Атырау сахнасында – Музыкалық жас көрермен театры

ee3ff57d 606a 4d0a 98ee 52f613cf7566 Мәдениет

Бүгін Атырауға Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры мәдени сапармен келді. Өнер майталмандары бұл сапары аясында өнерсүйер қауымның назарына тың туындыларын сахналайтын болады. Бұл туралы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режисері Асхат Маемиров өңірлік коммуникация қызметіндегі брифингте айтып берді.

–Батыс аймағы бойынша алғашқы гастролімізді киелі Атыраудан бастауымыздың өзіндік мәні бар. Биыл Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының 85 жылдығы екені белгілі, соның аясында әріптестік-шығармашылық байланысты нығайтуды мақсат еттік. Сондай-ақ, отандық драматургияның авторлары мен ескі әуендердің насихатталуына үлес қосқымыз келді. Осы сапарымызда 70-ке жуық шығармашылық ұжымымызбен бірге келдік, – деді Асхат Максимұлы.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында 7-12 сәуір аралығында күніне 2 спектакль сахналанатын болады. Театрдың алғашқы шымылдығы жас ұрпақтың дүниетанымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін М.Әуезовтің  «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашылады. Келесі күні қазақ қоғамындағы отбасылық рухани құндылықтарды арқау еткен Дулат Исабековтың «Гауһартас» музыкалық драмасы сахналанады. Сондай-ақ, Мәдина Омарованың «Шәмші» мюзиклі, «Chanel-5» деректі драмасы, Мұқағали Мақатаевтың «Ғашық жүрек» музыкалық поэтикалық қойылымы көрермен назарына ұсынылады.

Шығармашылық ұжым Құлсары қаласының мәдениет үйінде де екі қойылымды қатарынан сахналайды.

Брифингке қатысқан театр әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова, Оразалы Игілік, Дінислам Нұрмағанбетов атыраулық көрермендерді театрға шақырды.

Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз