МАРЖАНДЫ ТҮРІКТЕР ДЕ МОЙЫНДАДЫ
Қазақ ақынына түрік шайырының атын иеленген сыйлықтың тапсырылуы тектен-тек емес. Маржан Ершу Жаһит Сытқы Таранжының бір топ өлеңдерін ана тілімізге тәржімалап, өзінің «Пырақ» атты жыр жинағына енгізген. Сөйтіп, бауырлас ел ақынын Қазақстанға жария етті. Кештің мақсаты Жаһит Сытқы Таранжының шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстыру мен насихаттау болды.
Әдеби кешке түркітанушы мамандар, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанттары мен оқытушылары қатысты. Алдымен ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына шолу жасалды. Түрік тіліндегі түпнұсқа және қазақ тіліндегі аудармалары оқылды.
Түрік әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Жаһит Сытқы Таранжы өткен ғасырдың басында туып, сол ғасырдың ортасында дүниеден озды. Ғұмыры келте болып, небәрі 46 жыл өмір сүрді. Артына «Өмірімдегі тыныштық», «Отыз бес жас», «Түстен де әдемі», «Кейін» атты өлеңдер жинақтары мен «Күн күледі тереземнен» повесін қалдырды. Қысқа өмірінде Түркиядан бөлек Парижде тұрған. Француз тілін жақсы меңгеріп, Шарль Пьер Бодлер, Жан Николя, Артюр Рембо, Стефан Малларменнің шығармаларын сүйіп оқыған. Өмірінің соңғы жылдарында қиыншылық пен азапты басынан өткеріп, сал болып төсекке таңылды. Ем қабылдау үшін Австрияға барған сапарында қайтыс болды. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен тағдыры ұқсас. Мұқағалидың да ауыр дертпен арпалысып, 45 жасында аурухана төсегінде көз жұмғаны белгілі.
Ал, ақынның шығармашылығына келсек, жырларының арасында «Отыз бес жас» өлеңі біршама танымал. Түркияда бұл өлеңді жатқа айтпайтын адам кемде-кем көрінеді.
Гүлзада Ниетқалиева.