«Каспий – абыз, Каспий – аңыз»

ershu1 Мәдениет

Киелі мекен – Кең Жылыой жеріндегі Ақкиізтоғайды «Ақындар ауылы» деп бекерге атамайды. Әдебиетке деген сара жолын өлең өлкесінен бастаған ғалым Қабиболла Сыдиықовтың кіндік қаны тамған топырақта Меңдекеш Сатыбалдиев, Өтеген Оралбаев, Аманқос Ершуовтай арқалы ақындар туып-өсті. Әулие Бекет Ата өмірге келген Ақмешіт пен Қазақ елінің екінші Алтын адамы табылған Аралтөбе де – Ақкиізтоғай өңірінде. Алаштың азулы Әжібай биі мен айтулы Арал батыры, Назар ата сынды аруақты бабалардың сүйегі жатқан киелі топырақтан асылдың сынығындай сырлы ақындардың шығуы да табиғи заңдылық секілді. Алаштың азаттығы үшін айқасып өткен Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның табаны тиген Ұлы Жемнің іргесіндегі Ақкиізтоғайдан тұғырға көтерілген тұлғалардың осалы жоқ. Меңдекеш пен Аманқостардың сарқытындай болып «соқтықпалы» сара соқпақты таңдаған ақкиізтоғайлық ақынның бірі – Маржан Ершу!

«Жылыой – жыр бесігім»

«Әке көрген – оқ жонар…» дегендей, әкесі, ақын Аманқостан дарыған киелі сөздің жебесін жастай жонып, нысанаға дәл тигізер өткір өлеңімен ерте көзге түскен жылыойлық ақын қыз «Ақындар ауылынан» алыстап, Астананың төрінде тұрса да, тұғыр тұтқан туған жерін жырға қоспай жүре алмайды. Сондықтан да баһадүр бабаларының табанының табы қалған атамекені – үш жүз алпыс екі әулиелі маңғаз Маңғыстаудың төріндегі «Каспий – абыз, Каспий – аңыз» атты поэтикалық кешінде жыр маржанын терген ақын Маржан Ершудың өлеңдері сахнаға шыққаннан-ақ туған жерге, соның ішінде кіндік қаны тамған Ақкиізтоғай ауылына арналды. «Ақкиізтоғай. Аралтөбе. Алтын адам» мен «Ақкиізтоғай» атты жырлары – соның айғағы. Аралтөбенің алтын адамы арқылы туған өлкенің ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан сарматтар дәуірінен сыр шертсе, Ақкиізтоғайды арқау еткен жырымен «Ақындар ауылының» ежелгі атауының шығу тарихына үңіліп, оқырмандарына ой тастады.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы Достық үйінде өткен жерлесіміздің жыр кешіне Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Ы.Алтынсарин атындағы институттың директоры, академик Маржан Ғалымжанова мен маңғыстаулық барша әдебиетсүйер қауым қатысты.

Поэтикалық кештің шымылдығы ашылмас бұрын оқырмандар ақын, прозашы, драматург, сатирик Маржан Ершудың әр жылдары жарық көрген еңбектеріне арналған «Жылыой – жыр бесігім» атты кітап көрмесін тамашалап, жаңа туындыларымен танысты. Онда кеш иесінің  «Шығармашылық лаборатория», «Білезік» және «Бопай ханым», «Атырау маржандары»,  сонымен бірге әлем әдебиетінің жауһарлары Орхан Памуктың «Сезім музейі», Решат Нури Гүнтекиннің «Беймаза бозторғай» атты түрік тілінен аударылған кітаптары қойылған. Көрме сөресін Маржанның әкесі, ақын  Аманқос Ершуовтың шығармалары да толықтырды. Қызының ол туралы жазған әдебиеттері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары да көрініс тапты.

«Бастау. Бақашы. Бопай сай»

Сахна шымылдығы «Jasart» жастар театрының «Исатай – Махамбет» атты прологымен ашылды. Асау толқынды Қарт Каспийдің жағалауында Ақкиізтоғай, Аралтөбе, Алтын адам жайлы жырларымен жарқырап шыққан ақынның айтуынша, Бопай ханым да осы киелі туған жер топырағында дүниеге келген екен. Олай деуге нақты тарихи деректер болмаса да, ақын ретіндегі жеке зерттеуі осындай ойларға жетелеген.

– Халық әнінде айтылатын «Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең, Жылойдың таң қаларсың қызын көрсең. Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың, Қалқамның судан қайтқан ізін көрсең» деген ән жолдары Бопай ханымға арналған деген ой түйдім. Өлең жолдары оның сүйегі жатқан Орынбор мен табанының астына ақ киіз төсеп қарсы алған Жылыой арасындағы ежелден қалыптасқан байланыстың барлығын айғақтап тұр. Мұны Бопай ханымды зерттеп жүрген тарихшылар да жоққа шығара алмайды. Кешегі кеңес өкіметі кезінде мазары талан-таражға түскен хан жарының сүйегі қазір Ресейдегі әскери полигон аймағында қалды. Сондықтан оны Әбілхайыр хан жатқан «Хан моласына» әкеліп қайта жерлеу жөнінде де мәселе көтердім. Тарихи тұлға ретінде әдебиетте өзіндік бейнесі жасала қоймаса да, оның есімін есте қалдыру мақсатында Ақтау әуежайын Бопай ханымның атымен атау жөнінде ұсыныс жасадым. Бұл Бопай апамызға барша халықтың, қала берді мемлекеттің назарын аударатын бірден-бір амал болар еді, – деген кеш иесі кітап болып басылып шыққан «Бопай ханым» поэмасынан үзінді ретінде «Бастау. Бақашы. Бопай сай» атты 1-бөлімін оқып берді.

ershu2

Иә, батыстың батыр қыздарының бастауында Бопай ханымдай ерен тұлғаның тұрғаны анық. Қайсар жүректі ханның адал жары болған нәзік жан жайлы жырлар жазылғанда оның сіңлілері ұмыт қалуы мүмкін емес. Соның бірі – қанатты қыз Хиуаз Доспанова. Ол да ой түбінен сөз маржанын терген ақын жырларының арқауына айналғалы қашан? Бұл жолы ақын шабыты сырлы сазгер атыраулық Арман Жайыммен бірге қайсар да қанатты қыздың өзіндей көңіл көгіне ән болып қалықтады. Жүректі тебірентер туынды «Қыран қыз – Хиуаз» деп аталған еді. Оны Ақтау төрінде Мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова мен республикалық конкурстардың лауреаты Азамат Ізниев нақышына келтіре шырқап, көрермендердің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады. Бірақ, бұл ақын сіңлісі Хиуаз апасы жайлы өзге жыр жазбады деген сөз емес. Көзі тірісінде өмірі трагедияға толы ұшқыш, Халық Қаһарманымен кездесіп, сырласқан Маржан Ершу ол туралы поэма да туғызды. Кеш үстінде сол шығармасының «Аспандағы айқас» деп аталатын бөлігінен үзінді оқыды.

Маржанның әсем әндерге сырлы сөз жазуы, әрине, жалғыз «Қыран қыз – Хиуазбен» шектеліп қалмайды. Сонау 90-жылдардың аяғында алғаш шырқалып, мұнайлы астана атанған Атырау шаһарының әнұранына айналған сазгер Болат Қохамановтың «Атырау-арман» атты әні талайдың жүрегін жаулап алғаны рас. Міне, осы сұлу шығарманың сөзін жазған да ақын Маржан Ершу екені белгілі. Әдемі әуезді ән поэтикалық кештің сахнасында республикалық конкурстардың лауреаттары Әсет Алиев, Ақмарал Кәдірбаева, Азамат Ізниев, мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова сынды танымал әншілердің орындауында шырқалғанда сүйсініп қол соқпаған жан қалмады.

«Сен мені неге іздемейсің?..»

Ақын Маржанның пір тұтқан тұлғаларының қатарында Күй анасы – Дина Нұрпейісова мен Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы да бар. М.Ершу оларға да бір-бір поэмасын арнаған. Әрине, әрқайсысының өзіндік шығу тарихы бар. Айталық, Дина шешей жастау кезінде Маржанның түсіне кірген екен: «Сен мені неге іздемейсің, мен – Дина Нұрпейісовамын, менің үйім 8 март көшесінде» деп «ұрысқанында» ұйқысынан, шошып оянған ақын көп ұзамай Күй анасына жыр арнауға бел буады.

Бірақ, жаңа шығарманы өмірге әкелу оңай болмапты, ұзақ жылдар бойы толғанған. Осы уақыт аралығында күйшінің дауысы ақын көңіліне қорқыныш ұялатқанымен бірте-бірте шабыт тұлпарына қамшы бастырғандай еді. Кейін бойына күш беретін өнердегі піріне айналып, шығармашылығының шыңдала түсуіне себепші болды. Сондай бір шырқау шағында «Дина» атты поэманы өмірге келтіріп, мистикалық драма да жазып шықты. Сахна төрінде сол шығармасынан үзінді оқыған ақын батыр Бауыржанға арналған «Қоршауды қирату» атты  сюжеттік поэмасымен де көпшіліктің көңілінен шықты.

Маржан Ершудің «шығармашылық лабораториясы» жайлы елімізге белгілі қаламгерлердің ой-пікірлері топтастырылған бейнебаян көрсетілді. Іле-шала Әсия Ержанованың сомдауында «Уақыт диалогы» көрінісі қойылды. Онда өлең өлкесіне жаңа ғана қадам басқан жас қыз бен дәуір үні арасындағы диалог жыр айтысы арқылы жеткізіледі. Неге екенін қайдам, асау уақыттың үні болып естілген сахна сыртындағы қатқыл дауыс көрерменге Фариза Оңғарсыноваға ұқсап кеткендей көрінді… Расында да бұл көрініс балғын талант Маржан қыз бен ақиық ақын Фаризаның арасындағы диалог іспеттес  еді.

Иә, оның сыры кештің ІІ бөлімінде белгілі болды. Онда кеш жүргізушісінің қойған сауалына жауап берген ақын Маржан Ершудың өзі айтып берді:

– Мен Фариза Оңғарсыноваға поэма арнағым келді. Бірақ, жақсы жыр туа қоймады. Ал, ақын апамыз Махамбет бабамызды түсінде көрген. Оны ақынның «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» атты поэмасынан білеміз. Сондағы Махамбеттің Фаризаға қойған сұрақтарын негізге ала отырып, осы «Уақыт диалогы» атты жыр айтысын өмірге әкелдім,-деді ол.

Иә, расында да ақынның бұл жаңа формасы поэзия әлеміндегі жаңалық десе де болады. 

Әр ақын өлеңінің шығу тарихы бар. Әкесі, ақын Аманқос Ершуовтың «Дүкен іші дүния және қызыммен әңгіме» атты өлеңінің астарында да сондай бір себеп-салдар жоқ емес. Оны кеш үстінде көрермен сауалына орай кеш иесі баяндап, оқып берді.

Қарт Каспийдің ой-маржанын тербеткен

Кеште белгілі сатирик ақын Садықбек Адамбековтың сөзіне жазылған әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әні шырқалды. Әрине, әнге арқау болған Маржан қыз – Жайық өңірінің батыр қызы, тыл еңбеккері. Бірақ, маңғыстаулық көрермен бұл шығарманы кеш кейіпкеріне арнағандай қабылдады. Расында да ән кейіпкері тылдың қаһарманы болса, бүгінгі Маржан жыр-майданының батыры деген ойда қалдық.

Әрине, поэтикалық кеш тек оқылған жырымен, соған сай қойылған көрінісі мен шырқалған әнімен әсерлі болып қана қойған жоқ. Онда күмбір-күмбір күйлер де көкке шапшыды. Атыраулық қобызшы, Мәдениет саласының үздігі, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің солисі Ақнар Тәттібайқызының орындауындағы Ықыластың «Қасқырдың ұлуы» атты күйі бізді бір сәт дүбірге толы дархан далада бөрілі байрақ көтерген бабалар дәуіріне оралтқандай болды. 

Асау толқынды Қарт Каспийдің жағалауына келіп тұрып, маңғаз Маңғыстау жайлы жыр оқымау қай ақын үшін де күнә болары сөзсіз. Кештің ІІ бөлімі ақын Маржан Ершудің «Маңғыстау» поэмасымен қорытындыланды.

Мен тас едім,

Су түбінен қозғалдым.

Қиялменен қияларға озбаймын.

Жер мен Судың қасиетін ұғынып

Ой түбінен қозғаймын», – деп Маржан Ершу өзі жырлағандай, расында да поэтикалық кеші арқылы ақын Қарт Каспийдің тереңінде жатқан ой-маржандарын су бетіне шығарғандай әсер алдық.

Маржан Ершу кезінде Атырау – Жайық бойындағы есімі елге мәлім Маржандардың қатысуымен  «Атырау Маржандары» атты кеш өткізгені белгілі. Бұл идея да тосыннан туындағаны аян.  Сол жобаның дүниеге келуіне сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мұрындық болғаны рас. Енді, міне, киелі Маңғыстау өңірінің бүгінгі басшысы «Каспий – абыз, Каспий – аңыз» атты жеке шығармашылық кештің өтуіне де түрткі болған екен.

– Қазақ халқы ақынын ерекше қадірлеген. Талант иесінің әрбір сөзін қасиетті де қастерлі санап, оның мән-мағынасына келісіммен қараған. Ақындық өнер – адамның ішіндегі тұнып тұрған даладай дархан дара дарынды аша түсетін тылсым бір ғажайып күш іспеттес. Сол асыл мұраны иемденген ақын қызымыз Маржан Ершу – ақындық қасиетті туған әкесінен дарытқан қазақ жырының ақ маржаны. Сіздей өлең өлкесінің өзгеше өрілген поэзия әлемін маңғыстаулықтар да жылы қабылдады. Ендеше, Қарт Каспийдің жағалауында Ақтау қаласындағы өткен поэтикалық жеке шығармашылық кешіңіз құтты болсын! Қаламыңыз ұшталып, шалқар шабытпен шығармашылық шыңдарды бағындыра беріңіз, – деді Атыраудың ақын қызына барша маңғыстаулықтар атынан жүрекжарды жылы лебізін білдірген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Иә, Қазақстан Жазушылар Одағының және Түркиядағы Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Түркітілдес елдері  поэзия фестивалінің лауреаты, ақын, прозашы, сатирик, драматург, аудармашы Маржан Ершудың поэтикалық кеші осылайша өз мәресіне жетті.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

Атырау-Ақтау-Атырау

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз