РУХАНИ БАЮДЫҢ ҚҰПИЯЛЫ СЫРЫ

Ұлттық мәдениеттің мақтанышы, топ жарған дарабоздардың ордасы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театры әртістері өңірдегі білімнің қарашаңырағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, ұжыммен, студенттермен кездесті. 

Алдымен сөз алған университеттің әлеуметтік сұрақтар бойынша және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аққали Ахмет жастардың әкемтеатр әртістерімен сұхбаттасу арқылы іскерлік, адами мәдениетін көтерудегі маңызын атап, білім ордасының тарихы мен бүгінінен хабар берді.
– Біз, әртістер, гастрольдік сапармен жиі жол үстінде жүреміз. Әр жердің көрермені әртүрлі. Бүгінгі қонақжайлылық ниет пен пейіл өз ерекшелігімен есте қалатын болды. Себебі, бұл жердің халқы – Құрманғазы мен Динаның, Махамбет пен Исатайдың ұрпағы. “Елін көріп, азаматын таны” демекші, осындай сәні мен мәні келіскен қасиетті тарихи өлкеден әлемге, елге танымал адамдардың шығуы бұлжымас табиғат заңдылығы сияқты, – деп тебіренді ҚР еңбек сіңірген әртісі Аралбай Төлеубек.
Бұдан соңғы әңгіме өнер, театр, әртістер жайлы өрбіді. “Киелі жердің сахнасының мысы басып толқып тұрмыз. Бұндай жердің халқы өнерді сүйе де біледі, оны талғай да, таңдай да біледі. Сондықтан, гастрольдік сапар барысында театр репертуарындағы 40-тың үстіндегі туындының үздіктерін таңдап, талғап алып келдік», – деп жалғады әңгімені ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір. Ал, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қымбат Тілеуова өз өмірінен сыр шертті.
– Өнер саласында жүргеніме 31 жыл болды. Айлап гастрольмен ел-жерді аралап жүреміз. Жолдасым да әртіс – Ерік Жолжақсынов. Өзі де өнер адамы болғандықтан шығар, қашан да түсіністікпен қарайды. Үш баламыз бар. Ерік Астанада қызмет етеді, мен Алматыда. Осылайша, бас шаһар мен Алматының арасында өмір сүрудеміз. Тек мен емес, жалпы әртістердің дені осылай тіршілік кешеді. Бірақ, әйел адам, алдымен, ана. Отбасының ұйытқысы, отанасы. Ел танитын танымал тұлға болсаң да, біреудің жары, балаларыңның анасы, барған жеріңнің келіні екеніңді ұмытпауың керек , – дейді ол.
Өмірдің жақсы-жаманын, тіршіліктің күрмеуі қиын түйткілдерін көрерменге қайыра көрсетіп, тура жолдың “бағдаршамындай” дұрыс жолды меңзейтін, сегіз қырлы бір сырлы театр әртістеріне қойылар сұрақтар да аз болмады. Отандық фильмдер арқылы жұртшылық жүрегіне жол таба білген Азат Сейтіметов, Айдос Бектемір, Аралбай Төлеубек, Жоламан Әміров, Дархан Мұсаев сынды сахна саңлақтары да шешіле сөйлеп, әсерлі әңгіме өрбітті.
Театр – тұлғатану ошағы. Тарихта өзіндік ізі бар арыстай азаматтардың кісілік келбетінен бастап, шығармашылық жолында кездесетін қиындық-қиянаттарды сомдап, шарықтау шегінде жеңіске жеткізер табандылығын тұспалдайтын тұстары көрерменді ойға қалдырмай қоймайды. Бұл ретте, рухани баюдың құпиялы көмбесіндей болған театр әртістерімен кездескен университеттің үлкені мен жасы тағылымды шарадан ерекше әсер алды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз