«Мұраттан Табылдыға дейін…»

pvapv 1 Жаңалықтар

Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Қарт Дендер басынан небір замананы өткерген – қасиетті өлке. Жау тұяғында тапталып, жат назарына суарылған қасіретті кезеңдерге де, мейманасы тасып, айдарынан жел ескен салтанатты сәттерге де, ақын боп туған ұлының әділетсіздіктен тауы шағылған тасмаңдай күндерге де, батыр боп туған ұлының ақ найзасын ата дұшпанның жонына бойлатқан айбарлы шақтарға да армансыз куә болды бұл мекен…

«Өткен күнде белгі жоқ» дейді баба қазақ… Неге болмасын?! Бар ғой… Жады зерек ұланының аузымен ғасырлардан ғасырларға көшіп, жыр тілінде жетті ғой… Маң далада мелшиген тас мүсіндер мен топырағын күн мен жел мүжіген қарт обалардың жансыз бейнесінде қалды ғой… Ана Жайықтың асау толқындары мен құм Нарынның нар шөккен шағылдарында жасырынды ғой… Ақиқатына жеткен кім бар?..

Тарихына өктем күштер зорлық көрсеткен, аяусыз бұрмаланған біздей халық бар ма екен мына дүниеде?.. Бұл Дендерді арғысы қайғысы қалың Асан биден кешегі жыраудың соңы Табылдыға дейін тебірене жырға қосты… Осынау ұлылар керуенінің салтанатты шеруі туралы білсе, тарих білер… Кейінгі келешегіңнің санасына жеткізер қандай күштер бар?..

Кеше дәуірінің тамыршысындай болған даңқты жырау, ақпа ақын, жыр сүлейі Мұрат Мөңкеұлы мен қазақтың тұңғыш барды һәм дауылпаз рухты жыраулар көшінің соңғы тұяғы Табылды Досымовқа еңселі ескерткіш орнатылды Дендерде. Алыптар айдарынан жел есіп, рухтары аспанға шапшып, сонысымен артында қалған қаймана қазақ, қарагөз ұрпағын айбаттандырып кетті. Бұл рас сөз…

Қос ескерткіштің үстіне жабылған ақ жабынды сыпырылған сәтте тас тұғырға жан біткендей ғажайып толқын жүгіріп өтті. Сол жерге қатысқан көп халықтың ішінде санасы саңылаусыз соқыр біреу болмаса, кеудесінде жаны, миында түйсігі бардың бәрі сезді бұл дірілді, бұл дүбірді… Сөйлейтін сөзге шешенмін, Қынапты қара қылышпын, Салып кетсем, кесермін. Сұр жорға аттың сүргіні, Ақ төстері ақиып, Қараша қайтар күз күні, Қызыл тілім қырмызы Уақыт келсе Алладан, Алып кетер бір күні, -деп, Құдайға ғана бас ұрар асқақтықпен түйдектете толғаған Мұрат жырау талай алқалы топтың алдында азуын айға білеген шығар-ау…

Ал, кеше ол қаумалаған қалың елдің алдында биіктігі 7 метр қоладан құйылған алып ескерткіш болып түрегелді. Мүсінші авторы Құттыбек Ж а қ ы п т ы ң а в т о р л ы қ қолтаңбасы анық көрінген ақын мүсіні қолына домбырасын ұстаған қалпы асау желге, бәлкім заманаға қарсы қасқия қараған қалпы жанды баурады. Ескерткіш басына жиылған қалың ағайынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов «Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлын танымайтын қазақ жоқ. Өзінің рухқа толы өлеңдерімен халық жадында мәңгілікке сақталды.

Бүгінгі біздердің міндетіміз – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Бүгін Индербор кентінде Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовқа арналған ескерткіш бой көтерді. Ашылғалы тұрған екі ескерткіш құтты болсын!» деп тебірене құттықтады.

«Аузы түкті гәуірдің, Басы шошақ қалмақтың» қанын судай шашқан қаһарман ұлдардың қайсар шежірешісі Мөңкенің ұлы Мұрат ақын ескерткішін ашу құрметіне ие болған белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов те алыптарын ардақтаған Атырау, Индер жұртшылығына «Халқының басынан кешірген қиындығын дастандарына арқау еткен Мұрат ақын ХІХ ғасыр жыраулар поэзиясының биігінде тұр.

Ол болашақты болжаған ақын. Бүгін исі қазаққа ортақ осы алыпқа Атыраудың Дендері, ақынның мәңгілік мекені ескерткіш тұрғызды. Ел-жұртқа құтты болсын айтамын» деп айрықша жылы лебіз білдірді. Мұраттың асқақ мүсініне тамсана қараған ағайын санаулы минуттардан соң қол созым жерде орналасқан Табылды ескерткішін ашуға асыға адымдады.

ХІХ ғасырдың дауылпаз жырауы есте жоқ ескі күндерге телмірткендей биік тұғырдан мойын создыра қаратса, Табылды ақынға орнатылған ескерткіш арасынан күні кеше кеткен ардақты перзенттің ауылына әлдебір алыс сапардан оралғанындай соншалықты жылы, соншалықты жақын көрінді көзге.

Дендердің тар көшелеріне сыймай теңселе басып шер толғаған қайран Табылды «туған жер деген түрмеге» мәңгі қамалған сонау бір мұңлы сағынышты шақтарындай ойлы қалпында нардай тұлғасы жарықтық қара жерді нығыздай басқан қалпында, өзіне ғана тән маңғаздықпен һәм аңсар арманды көзқарасын алысқа қадаған күйі тұр екен.

Биіктігі 2 метр 60 см болатын ескерткіш таза қоладан құйылып жасалған, Табылды ақынның 45 жасында өтуін білдіретін 4,5 метрлік гранит тасқа өлеңдері жазылған, бұл ескерткіштің авторы
– Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжанов. Жиылған жұртшылыққа «ұйықтап кетіп оянбай қалған» қайран Табылды ғайыптан көзін ашқандай, орнынан еңсеріле көтерілгендей әсер қалдырды.

Ескерткіштің желегін ақынның өмірлік достары Индерлік азамат Талғат Досанов пен курстасы, белгілі журналист Арман Сқабылұлы сыпырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары ашып берген жиында сөз алған арқалы ақын, Махамбет сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан жалпы жұртты егілтті. Орақ тілді, от ауызды шайырдың өз сөзімен айтсақ, «Махамбеттің басын кескен күні дүниеге Мұрат келді, Насихат Сүгірұлын жүректен атқан күні дүниеге Нұралы келді.

Қасиетті ханымыз Кенесары Сарыарқадан ауған күні дүниеге Құнанбайдың Абайы келген. Сондай бір заңдылық бар. Біз алыптарды туамыз, өлсе жоқтаймыз, жоқтай аламыз, бірақ, сақтай алмаймыз. Табылды ұйқысынан оянбай қалған күні осы қасиетті топырақта тағы бір алаштың арланы дүниеге келгеніне күмәнім жоқ. Сол баланы сақтайықшы!..» Табылды досына арнап шерлі жыр төккен Светқали шайырдың сөзі қалың елдің санасын сілкіндірді. Ақынын сағынғанын елі анық түйсінді.

snimok 3

Ал, ескерткіш жанындағы алаңқайда Табылдының бір топ ізбасарлары «Биіктікті» шабыттана шырқап тұрды. Ескерткіштердің ашылу рәсімі орындалғаннан кейін Мәдениет сарайында «Ұлылық үндескен күн: Мұраттан Табылдыға дейін» атты мерекелік концерт өтті. Шараның бірінші бөлімінде жұртшылық қос ақынның рухына, қарт Дендердің тарихына арналған әдеби-музыкалық- тарихи композицияны тамашалады.

Мұрат жыраудың аузымен қалың елдің көз алдына Асан баба, Қазтуған, Жиембет, Орақ, Мамай, Телағыс, Малайсары , Махамбеттер өре түрегелгендей болды. Қуатты саз, ғасырлардан жеткен үн мәдениет сарайының ішінде «Еділдің бойы – елді қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян» деп қайталай күңіреніп тұрды. Сәлден соң сахнаға кеңестік кезеңнің келесі құрбаны Нарынның серісі Аманғали айбат шеге көтеріліп, өзінің әйгілі әнін шырқады.

Осынау алыптар шоғырының артынан азаттықтың рухты самалы есті де, артына қалың нөкерін ерткен Табылды ақын келді. «Мен кеттім!»
деп жалт бұрылған ерлердің соңынан «Біз келдік!» деп асқақтаған ақынның айбынды жырлары тарихи шежіреден сыр шертті. Сахнаға Табылдымен бірге ондаған гитара ұстай көтерілген әнші жігіттердің барлығы да осы Дендер топырағында туып өсті.

«Талант – топырағынан» дегендей қазіргі күндері Табылдының туындыларын шебер орындаушылардың, жеті ішекті аспапты шебер меңгергендердің дені Дендерден шығуы Табылды мектебінің қалыптасқанының айқын айғағы екенін айта кету керек. Сол мектеп келер күндерге де ақын үнін жеткізетініне сенесің, көңіл қуанады. Ұрпақ сабақтастығы деген сол шығар бәлкім…

Заманында Махамбеттің жойқын жырларының шашауын шығармай кейінге аманаттаған Мөңкенің Мұраты болса, Табылды мұрасының да нағыз жанашырлары өзі туған өлкеде қаптай өсіп келеді екен. Әсерлі композицияны сахналаған М а х а м б е т а т ы н д а ғ ы академиялық қазақ драма театры әртістерінің шеберлігіне дендерлік көрермен әбден тәнті болды.

Мұрат пен Табылды туындылары алма-кезек шырқалған кештің келесі бөлімінде дәстүрлі ән өнерінің шебері Сәуле Жанпейісова, әнші- сазгер Елена Әбділхалықова, маңғыстаулық Есенбай Құли, Асхат Әмірғалиев, Жанаргүл Сәркенова, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері, «Әсем әуен» дәстүрлі әншілер ансамблі (жетекшісі Г.Сариева) және Табылдының тұяғы Абыл Аяш өнер көрсетті.

Ғасырлар сазы мен келешектің үміті егіз өрілген кеште шараның арнайы қонақтары Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Табылдының досы Арман Сқабылұлы, республикалық Т.Досымов атындағы қордың төрағасы Бижан Қалмағамбетовтер естеліктер айтты. Ұлыларын ардақтаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа, аудан әкімі Мейірім Қалауиға ақтарыла алғыс айтты.

Бұл жиынға алысжақыннан зиялы қауым өкілдері ұлы Мұрат рухына, жан қиыспас Табылды дос рухына арнайы ат терлетіп келді. Табылдының жастық шағының ізі қалған ару Алматыдан, Нұр-сұлтаннан, әулиелі Маңғыстаудан, Ақтөбеден, Орал өңірінен арнайы ат терлете жетті. Соңғы жылдары айрықша жаңғыруды басынан кешіріп отырған аудан халқы аталмыш шарадан қанаттанып шықты.

Р.S.

Дендер… Қашанғы Дендер бұл?.. Есте жоқ ескі күндерде Жайық кешіп кеткен жұрт, тағдыр кешіп өткен жұрт «Таскешу» көпірін салдырған, Жиембеттің арзу жырына арқау болған, маңғаз Махамның жазықсыз қаны төгілген, әулие Мұраттың жамбасы тиген Дендер ғой бұл…

Нарынның нар шөккен шағылдарында Аманғалиі мен Қисасының асқақ әні қалған Дендер ғой бұл… Матросовтың ерлігін одан 17 күн бұрын жасап, отқа оранған Боранның жалаңаяқ бала күні өткен Дендер ғой бұл… Тар көшелерінде қайран Табылды теңселе басып шер толғаған Дендер ғой бұл… Шыр етіп дүниеге келетін ұлының бірі гитара, бірі қылқалам ұстап туатын ғажайып Дендер ғой бұл…

Тағы басқа толып жатқан дарынды ұлдың жөргегін жуған Жайық-анамыз, бір шеті құм суырған қоңыр жазық, бір шеті қатпарқатпар тау-төбелі табиғаты қарамақайшылыққа толы Дендер ғой бұл… Қойнауында Менделеев кестесіндегі э л е м е н т а т а у л ы н ы ң т ү г е л г е жуығын жасырып, атылуын күтіп жатқан жанартау Дендер ғой бұл…

Асаулар мен жайсаңдардың атақоныс бақ мекені қарт Дендер! Тұғырына қонған қос қыраныңның рухы қолдасын! Даңқың ғасырларға ауыссын!

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

Индер ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз