«Наурыз мерекелі, жыл берекелі!»
Ақжар ауылдық мәдениет үйінің ауыл халқына арналған іс-шара осылай деп аталды.
Мерекелік жиынның жоғары деңгейде өтуіне ауыл тұрғындары да үлес қосып, ұлттық ойын сайыстарына белсенді қатысты. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер мерекенің көркін қыздырды. Әсіресе, өнерпаздар Ә.Жәрдемов орындаған «Тойбастар» әні, А.Абай шырқаған «Наурыз» әні және басқаларының өнерлері көптің қошеметіне бөленді. Қайыршақты ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Мұрат Мыңбайұлы қандай шарада да ауыл халқының белсенділігі, ынтымағы жоғары екенін атап өтті.
-Жыл сайын Наурыз мерекесін ұйымшылдықпен думандатамыз. Қазақша Жаңа жылымыз бәрімізге де жақсылық әкелсін, еліміз тыныш болсын! Ұлыстың Ұлы күніндегі тілек-бата қабыл болғай! Бүгін жастарға берер тәрбиелік мағынасы бар шара өтуде, ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмасын! Елдегі ынтымақ, бірлік нығая берсін, — деді бас маман.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА