Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ, әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «ҚАЗАҚТЫҢ БОЛМЫСЫ – ДӘСТҮРЛІ ӘНДЕРДЕ»

- Дәстүрлі әннің дәріптелуі қаншалықты өз деңгейінде? Өйткені, соңғы кездері «қара домбыра мұражайдағы жәдігерге айналып қалады-ау» деген пікірлер де жиі айтыла бастады...
- Жалпы, Батыс Қазақстан өлкесінде дәстүрлі әндердің дәріптелу деңгейі жаман емес. Шәкірттерді оқыту әдіснамасы, әсіресе, соңғы кездері жақсы жетіліп келеді. Өз басым Оралда он сегіз жыл бойы музыка колледжінде дәстүрлі әннен сабақ бердім. Осы 18 жылдың ішінде көптеген шәкірттерді баулып, қияға қанат қақтырдым. Бүгінде Қайрат Кәкімов, Ерлан Өмірәлі, Күләш Қуанышқалиева атты шәкірттеріммен мақтана аламын. Дейтұрғанмен, тыңдаушыларымыз дәстүрлі әннің қадірін түсінбей жүрген сияқты. Халық негізінен ырғақты музыкаларға, Батыстың даңғаза әндеріне бейімделіп барады. Мұны, әсіресе, тойларда бай-қаймыз. Кезінде Жамал, Рабиға апаларымыз әндерді фортепиано, баянмен нақышына келтіріп тұрып орындайтын. Қазір тіпті күйді де эстрадамен сүйемелдейтін жағдайға жеттік. Қазағымыз «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деп жатады ғой. Сол секілді тыңдармандардың көңілінен шығамыз деп жүріп, әрлеушілеріміз күйдің де, дәстүрлі әннің де берекетін кетіріп алды. Тыңдармандарымыз оның ар жағында қаймағы бұзылмаған қазақы болмыстағы әндерімізден алшақтап барады...
– Деңгей дегеннен шығады, Мұхит мектебі сіздіңше қаншалықты зерттелді? Оның бай мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткілікті деңгейде үлгі ете алдық па?
– Мұхит бабамызды нақты зерттеген адам – Ахмет Жұбанов. Өз басым Ахаңның зерттеулері жеткілікті деп ойлаймын. Өйткені, Ахаң зерттеу жүргізген кезде Мұхиттың көзін көрген ақсақалдар, замандастары болды. Ахаң солармен пікірлесіп отырып, зерттеулерін жазды. Рас, Ахаңнан кейін де бабамызды оңды-солды зерттеп жатқандар баршылық. Бірақ, олар былайша айтқанда, Мұхиттың көзін көрмеген комсомол шалдардың айтқандарын тарих етіп жазып жүр. Кейбіреулер тіпті бабамыздың бір әнін біреуге беріп жатыр, біреулер әкеліп қосып жатыр. Десек те, Мұхит бабамыздың ешкімге ұқсамайтын өзіне тән стилі белгілі ғой. Бүгінде Мұхиттың жиырма әні айналымда жүр. Оның бер жағында кейде Мұхиттың әндері болып кететін шығармалар да бар. Сол себепті де Ахмет Жұбановтың зерттеуі жеткілікті деген пікірімді жоғарыда текке келтіргенім жоқ.
Өйткені, кейіннен пайда болған «зерттеушілер» бабамыздың әндерінің шығу тарихын бұрмалап жүр. Мысалы, Мұхиттың «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай» атты әндерін бір зерттеушілер Айдай, Таңдай атты қос қызға ғашық болып шығарғаны дейді. Бұл енді қып-қызыл өтірік. Өйткені, бұл әнді Мұхит ұстазы Бала Ораз деген әншіге арнап шығарған. «Бала Ораз» әнінің атауы «Кіші Ораз» делініп, ақырында «Кіші Айдайға» өзгереді. Ал, негізінде «айдай» деген – әннің қайырмасында кездесетін одағай сөз. Кейіннен халық «Бала Ораз» қашанғы бала болып жүре береді, ол өсті ғой» деп қолқа салған соң, Мұхит бабамыз «Үлкен Ораз» әнін шығарыпты. Арада біраз уақыт өткен соң бұл ән «Үлкен Айдайға» айналып кетті. Бұл айтып отырғандарым – дәлелденген дүниелер. Сондықтан, зерттеудің жөні осы екен деп, ойға келгенді тарихқа таңа салудан сақ болуымыз керек-ау.
– Сөзіңіздің жаны бар. Енді кезінде өзіңіз бел ортасында жүрген айтыстың бүгінгі даму деңгейін қалай бағалайсыз? Кейінгілерге кімдерді үлгі етесіз?
– Айтыстың өлмейтін мектебі сонау Жамбыл бабамыз бен Құлмамбеттің, Біржан мен Сара қыздың заманында қалыптасқан еді. Ол айтыстар ақындар айтысының озық үлгісі ретінде тарихқа енді. Бірақ, қазіргі айтыс әнебір қызығушылығымды оятады дей алмаймын. Өйткені, қазіргі айтыс күні бұрын дайындалып, бір-бірімен келісе отырып, жаттап алатын драмалық айтысқа айналып кетті. Бір кездері облыс пен облысты, аудан мен ауданды айтыстыратын жақсы дәстүр болған еді. Ондағы мақсат ел мен елдің жетістігін, оған қоса кемшілігін айту болатын. Ақындардың айтысы ыстығы басылмай тұрып, баспасөз беттерінде жарық көретін. Көгілдір экрандарға шығатын. Айтыста айтылған сын түзелетін. Басшылар жауапқа тартылатын. Ең құрығанда, басшылар сыннан қорытынды шығаруға, жөндеуге тырысатын еді. Қазір сол дәстүр жойылып кетті.
– Сіз аты аңызға айналған Ғарифолла Құрманғалиевтың көзін көріп қалдыңыз. Тұлға ретінде оның нендей жеке қасиеттерін жоғары бағалайсыз?
– Ғарекеңді өз басым екі рет көрдім. Он үш, кейін 37 жасымда тау тұлғаның алдынан өткен екем. Жігіт ағасы болған шағымда Ғарекеңнің алдында үш ән айтып, өз аузынан бағасын алғаным бар. Мен үшін одан асқан абырой-беделдің де, атақтың да керегі жоқ.
Ғарекең – туа біткен әнші. Оның табиғи дауысына тең келетін өнер иесі әлі өмірге келген жоқ. Ол домбырамен де ән салды, операда да өзіндік ізін қалдырды. Аты аңызға айналған Мұхиттың шәкірттері Шынтас пен Шайқыдан дәріс алған Ғарекең Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді сомдады. Ол әрбір әуенді нақышына келтіріп, әуелете салған сайын әнге жан мен жүрек бітіріп, қазақ даласының дархандығын дауыс сазына сыйғызып жіберетін.
«Ғарифолла аңыратып, жамыратып ән төкпелеткен кезде тыңдаушының көз алдына арқыраған арғымақтар мен аса киелі аруаналар даласының кескін-келбеті келетін. Ақтарыла тасыған ақжарма өзендер мен ағын сулар әуені қыран құстардың қанат қағысы, алып таулар асқақтығы, ақиық ақын Махамбет жырының атойы бар бояуымен, ішкі рух нәр-нақышымен Ғарекеңнің өз жүрек түкпірінен шығып жататын» деген сөз бар ғой. Расымен де, Ғарекеңнің жеке өзі негізін салып кеткен әншілік мектептің осындай өзгеше орындаушылық шеберлікті қажет ететін дара қасиеттері бар. Ең бастысы, ол – дауысы мұқалмаған талант иесі. Белгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтің Ғарекең туралы кітапқа басылып шыққан мақаласы бар. Сол мақала – меніңше, Ғарекеңе берілген ең үлкен баға. Мен одан асырып ештеңе айта алмаймын.
– Сізді де өнерсүйер қауым үлкен тұлға ретінде бағалайды. Осы орайда ұрпаққа айтар аманатыңыз бар ма?
– Өнер адамы ретінде соңымыздан ерген ізбасарларыма айтарым мынау: Біз бабаларымыздан қалған асыл мұраны – дәстүрлі әндерді, күйлерді, терме-жырларды мейлінше табиғи қалпын бұзбастан бүгінгі күнге жеткіздік. Ендігі біздің аманатымыз келер буынға табиғи бояуын бұзбаған саф күйінде жетсе екен дейміз. Әрлеу бөлек. Ал, табиғи қалыпта ата-бабаларымыздың барлық болмыс-бітімі жатыр. Бүгінгі ұрпақ ұлы аманаттың осындай қасиетін естен шығармауы тиіс.
Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз