Жарнама
Мәдениет

ҚИҒАШТАН КҮМБІРЛЕП КҮЙ КЕЛЕДІ

 Өрелі  істердің  өрісі

Тәуелсіздік алған жылдары Құрманғазы ауданы берекелі істерді бастап, жасампаздықтың туын жоғары көтере білді. Қазыналы Құрманғазы өңірі тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы басты тіршілік көзі болып табылады. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде атқарылған қыруар жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артты. Аталған сала өндірісіндегі мал шаруашылығының үлесі 90 пайызды құрайды. Өңірдегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Рсай» шаруа қожалығы, «Сүйіндік», «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Мақаш», «Құрманғазы» өндірістік кооперативтерінде 30421 бас асыл тұқымды Еділбай қойы, 286 бас асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйелері және 576 бас асыл тұқымды қазақтың жабы жылқылары өсірілуде.

Айта кетсек, осыдан бірер жыл бұрын «Қараөткел-2011» жәрмеңкесінде «Құрманғазы» өндірістік кооперативі және «Мақаш» өндірістік кооперативінің, «Асыл тұқымды семіз қой өсіруші үздік зауыт немесе шаруашылық» номинациясы бойынша Алтын медалін иеленгені тек ауданның ғана емес, бүкіл облыстың мерейін асырып түсірген еді.

— Ауданның аумағын қиып жатқан бірнеше өзендер өңірде балық шаруашылығының дамуына да зор үлесін қосып отыр, — дейді аудан әкімі Амангелді БАРАҚАТОВ бізбен әңгімесінде.

— Өткен жылы балық аулауға 5052,6 тонна лимит бөлініп, оның 3691 тоннасы ауланған. Балықтың 80 пайызы, яғни, 2953 тоннасы шаруашылықтардың өз цехтарында өңделіп, дайын өнім ретінде шығарылды.

Аудан бойынша жылына орта есеппен 8000 тоннадай балық ауланады. Кей жылдары бұдан да көп ауланған кездері болды.

Аудан басшысы Амангелді Кеңесұлының сөзіне сүйенсек, жоғары технологиялық өндірістерді іздестіру мақсатында 35,0 млн. теңге несие қаражаты есебінен «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС «Сүт өнімдерін дайындап, өңдейтін цех» зауыты іске қосылды. Серіктестік сүт өнімдерінің алты түрінен 37 тонна өнім шығарды. Сонымен қатар, аталған мекеме жыл ішінде 25 тонна жүн дайындады. «Талап» кірпіш зауытының базасында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті құрылыс материалдарынан (саз) тәулігіне 180 текше метр керамзит шығару зауыты іске қосылды. Қытай мемлекетінен қондырғылар да сатып алынған. Мұның өзі бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызды.

Нысандардың құрылыс және қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 15 нысан – ММС-Жаңа ауыл, Приморье, Нұржау, Дәшін, Шортанбай, Афанасьев, Кадырка, Орлы, Иманов, Ақкөл, Шағырлы-Жасарал-Күйген елді мекендеріндегі және Ганюшкин ауылындағы 4 нысан – сорғы стансасы, су құбыры, су тазарту имаратын жаңарту нысандары пайдалануға берілді. Қалған Жұмекен, Д.Нұрпейісова, Шестой – Каспий елді мекендеріндегі су құбыры құрылысының жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сүйіндік, Азғыр селолық округтерінің елді мекендерінде ауылішілік су желісін тарту жұмыстарының және  Дәулеткерей – Алға тас жолы құрылысының басталуын аудан тұрғындары көптеген жылдар бойы күткен болатын.

Аудан бойынша алдағы уақытта төрт мектеп, үш балабақша үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Тұрғын үй, су тазарту қондырғылары мен су, газ желілерінің құрылыс жұмыстары да жалғастырылатын болады. 

Жұртшылықты  риза еткен  «Жиделі»

Күй қағандары Құрманғазы мен Дәулеткерей, Дина, кейінгі Бақыт пен Әзидолла, жыр сүлейлері – Әбу мен Жұмекен түлеп ұшқан өңірдің мәдениеті мен өнері соңғы жылдары өрістей түсті. Қазіргі таңда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты төрт халық театры өнер көрсетуде. Олар – аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Теңіз», «Калинин», «Морской» және Киров селолық клубтары жанындағы халық театрлары. Сонымен қатар, халыққа қызмет жасап келетін аудандық мәдениет үйі жанындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Жиделі» фольклорлық ансамблі өз тыңдармандарын тауып, жұртшылық қошеметіне ие болып жүр.

— Киров селолық клубының жаңа құрылысы биыл басталады. Сондай-ақ, Ақкөл, Сафон, Шортанбай мәдениет үйлері мен Нұржау, Еңбекші, Үштаған, Қиғаш, Лабай селолық клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Дыңғызыл, Мақаш селолық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық мәдениет үйінің жылу қазаны жөнделді. Бұған қоса, қажетті музыкалық аппаратуралар сатылып алынды. Қазіргі таңда олар халықты мәдени серпілту үшін қызмет етуде, — дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зияда Жоламанова.

Ауданда жастарды патриотизмге тәрбиелеу, халқымызға қорған болар ұлттық әскерімізді ұлықтау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті ояту, жас бүлдіршіндерді өнерге баулу, дарынды, талантты балалардың өнеріне жол ашу, жасөспірімдердің болашағына қолдау көрсетіп, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамыту, оны қолдану аясын кеңейту мақсатында әр түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Бүгінде облысымызға танымал, өзінің концерттік бағдарламасымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген  аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы халық ұлт аспаптар оркестрін ерекше атап өтуге болады. Жуырда аталған өнер ұжымы облыс орталығында өткен «Күй құдірет» байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды.

Халықтық атағы бар «Жиделі» фольклорлық ансамблі Наурыз тойын өткен жылы Астанада өткізуге қатынасып, облыс атынан өте сәтті өнер көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы өлкеден келген өнер делегациясымен емен-жарқын жүздесіп, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Осындай абырой биігінен көрінген «Жиделі» фольклорлық ансамблі шараны Құрманғазының «Қуаныш» күйімен ашқан еді. Сонымен қатар, шертер аспабының сүйемелдеуімен  халық күйі «Ой толғауы», халық әні «Жариям айдай» әнін Астана халқына тарту еткен болатын. 

Ауыл  адамдарының бәрі  өнерлі

Киров селолық клубы жанынан құрылған халық театры 1967 жылы жұмысын бастап еді. Небары сегіз жылдың ішінде «халықтық театр» атағын иемденді.

Жас ұжым өздерінің театрдағы қызметтерін шағын қойылымдардан бастады. Қазіргі халық театрының репертуарында Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», «Күшік күйеу», «Абайдың батасы», Ш.Сариевтің «Көзіңе түспеді ме», «Айырсаң айыра салшы», Б.Қорқытовтың «Жарайсың, бажа» сияқты қойылымдар бар.

— Театрдың шығармашылық ұжымына әр жастағы талантты, өнерді бағалай білетін ауылдың өнерлі жастары мен үлкендері топтасты. Театрдың белгілі әртістері Маржан Мұсағалиева, Әспет Әбуғалиева, Сұңғат Бралиев, Қуаныш Ажыханов өз өнерлерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.

Театр репертуары қазірде патриотизм, халықтар достығы, Отанға деген махаббат идеясы бар қойылымдармен толықты. 2008 жылы ұжым қайтадан «халықтық өнерпаз ұжымы» деген атақты қорғап шықты. Р.Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелласы», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы үшін 2011 жылы Бас жүлде, 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықтық театрлардың аймақтық VІІІ фестивалінде С.Қасымбектің «Күттірген махаббат» қойылымы үшін жүлделі ІІІ орынмен марапатталды, — дейді З.Жоламанова.

Халық театрларының аймақтық фестиваліне «Теңіз» халық театры Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» трагедиялық қойылымын қойып, Перизат Рахметова «Ең кішкентай актриса» аталымын ұтып алды. «Киров» халық театры Сая Қасымбектің «Күттірген махаббат» мелодрамасын, Калинин селолық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі «Жан дауа», Мақаш селолық мәдениет үйі жанындағы драма ұжымы Гүлнәр Әбдінәбиеваның «Қыз тағдыры» қойылымын қойып, нәтижесінде аталған драма ұжымдары да «халықтық» атаққа ие болды. 

Атырауға тартуымыз  бар

Мәдениет күндерін өткізудегі басты мақсат – ауылдың өркендеуін жан-жақты таныту, ауыл тұрғындарының ел тәуелсіздігін баянды ету және ұлтаралық келісім мен бірлікті одан әрі нығайтудағы рөлін көтеру болып табылады. Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық қасиет пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру, өнерге қадам басқан жаңа есімдерді анықтап, оларды кеңінен насихаттау.

Фестиваль барысында өңірдің бай мәдени және тарихи шежіресінен сыр шертетін мағыналы көрме атыраулықтар назарына ұсынылмақшы. Оған белгілі тұлғалар мен ақын-жазушылардың кітаптары, қазақ халқының жүріп өткен жолдарын паш ететін, ел тарихын ашып көрсететін құнды материалдар, тарихи жәдігерлер мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар қойылмақ. Сондай-ақ, отандық өнімді насихаттау мақсатында жергілікті жерден өндірілетін ет, сүт және басқа да өнімдер көрермен назарына ұсынылады.

Ал, өнер фестивалінің шымылдығы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің халық аспаптар оркеcтрінің орындауындағы күймен ашылады. Сазды бағдарламада аудан өнерпаздары арнау орындап, ән айтып, мың бұралып, би билейді, облыс орталығы жұртшылығына тамаша кеш сыйлауға асығуда.

«Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» атты өнер мерекесі, — дейді аудан әкімі Амангелді Барақатов, – биыл тойланатын Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Ұлы Жеңістің – 70, Конституцияның – 20, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекелері қарсаңында өткелі отырған мақсаты биік шара. Оның, әсіресе, жастарға берер тағылымы мол. Сол арқылы кейінгі ұрпақ аға буынның жүріп өткен ерлікке толы жолымен, Елбасымыздың басшылығымен Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізбен, халқымыздың салт-дәстүрлерімен және өнерімен танысады. Отансүйгіштік үлгі-өнегеге қанығады. Сондықтан, оны тиісті дәрежеде өткізу – бәріміздің абыройлы борышымыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button