйымының төрағасы Болат Темірбаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, авиация генерал-майоры Алсай Жұмановтар өздерінің сүбелі ойлары мен ақжарма тілектерін білдірді.
✔ Жұртшылық назарына қойылған көрменің маңызы мен құндылығын түсіндірген Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева көрмені ұйымдастыруға атсалысып отырған ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейі ұжымына ризашылығын білдірді. Шарада сондай-ақ, қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Шәкуұлы сөз алып, анасының атын ардақтап отырған қазақ еліне батырдың ұрпақтары атынан алғысын айтты.
Көшпелі көрме ашылуының тұсаукесер лентасын қию құрметі ҚР ҚК құрметті ардагері, авиация генерал-майоры Жұманов Алсай Төлеуұлы мен ҰОС ардагері Нұрқасым Әжітайұлына берілді.
️🔹️Майдан алаңында қайталанбас ерлік жасаған батырларымыздың есімдерін насихаттауды көздеген шараға бір топ соғыс ардагерлері, қоғам қайраткері Ирак Елекеев, Мәжіліс депутаттары Серік Ерубаев, Сәлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаевтар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, Хиуаз Доспанованың тұлғалық бейнесін зерттеуші, журналист Тұрсын Қалимова, Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің қызметкерлері қатысты.
🛩 Елорда тұрғындары мен қонақтары 27 сәуір — 2 мамыр аралығында тамашалайтын аталмыш көрмеде негізінен неміс басқыншыларымен соғысқан сұрапыл жылдары көкте қырандай қалықтап, жаумен шайқаста әуеге 300-ден астам мәрте көтерілген штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі насихатталып, оның қайсарлық пен төзімге толы өмір жолынан толымды мәліметтер берілді. Арнайы жасалған экспозициялық қабырғаларда «Қанатты қыздың» жеке және отбасы мүшелерімен, тума-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майдан хаттары, еңбек еткен жылдарында иеленген марапат қағаздары көрермен назарына ұсынылды. Осымен қоса, жазушы Әбу Сәрсенбаевтың батыр қызға жазған үшбу хаты мен қаһарман тұлға туралы жазылған мақалалар топтамасы ілініп, қазақтың қайсар қызы қан майданда пайдаланған құрылғылар мен бейбіт өмірде тұтынған жеке заттары көрініске қойылды.
🔹️ Аталмыш көрмеде сондай-ақ, неміс-фашист басқыншыларымен болған күресте ерлік көрсеткен мұнайлы өңірдің перзенттері, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Иван Махориндер және «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Сақып Қызылов, Гаврийл Шаминдер туралы деректер берілді. Тағы бір экспозицияда «Шығыстың қос жұлдызы» Әлия Молдағулова, Маншук Маметова жөнінде мәліметтер және олардың мектеп, майдан кезіндегі суреттері қойылды. Сонымен бірге, соғыс жылдары Атырау өңірінде майданға пулемет, миномет, атқыштар взводы командирлерін дайындап жіберіп отырған Гурьев жаяу әскер училищесі мен сын сағатта үздіксіз қызмет еткен әскери госпиталь туралы тарихи деректер мен фотосуреттер, Ұлы Жеңіс шеруіне қатынасушы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тұлғалық бейнелерін айшықтайтын мәліметтер ұсынылды.
✳ Көрермендер көрмеден соғыс жылдары пайдаланылған әскери киімдер, жауынгер құралдары мен майдан шебінде қолданыста болған радио, телефон, тылдан жіберілген қолғап-шұлықтар үлгілерін т.б. заттай бұйымдарды тамашалай алды.
«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі»