«ҚАР ЖАМЫЛҒАН ГҮЛДЕР»
Жастардың арманы мен мақсатын, үміті мен күдігін, қорқынышы мен сенімін көрсететін қойылым жас көрермендерді бірден баурап алды.
«Қар жамылған гүлдер». Бұл — татар драматургы, жазушы, режиссер Евгений Гришковецтің «Зима» атты пьесасының аудармасы болатын. Орысшадан аударған – ақын, «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Артур Яхуда.
Қойылым әуесқой актерлердің күшімен сахналанды. Режиссері – Жанат Телтаев. Суретшісі – Тимур Қойысов. Олар – Махамбет атындағы қазақ драма театрының кәсіби мамандары.
Ал, қойылымда ойнаған әртістердің дені – студенттер. Атап айтқанда, 1-ші сарбаз рөлінде – Думан Меңдешев, 2-ші сарбаз – Мерей Әбуғалиев және мектеп оқушысы образын сомдаған Гүлдана Әділбаева. Үшеуі де – Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері. Сондай-ақ, үш бірдей образда ойнаған Меруерт Қабылова – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті. Ақшақар рөлін Бекзат Маратова сомдады.
Бірден шиеленіспен басталатын қойылымның желісі былай өрбиді: Әскер қатарында жүрген екі сарбаз тапсырмамен жау тылына келеді. Түн. Қыс мезгілі. «Мына күн қашан жылынады-ай?» , «Саусағым сіресіп қалды» деген диалогтарынан қатты аяз екенін білесің. Олар бұйрық бойынша орналасқан жерден жарылғыш құралды іске қосуы керек. Бірақ, бұйрық неге екені белгісіз, кешіге береді. Қатты қысқан аяздан олар не істерін білмейді. Бастан кешкендерін әңгімелеп, уақыт өткізеді. Біресе күлдіргі, біресе қайғылы әңгімелер айтады. Екеуі де есінен адаса бастайды. Осы кезде олардың өткен өмірлері көз алдарына келеді. Бақсақ, оқиғалардағы он адамның образын бес актер ғана сомдайды екен. Оның бәрі де киімін сахнадан кетпей ауыстырады (Бір киімді шешсе, ішінде басқа бір киім болады). Қойылым сонысымен де ерекше болды.
Екі сарбаз сахнада басқа оқиғаларды ойнап келеді де, өз орындарына қайта оралады. Яғни, естері кіресілі-шығасылы деп ұқтық. Естері кіргенде сарбаз болады да, жындана бастағанда өзге оқиғаны еске түсіріп, ойнап кетеді. Әбден қалжырап, тоңған екеуі тіпті жылыну үшін құшақтасып та жатады. Біресе ыңырсып жылайды, біресе күледі. Осынау қорлыққа шыдай алмаған бір сарбаз: «Дүние жүзінде қаншама мың адам бар! Бірақ, неге мен ғана тоңуым керек?!» деп жанұшыра айқайлағанда көпшіліктің көзіне жас үйірілгендей әсер етті.
Ақыры, олар «жылынатын» сылтау табады. От жағып жылынайын десе сіріңке де, ақ ұлпа қардың үстінде тал-теректер де жоқ, тек жарылғыш бомба ғана бар. Оны тек бұйрық келгенде ғана іске қосу керек. Әбден қалжыраған оларға жарылғыш құрал шырша болып елестейді. «Ақшақарды шақырамыз. Шыршаны жағамыз» дейді. «Жасыл шырша, жайнай түс!» деп үш рет айқайлап, жарылғышты қосады. Көк түтін. Дабыл дауысы құлақ тұндырады. Себелеп қар жауады.
Көк түтін мен қардың арасынан Ақшақар шығады. Ақшақар: «Жігіттер, қайдасыңдар!» деп айқайлайды. Орындалмаған арман мен ақталмаған үміт жаңыңды ауыртады.
Оқиғаға ойша араласып, іштен тынып отырған, залға көптеп жиналған жастар, спектакль біткен кезде кетуге асықпады. Өйткені, бұл тақырып жастардың жүрегіне жақын еді.
Р.S. «Театры көп елдің мәдениеті жоғары» деген сөз бар. Мәселен, Мәскеу қаласында «Жертөле театрынан» бастап, «Студенттік театр», «Поэтикалық театр», «Арбат театры», тағы басқа ресми-бейресми театрлар көп. Олардың көрермендері спектакльге билетті бір ай бұрын сатып алады екен. Әйтпесе, құр қаласыз. Бізде де соңғы уақыттағы үрдіс осы игілікке жеткізеріне сенім мол.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.