Жарнама
Мәдениет

НАРЫННАН КҮЙ КЕЛЕДІ КҮМБІРЛЕГЕН…

Барлық салада өсім бар

Тұрарбек Ғайнеденұлы, мұнай өндірісімен   ежелден мал шаруашылығы қатар дамыған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай жаңалықтар бар?

— Өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар. Ауданда мұнай өндіру, төрт түлік мал басының өсімі, негізгі қорға жұмсалған инвестициялар мен тұрғын үй пайдалануға беру көлемі алдыңғы жылдағымен салыстырғандағыдан едәуір артық. Былтыр салық және бюджет саласы бойынша 1,6 млрд. теңгенің салықтары мен алымдарының түсуі қамтамасыз етілді. Барлық меншік түрлері бойынша бес жарым мың тонна ет, төрт жарым мың тоннадай сүт өндірілді. Шаруа қожалықтарына асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алу және селекциялық жұмыстар үшін 44,1 млн. теңге субсидия төленді. Ресейден, Батыс Қазақстан облысынан бес шаруа қожалығы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдарын сатып алды. Ауданда «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша қой және жылқы сатып алғаны үшін «Агронесиекорпорациясы» арқылы 77 млн. теңгенің несиесі игерілді. 

Теңізден балық аулау басталды

— Ауданда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған қандай игілікті істер бар?

 -1956 жылға дейін бізде Каспий теңізі жағалауынан балық аулайтын колхоздардың болғаны белгілі. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, жарты ғасырдан соң балық кәсіпшілігі қайта оралды. Соңғы үш-төрт жылда Ракуша, Жамбыл өндірістік кооперативтері Жанбай және Забурын селолық округтерінің теңіз жағалауы аймақтарынан балық ауласа, өткен жылдан бастап Амангелді өндірістік кооперативі, «Тілекші» ЖШС, «Хазар» ЖК теңізден балық аулауға көшті. Аталған ауылдарда ауланған «су маржандарын» алғашқы өңдеу цехтары ашылды. Өткен жылы 200-ден астам жергілікті ауыл тұрғыны маусымдық жұмысқа тартылды.

Біз табиғаттың осы ырысын тиімді пайдалана отырып, балықты аулап қана қоймау керек, оны өңдеуге көшу арқылы нарыққа балық тағамдарын шығаруды іске асыруды көздеп отырмыз. Яғни, балық аулаушы құрылымдардың балықты тұздап кептіру, құтыларға салып, шығару цехтарын ашу, балық өнімдерін сататын сауда нүктелерін ашу жоспарларын сөзбұйдаға салмай, іске асыруын бақылауда ұстаймыз. 

Әлеуметтік саланың әлеуеті

— Әңгіменің төркінін әлеуметтік салаға қарай бұрсақ, елді мекендер халқын таза ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй, жол салу жайы қалай жүзеге асырылуда?

Былтыр «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, атап айтқанда, Аққыстау, Жанбай, Нарын, Исатай селолары, Томан елді мекені және Зинеден ауылында селоішілік су құбырлар желісі тартылып, су тазарту қондырғылары қайта жаңғыртылды. Облыс әкімінің тікелей араласуымен көптен бері шешімін таппай келген Томанға табиғи газ тарту мәселесі шешілді, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде Аққыстауда бір пәтерлік он үйдің құрылысы аяқталса, Исатай селосынан дәрігерлік амбулатория дәрігерлеріне арналған екі пәтерлік бір үй салынып, пайдалануға берілді.

Биыл Тұщықұдық ауылындағы су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту және селоішілік су желілерін жүргізу, «Құлыншақ» балабақшасының 50 орындық жапсарлас құрылысы аяқталмақшы. Өткен жылы басталған аудан орталығындағы 160 орындық балабақшаның және 400 орындық типтік жобадағы мәдениет үйінің құрылыстары биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аққыстау және Жанбайда селоішілік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Чапаев, Жасқайрат бастауыш мектептері мен «Бәйтерек» балабақшасы, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өтеді. Аққыстау селосындағы Өркен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы салынады. Демеушілік қаржымен аудан орталығындағы Ардагерлер саябағы «Мәңгілік алау» кешеніне бейімделіп, жаңартылмақ.

— Тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді көкөніспен, азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін өнімді жергілікті жерде өңдеу бағытында ойластырылған жобалар бар ма? Жылыжай, мал соятын цехтар салу жоспарланған ба?

— Аққыстау селолық округінен жеке кәсіпкер Айгүл Хисимова шағын жылыжай құрылысын салып, іске қосса, белгілі кәсіпкерлер Дарын Зұлхашев, Алмас Аманбаев жылыжай құрылысы үшін жер телімдерін алып, дайындық жұмыстарын қолға алды.

Жанбай ауылында мал сою алаңына облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша электр жүйесі жүргізілді, ол «Құрасов Р» шаруа қожалығына сенімгерлік басқаруға берілді. Энергобақылау мекемесінен тиісті рұқсат алынғаннан кейін іске қосылатын болады. Қамысқала ауылдық округіндегі мал сою алаңы «Сидағалиев С» шаруа қожалығына сенімгерлікпен басқаруға берілді. Қазір қажетті техникалық шарттар алынып, нысанды іске қосу үшін қаржы көздері қарастырылуда. 

Мәдени  дамуға – ДАҢҒЫЛ  жол

— Ауданның мәдени дамуына, материалдық-техникалық жарақтандырылу жайына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

— Ауданымызда «халықтық» атағын иеленген алты өнер ұжымы бар. Өткен жылы бюджеттен 47,9 млн. теңге бөлініп, көркемөнерпаздар үшін сахналық киімдер, дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, дыбыс күшейткіш аппаратуралар алынып берілді. Далалық құрастырмалы сахна құрылғысы және аудандық мәдениет үйіне сахналық LED экраны алынды. Х.Ерғалиев ауылындағы «Көңіл күйі» фольклорлық ансамблі, Аққыстау селосындағы «Айгөлек» вокалды аспаптар ансамблі облыстық байқауларда бірінші орындарды жеңіп алды. Ауданның ардагер өнерпаздары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» облыстық фестивалінің жеңімпазы танылды.

Ақтөбе облысының Қобда ауданы және көршілес Құрманғазы ауданымен жасақталған ынтымақтастық меморандумына сәйкес олармен мәдени байланыс орнықты. Қобда жеріндегі халық батыры Исатай Тайманұлының сүйегі жатқан орынға халық қаражатына еңселі кесене құрылысы салынды.

Соңғы төрт-бес жылда мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөліне бастады. Бес ауылдық клуб күрделі жөнделді. Үстіміздегі жылы Жанбай ауылында 200 орындық клуб құрылысын салуға қаражат бөлінсе, Тұщықұдық мәдениет үйі 100 млн. теңгеге күрделі жөнделу үстінде. Тұрғындардың тілегіне сәйкес, алға қарай Нарын ауылындағы шағын клубты кеңейту шаралары алынатын болады.

— Тұреке, өнер қонған қасиетті өлкенің өнерпаздары облыс орталығындағы дәстүрлі мәдениет күніне қандай бағдарлама әзірлеп, атыраулық өнерсүйер көрерменді таң-тамаша етпекші?

— Исатайлықтардың концерттік бағдарламасы Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің – 70, Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелеріне арналып құрылған. Көрермендер үшін ұлт аспаптар оркестрі, «Аққайың» бишілер тобы, Бермағамбетовтердің отбасылық ансамблі, «Айгөлек» вокалды аспаптар ансамблі, Тұщықұдық ауылындағы хор және жеке өнерпаздар өнерін көрсетеді. Халықтық ән-күйлер, республика композиторларының шығармаларымен қатар, жергілікті сазгерлердің де әндері орындалады.

Бұдан басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады. Мәдениет күні қонақтарының жергілікті қаламгерлердің шығармаларымен танысуға да мүмкіндігі болады.

— Әңгімеңізге рахмет. Исатайлықтардың облыс орталығындағы мәдениет күндерінің табысты өтуіне тілектеспіз.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button