Жарнама
Мәдениет

Көне жәдігерлердің құпиясы

«Өткенді еске алмай, болашаққа жол таба алмайсың» дейді дана халық. Ішкі істер саласының өткені мен бүгінін тоғыстырған, тәртіп сақшыларының тарихын қаттаған қасиетті орын – облыстық полиция департаментінің музейіне барғанымызда осы нақыл сөз есімізге түсе кетті. Бұл жерге маңдай тіреген жан алдымен өткеннің үнін естиді, екіншіден – кезінде халықтың қорғаны болған, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен түрлі тағдырлармен танысады. Жуырда біз музей жетекшісі – сала ардагері, полиция полковнигі Гүлнәзира Мұхтаровамен бірге өткен тарихқа саяхат жасадық.

– Бұл бөлмеде тұрған экспонаттар – қызметтің әр кезеңінен сыр шертеді, — дейді ардагер.

whatsapp image 2025 07 09 at 18.30.245 1

Өткенге – тағзым, бүгінге – тағылым

Музейге енген бетте тәртіп сақшыларының сан жылдарғы тыныс-тіршілігі, осы салада қызмет еткен жандардың еңбегі көз алдыңызға келеді. Мұнда 1918 жылдан бастау алған Атырау (бұрынғы Гурьев) милициясының тарихы жинақталған. Жолбасшымыз Гүлнәзира Шәмкенқызы бұл жердегі әр жәдігердің тарихын, кімге тиесілі болғанын, қандай жағдайда тапсырылғанын жақсы біледі екен.

– Музей 2000 жылы 8 маусымда ашылды. Биыл 25 жыл толды. Музейдің құрылуына ардагерлер – Қайырғали Мырзабаев, Жанболат Олжабаев, Еркін Шпанов, Рамазан Ерғалиев үлес қосты. Ал жәдігерлер мен құжаттарды жинауға Мұрат Бердиев, Асан Сәрсенов, Зоя Оңдыбаева және басқалары қатысты. Музейдің ғылыми экспозициялық жұмыстарын тарихшы-этнограф, профессор-музейтанушы Ерсайын Көшеков жүргізген еді. Бұл – ішкі істер органдарының өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын, жастарға үлгі болатын тарихи орын. Мұнда қойылған экспонаттар – осы салада қызмет еткен адамдардың өз қолымен тапсырған бұйымдары. Барлығын реттеп, хронологиялық жүйемен орналастырдық, — дейді музей жетекшісі.

Мұражайдың ең басында 1919 жылғы кеңестік-жұмысшы милициясының тәртіптік Жарғысы тұр. Қасында сол заманда «ескі базар» аталып кеткен аумақтағы милиция ғимаратының фотосы ілінген. Кейінгі сөреде қызметтік куәліктердің көшірмелері қойылыпты. Ішкі істер органдарының алғашқы өкілдері Өмір Шыңғысов, Ысқақ Бекбаев, Собол Назаров, Александр Фетисов сынды тұлғалардың фотолары да төрден орын алған екен.

Полиция тарихының музейі

Иә, музейдің қабырғалары үнсіз сөйлеп тұрғандай. Хронологиялық тәртіппен орналасқан фотосуреттер мен архив құжаттары, түрлі жәдігерлер – барлығы да өңір полициясының қалыптасу жолынан сыр шертеді. Кеңестік милиция кезеңінен бастап бүгінгі заманауи полицияға дейінгі ұзақ жол айшықты айғақтармен өрілгені аңғарылады.

– Мұражайымыздың бірегейлігі – ол тарих қоймасы ғана емес, аға буын жинақтаған тәжірибе мен дәстүрді, патриоттық рухты жас буынға жеткізетін тәрбие мектебі іспетті. Біз әрбір кезеңді шынайы көрсетуді мақсат еттік, — дейді Гүлнәзира Мұхтарова.

whatsapp image 2025 07 09 at 18.30.243

 Мұражайда ерлік пен еңбектің үлгісіндей дүниелер көп. Соғыс жылдарында халық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен милиция қызметкерлерінің қару-жарақтары, куәліктері, жеке заттары сонау бір сұрапыл замандардан бүгінге жеткен. Ұрлық-қарлық, адам өлтіру, бұзақылық сынды қылмыстарды әшкерелеу жолында ерен еңбек еткен жандардың әрекеттері де жан тебірентпей қоймайды.

Міне, Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагерлері Қинет Жұмашев, Жұма Медетов, Жұмағали Жаманғараев, Нығмет Абдоллаев, Басер Жүнісов, Құмар Қабенов, Александр Пастухов және басқаларының есімдері айшықталып жазылыпты. Олар заманында ішкі істер органдарының қалыптасуына үлес қосып, өңірдегі тыныштық мен тәртіпті күзетті. Енді тағдырлары – осы шоқтығы биік музейдің қабырғасына хаттай таңбаланған.

Ал кейбір экспонаттар көрген жанның бойын тітіркендіреді. Түрлі суық қарулар, пышақтар, шолақ мылтықтар мен тапаншалар – қылмыс әлемінің көлеңкелі көрінісі. Бірақ бұл заттар жай ғана көрме үшін қойылмаған. Олар арқылы заң қызметкерлерінің қылмыспен күрестегі батылдығы мен табандылығы баяндалады. Бұл да – шындық пен ерліктің сабақтастығы.

Иә, музей ішінде ерекше құрмет пен тәртіп бірден байқалады. Кеңес дәуірінен бастап бүгінге дейінгі аралықты қамтитын фотосуреттер, киім үлгілері, наградалар, құжаттар рет-ретімен қойылған.

–  Бұл музей – ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі. Әрбір экспонаттың тасасында адам тағдыры, тәртіп сақшыларының қызметіне деген адалдығы жатыр, — деген Гүлнәзира Шәмкенқызы бізді өткеннің парақтарымен таныстырды.

Осы тұста құқық қорғау саласының ардагерлері жазған кітаптардың, газет қиындылары да сөреден орын алғанын атап өтейік. Атап айтқанда, Лұқпан Сисекенұлының «Із кесумен өткен ғұмыр», Дүйсенбек Гайсиннің «Ардагерлер ісі – болашаққа тарих» еңбектері жас буынға рух береді.

Ерлік – елге мұра

Қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің фотолары мен тағдыры – музейдің өзекті бөлімдерінің бірі. Бұл – үнсіз ескерткіш. Олар – өмірін тәртіпке, ел амандығына арнаған батырлар. Мәселен, милиция майоры Асқар Бисекенов 1993 жылы қылмыскерлер қолынан мерт болды. Қызметтік міндетін адал атқарған ол Атырау – Еркінқала жолында бұрын сотталғандардың шабуылына ұшырап, пышақ жарақатынан көз жұмған. Ал 2009 жылы жол полициясының қатардағы қызметкері Нұрберген Өтемісов күдікті көлікті тоқтатпақ болған сәтте мас жүргізушінің құрбанына айналды. Ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған екен.

–Сондай-ақ 2019 жылдың наурыз айында патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мұз қата бастаған өзенге секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқармақ болғаны елдің есінде қалды. Құтқару сәтінде өзі ағысқа ағып, мәңгілікке көз жұмды. Оның бұл әрекеті – бүгінгі полицияның шынайы келбетін танытатын ерлік үлгісі, -дейді музей жетекшісі Гүлнәзира Шәмкенқызы.

Иә, ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Қызметтік міндетін өтеу жолында басын бәйгеге тіккендердің есімі ұмытылмауы керек.

whatsapp image 2025 07 09 at 18.30.24

Қызмет жолынан  қалған із

Музейдегі ерекше жәдігерлердің бірі – облыстық ІІБ МАИ бөлімін 1985-1995 жылдары басқарған милиция полковнигі Мақсот Қабышевтің жеке заттары. Қойын дәптері, жүргізушіге арналған ескерту талонын тесетін компостер, бізше айтқанда «гаишниктің» ысқырғышы, «Транспорт-Н» радиостанциясы, газанализатор, жол-көлік оқиғасын анықтайтын чемодан – бәрі-бәрі сақталған.

Ал мына сөреде ІІО тергеу саласының ардагері, подполковник Ерболат Батыровтың 1988 жылғы жазба машинкасы қойылыпты. Ол сол арқылы қылмыстық істерге қатысты жазбалар дайындаған. Жедел криминалистика қызметінің құрал-жабдықтары – микроскоп, жарық шамы, фотоаппараттар да сақтаулы тұр.

Музейдегі қызықты экспозициялардың бірі – кинолог пен арнайы иттің шынайы макеті. Сондай-ақ спортшы полицейлердің жетістіктері, марапаттары мен қызметтік форма үлгілері де қойылған. Кеңестік милициядан бастап, бүгінгі цифрлы полицияның формасына дейінгі өзгеріс көрмеге ерекше әр береді.

Отансүйгіштік тәрбие береді

– Біз музейді ашқанда жастарға отансүйгіштік тәрбие беруді, ерлік пен абыройдың маңызын ұқтыруды мақсат еттік. Қазір жас қызметкерлер жиі келіп, бұрынғы буынмен танысып, тағылым алады. Мұның өзі – рух тәрбиесінің бір көрінісі, — дейді жолбасшымыз.

Гүлнәзира Шәмкенқызы ерекше жәдігермен таныстырды. Бұл транзисторды министрлік 1980 жылы Гурьев облыстық ІІБ бастығының орынбасары Базарбай Жақсиевке естелік ретінде сыйлаған көрінеді. Ал ішкі істер қызметкерлері пайдаланған үтік пішіндес мөр құрылғысы, кассета арқылы бейнематериал қарауға арналған монитор, рациялар – нағыз антикварлық дүниелер.

Музейде 1944 жылғы мамырда Жылыойда неміс диверсантын ұстау кезінде пайдаланылған каска, 1982 жылғы кісен, маузер, Мосин винтовкасы, 1970 жылғы сойыл, 1944 жылғы пистолет (ППШ), бронды кеудеше сақталған. Бұл – тәртіп күзетінің тірі куәгерлері.

Жолбасшымыздың айтуынша, көптеген жәдігер жеке адамдардың, отбасылардың мұрағатынан алынған. Ардагерлердің өз қолымен әкелгендері де бар. Мәселен 1986-1996 жылдары қолданылған телефон мен факс, Чехословакияда жасалған Т-100 телетайп құрылғысы келушілерді еріксіз таңдандырады. Бұл құралмен қызметтік телеграммалар қабылданып, тиісті органдарға жолданған.

Сандыбек Кужиев пен Григорий Аккушимовтың қызметтік куәліктері мен медальдары – музей қазынасы. Сала ардагері, полиция подполковнигі Тасқынғали Әлмұқановтың 1969-1980 жылдары қолданған қызметтік мотоциклі де осында тұр.

Бұдан бөлек еңбегі елге сіңген ардагерлер Сағынғали Әжмағамбетов, Ермекбай Рысқалиев, Нәсіпқали Сәменовтер ұмыт қалмаған. Әр жылдарда құқық қорғау органын басқарған басшылар да музей төрінен орын алыпты.

whatsapp image 2025 07 09 at 18.30.242

Тарихыңды танысаң – тамырыңды табасың

Шежіреге толы нысанға оқушылар, студенттер, жас қызметкерлер жиі келеді екен. Олар мұнда тәртіп сақшыларының тарихымен танысып, ішкі істер органдарының қоғамдағы ролі туралы мағлұмат алады.

– Мұнда әрбір сурет, әрбір құрал оларды ойландырып, қызметтің қадірін ұғындырады. Мектеп оқушылары мен студенттер жиі келеді, экскурсия өткіземіз. Мақсатымыз – жастарды елін, заңды құрметтеуге, тәртіпті болуға үндеп, патриоттық рухта тәрбиелеу. Себебі музей – өткенді көрсету ғана емес, келешекке жол сілтеуші. Ішкі істер органдары мен ерлік жасаған полицейлердің тарихы жастардың санасындағы патриоттық сезімді нығайтады, — деген музей жетекшісі жәдігерлердің жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін айтады.

Мұражайда әр жылдары милиция және полиция қызметкерлері киген формалар мен шендері, жалауы, марапаттары мен жетістіктері толық сақталған. Сондай-ақ облыс полициясының гимні – «Әділет – арым» да көрнекі жерде ілініп тұр. Сөзін ақын Гүлзада Ниетқалиева, әнін Сәуле Жанпейісова жазған бұл туынды – ішкі істер саласының рухани тұғырына айналған.

Иә, музейдегі әрбір сурет – ел мен ер тағдырының бейнесі. Ал әрбір бұйым – бір тағдырдың тынысы. «Тарихыңды танысаң – тамырыңды табасың» дейді дана қазақ. Атыраудағы полиция музейі – сол тамырды танытатын, тәртіп пен тағдырды тоғыстырған тағылым ордасы. Ол өткен мен бүгінді жалғап, жас ұрпақты тәртіп пен адалдыққа тәрбиелеуге ықпал етеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button