Жарнама
Мәдениет

МӘДЕНИЕТІ ДАМЫҒАН ҚОҒАМ АЛҒА ЖЫЛЖИДЫ

Ел мен жердің атын шығарып, ұлтымыздың ерекшелігін әйгілейтін – өнер. Жоғары мәртебелі қонақ келсе де, шет мемлекеттерге шығып, елімізді таныстырғанда да ең бірінші өнерімізді паш етеміз. Дүйім ел бізді ең бірінші сол мәдениетіміз арқылы танып біледі. Сондықтан, мәдениетке көңіл бөлу көрегендіктің белгісі деп есептейміз. Қашанда өнерлі өлкенің сағын сындырмай, мерейін асқақтатып, топ жара білген өнерпаздардың басын қосқан додалы шараның бірі – қала мен аудан өнерпаздарының облыс орталығында өткен «Мәдени күндері» болды.
Одан кейінгі ірі шаралардың бірі – Маңғыстау облысы өнерпаздарының Атырау төрінде өнер көрсетіп, сәуір айында біздің өнерпаздардың Маңғыстауда мәдениет күндерін өткізгендігі. Жаңа серпінмен ұйымдастырылып жатқан мұндай шара одан әрі жалғасты. Мамыр айында ұлы күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай Республикалық күй фестивалі ұйымдастырылды. Облыстың түкпір-түкпірінен, көршілес Ресей Федерациясының Астрахан облысынан келген оркестрлер бас қосып, 1000 адамнан құрылған ұлт-аспаптар оркестрі Атырау жерін күмбірлеген күй әлеміне айналдырды. Ел тарихындағы бірінші рет болып отырған бұл үлкен шара Қазақстан Республикасының Рекордтар кітабына енгізіліп, сертификат табысталды.
Мәдениет саласындағы қол байлау болып жүрген мәселелердің бірі – мәдениет басқармасының иелігінде далада қондырылатын құрылмалы сахна комплексінің жоқтығы болатын. Бұрын Ақтау, Ақтөбе қалаларынан жалға алынып, талай қаржы далаға кететін. Енді соңғы үлгідегі дыбыс күшейткішімен, жарық беру қондырғыларымен қамтылған кәсіби аппаратура мереке күндері қала төріне қойылып, халықтың демалатын орнының сәнін келтіріп жүр. Осы орайда, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның директоры Ғаділ Дүйсенғалиевті әңгімеге тарттық. «Облыс мәдениетінің бұған дейін кенже қалғаны рас. Қазіргі жасалынып жатқан оңды істер бізді жаңа бастамаларға бастап отырғандай. «Нарын» халық аспаптар оркестріне киім тіктірдік. Бишілеріміз, жеке әншілеріміз де жаңа костюмді болды. Шынымды айтсам, әртістердің киімі соңғы рет 2006 жылы филармонияның 40 жылдығында тіктірілген болатын. Тағы бір жағымды жаңалығымыз, эстрадалық вокалды аспаптар ансамбліне де жақсы аппаратура алдық. Әртістеріміздің республикалық, халықаралық байқауларға, фестивальдерге қатысуында қаржылық жағынан елеулі қиыншылықтар кездесетін. Бүгінгі күні бұл мәселе де шешімін тапты. Әрине, қызмет бабында қиыншылықтар да, кедергілер де кездеседі. Мысалы, біздің облыста камералық оркестр жоқ. Ақтөбе, Орал, Ақтау облыстарында мұндай оркестрдің жұмысы жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ, би ұжымдарында кәсіби бишілер жоқ. Басты себебі — мамандардың жетпейтіндігі. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайларын шешу олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайтыны белгілі. Бізде 120 шығармашылық қызметкер жұмыс жасайды. Қателеспесем, соңғы онжылдықта олардың ішінен бірде-біреуі үй, болмаса жер алып, тұрмыс жағдайларын түзей алған жоқ. Ал ондайлар бізде жетіп артылады» дейді басшы.
Облыс орталығындағы халықтың рухани нәр алатын ең ірі орындарының бірі – Махамбет атындағы қазақ драма театры. Мәдениетке көрсетіліп жатқан қамқорлық театрға да ортақ. Бұларға да жарық беретін, дыбыс күшейтетін қондырғылар алыныпты. Болашақта театрға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда екен. Бетке ұстар жалғыз театрдағы қолбайлау болып отырған өзекті мәселелер төңірегінде театрдың басшысы және көркемдік жетекшісі Асылбек Ихсанов: «Шешімін күткен мәселелер өте көп. Іргесі қаланғалы өткен қырық жылдың ішінде театрға тек күрделі жөндеулер ғана жүргізілген. Өңір басшысы театрды қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын. Қазір құжаттары дайындалу үстінде. Театр-орталықтағы бірден-бір үлкен мәдени ғимарат болғандықтан, шаралардың дені бізде өтеді. Шынын айтсақ кейде дайындаған спектакльді қоятын уақытты да нақтылай алмаймыз. Өйткені, жоспарсыз шаралар шығып қалып жатады.
Жақында театрдың кезекті маусымы ашылады. Көрерменге ұсынылар дүниелер көп. Қай істің тетігін шешетін мамандар ғой. Бізге кадрлар жетіспейді. Жас мамандарға қамқорлық көрсете алмай отырмыз. Жоғары өнер ордаларында білім алған жергілікті жастар кейін қайтып келуге құлықты емес. Өйткені, олардың әлеуметтік сұранымдарын қанағаттандыратын бізде қауқар жоқ. Театр өз есебінен қазір төрт пәтерді жалға алып отыр. Ең болмаса, қызметтік пәтер берілсе, көптеген мәселелеріміз шешілер еді. Қызметкерлердің тұрмыс жағдайларын жақсартып, үй, болмаса, жер алып жатқандар қанша жылдан бері екені белгісіз, мүлдем жоқ деуге болады. Шығармашылық адамдарына жағдай жасалса деп армандаудан артыққа бара алмай отырған жай бар» дейді бізбен әңгімесінде.
Облыстағы өнер ұжымдарының ішінде Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің алатын орны бөлек. Репертуарында қазақ композиторларынан басқа шетелдік композиторлардың 800-ден астам шығармаларын орындайтын бұл оркестрдің құрамында – негізінен, жоғары білімді мамандар. Оркестрдің әлі күнге жеке баспанасы жоқ. Театрдың төрт бөлмесінде қысылып-қымтырылып жұмыс жасауға мәжбүр болған бұл жағдай – талай жылдар бойы айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме. Көліктері сонау 1999-2000 жылдары берілген. Алыс елді мекендерге барудың қаншалықты қиын екендігін осыдан-ақ көруге болар. Балабақшадан орын алу, үй алу дегендерді ауызға алып керек емес.
«Жақсы десе — жан сүйсінеді» деген рас-ау. Бізді қуантқан тағы бір жағдай, аудандардағы мәдениет ошақтарының да назардан тыс қалмағандығы болды. Мысалы, Исатай ауданындағы «Жалын» мәдениет үйіндегі ұлт-аспаптар оркестріне, би ұжымдарына, жеке солистерге киім тігіліп, сахна жабдығы түгелдей жаңғыртылған. Қызылқоға ауданындағы «Ақжелең» халықтық фольклорлық ансамбліне, Махамбет аудандық мәдениет үйіне, жеке солистер мен би ұжымдарына сахналық киімдер тіктіріліп, Махамбет ауданына аппаратура алуға тапсырыс беріліпті. Жанбай селолық мәдениет үйіне, Қызылүй селолық клубына, Индер ауданындағы Елтай мәдениет үйіне, Аққала селолық клубына күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық селолық клубына, Сүйіндік мәдениет үйіне, Калинин селолық мәдениет үйіне қомақты қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарына құжаттары дайындалған. Дегенмен, ұзақ жылдар бойы тұралап қалған өңірдің мәдени өмірінде қолға алар істер әлі де жетерлік. Мысалы, бес мыңның үстінде халқы бар Мұқыр селосында мәдениет үйі жоқ. Мәдени шара болсын, саяси шара болсын мектепте өткізіледі. Әп дегенде бәрін бірдей апырып-жапырып бітіре салу оңай шаруа емес. Бүгінгі қарқын ертеңгі күні бәсеңдеп қалмаса екен деген риясыз көңіл ғана.
Көңіл бөлуге тұратын тағы бір мәселе – Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалаға іргелес округтердегі мәдени мекемелердің бірде-біреуінің жеке ғимараттары жоқ. Мектептің, мейрамхананың, басқа да мекемелердің шағын бөлмелерін жалға алып, жоқтан бар жасап, халыққа қызмет көрсетіп отырған жайлары бар. Мысалы, Дамбы селолық округіне қарасты Дамбы селолық мәдениет үйінің тұрғызылғанына келесі жылы 40 жыл болады екен. Кезіндегі «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрлерін, М.Әуезов атындағы драма театрының ұжымдарын қабылдаған типтік ғимараттың бүгінгі күнгі қожайыны — Амангелді өндірістік кооперативі.
Осы селолық мәдениет үйін он төрт жылдан бері басқарып келе жатқан басшысы С.Көпжасаров: «Ұжым мүшелерінің мүм-кіндіктері мол. Біз жұмыс жасай береміз. Өйткені, біздің қызметімізді халық қажет етіп отыр. Бірақ, аз да болса басшыларға бас бұрып қарау керек қой деп ойлаймын. Ең болмаса, гастрольдік сапармен елді мекендерді аралайтын көлігіміз де жоқ. Автокөлік сұрай он жылымыз артта қалыпты» дейді бізбен әңгімесінде.
Мәдениет – өте күрделі сала. Біз оның тек бір ғана қырына көңіл бөлдік. Бүгінгі күнгі атқарылған істер тізбесі мен шешімін күткен өрелі мәселелер төңірегінде жұмыстану барысында біздің байқағанымыз, облыстық мәдениет басқармасында әлі күнге басшының жоқтығы болды. Басқармаға қарасты мекеме, ұйымдардың жетекшілері де осы жайды жиі қозғады. «Өнер туралы пікірі, пайымды көзқарасы, осы салада әбден ысылған, өмірлік тәжірибесі бар басшы болса деп армандаймыз» деп, соңғы жылдардағы басшылықтың жиі ауысуы жұмыс ырғағына елеулі әсерін тигізгендіктерін де жасырмады. Өнерпаздарды марапаттаудың да солқылдақ тұстары бар екендігі тілге тиек болды.
Үстіміздегі жылдың шілдесінде облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес Атырау облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы облыстық мәдениет басқармасымен бірікті. «Үлкен екі саланың қосылуы бізге бұрынғыдан да үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қазір барлық күш еңбек сапасын төмендетпеуге бағытталуда» дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ж.Бөлекбаев.
Өнер ұжымдарының барлығының да жоспарлары қомақты. Тарихи қойылымдар, фестиваль, байқаулар, кездесулер ұйымдастыру жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. «Шешімін күткен мәселе» көп деп қол қусырып отырған ешқайсысы жоқ.
РS: Осы мақала жазылу барысында сөз болған мәдениет ұйымдарының тілектері орындалып, облыс әкімі аудан, қаланың бірнеше мәдениет ұйымдарына жаңа автокөліктердің кілтін табыстады. Қуанышта шек жоқ. Таланттылар мен талаптылардың шабыттарының одан әрі шыңдалар тұсы осындай болмақ.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button