«МАРЖАН ҚЫЗ» деген ғажап қой…

chpirapraraprara Жаңалықтар

Таяуда Facebook әлеуметтік желісінен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жазбаларын оқып қалған болатынбыз. Ақын қыз өзгеше бір жаңалығы мол жоба туралы әңгімелеген екен. Журналист деген халық жаңалыққа жаны құмарлығымен ерекшеленеді емес пе? Сол сәтінде Маржан Ершуға телефон шалып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Маржан, әлеуметтік желіден «Маржан қыз және Атыраудың Маржандары» атты кеш өтейін деп жатқанын естідік. Осы туралы толығырақ айтып кетсеңіз…

– Белгілі композитор Әбілахат Еспаев 1951 жылы «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған – белгілі сатирик ақын Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Жайық өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш-қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін та-нытып, 18-ден асқан шағында 1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста еді. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген.

«Маржан қыз» әлі күнге дейін көпшіліктің сүйіп айтар әні. Келер жылы «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толады екен. Сол әннен соң Атырауда дүниеге көп Маржандар келгені анық. Осыған орай, Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың ұйымдастыруымен «Маржан қыз және Атыраудың Маржандары» атты бір шара өткізсек деп отырмыз, бұйырса. Өзіндік мәнері, өзіндік әдемілігі, өзгеше бір стилі бар тағылымдық шара болмақшы.

– Композитор Әбілахат Еспаев «Жайық қызы» әнін де жазды ғой…

– Елуінші жылы Зейнолла Қабдоловтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтың «Жайық қызы» әні көпшілікке кеңінен тарады, қазір де әнсүйер қауымның ықыласына бөленген туынды. «Жайық қызы» туралы акаде-мик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовым» кітабында: «Қызық болды. Талқылау тойға айналып кетті. Мәкен бастап, бәріміз ән салдық. Сонда Мұхаңа екі әннің мәтіні, әсіресе екі әннің екі жолы қатты ұнаған. Бірі – Нұрсұлтан Әлімқұловтың «Сыры ғой бұл екеуміздей талайдың» деген сөзі де, екіншісі – менің «Болсайшы бәрі сон-дай қарындастың» деген сөзім. – Сол әннің соңғы шумағын айтшы! – деді Мұхаң. Айттым:Ажары атқан таңдай ару жастың,Қасы бар қанатындай қарлығаштың, Жанары жан біткенді елжіреткен,Болсайшы бәрі сондай қарындастың.

«А-һа-һай, дариға-ай!..» Осы шумақты тыңдағаннан кейін жады-на өзінің жалын құшқан жастық шағы, жас шақтағы ессіз шырғалаңы, тап-таза уыз ма-хаббат таңы – бәрі кенет қайтып оралып, ойын да, бойын да қатар баурап алды ма, кім білсін, әйтеуір Мұхаңның жадырағанын көрсең.

Қарасұр сұлу жүзі нұр-шұғылаға тола балбұл жайнап: – Қайда сол қарындасың? – деп орнынан тұрып кетті. Жан-жүрегім елжіреп кетті. Есіме Сәуле оралды. Бәрінен де айрықша аппақ болған ақ Сәуле! Сәуле менің ұғымымда өзімнің «Сәулеме» айналғандай түйсіндім» деп жазады.Сәуле апай – Зейнолла ағайдың жары. Тайсойғанның қызы. Зейнолла Қабдолов менің ғылыми жетекшім.Тоқсаныншы жылдардың соңында ҚазМҰУ-де аспирантурада оқып жүргенімде, Зейнолла ағай маған былай айтып еді: «Елуінші жылы Әбілахат Еспаев «Жайық қызын» шығарды. Содан кейін «Маржан қыз» деген ән жазам. Зеке, сөзін жазып берші. Маржан қыз – сенің жерлесің ғой» деді. «Әбеке, мен – ақын емеспін, ғалым кісімін. Қыздарға арнап сөз жаза беретін қабілетім де жоқ» деген едім.

Содан Әбілахат «Маржан қыз» әнінің сөзін Садықбек Адамбековке жаздырды. Садықбек лирик ақын емес қой. Ән жақсы, сөзі де жақсы. Бірақ үшінші шумақтағы«Шығасың ба алдымнан, шықпайсың ба? Москвадан жұлдыз ап келген күні» деген сөзі қонымсыздау. Москвадан жұлдыз алып келген Садықбек емес, Маржан Енбаева ғой! Және сол сөзден қорқам, бұл ән орын-далмай қала ма деп. Өзі сондай жақсы ән. Ол шумақты алып тастасаң, екі шумақпен ән бола ма?! Өзгертуге тағы болмайды, авторлық құқық деген бар. Сен өлең жазып жүрсің ғой. Сөзге сақ бол, сөзге мән бер» деген еді. «Маржан қыз», бірақ, әншілердің репертуарынан түспеді. Халық та ұнатады бұл әнді. «Шығасың ба алдымнан шықпайсың ба? Москвадан жұлдыз ап келген күні» деген сөздің өзі қазір атыраулықтарға жылы естілетін сияқты ма қалай өзі?!

– «Атыраудың Маржандары» деген атау ойларыңызға қайдан келді?

– Нұр-Сұлтанда өткен ЭКСПО-2017 көрмесінде бір қызық жағдай болды. Дизайнер, сәнгер Маржан Маршалл, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер Гүлмаржан Махамбет үшеуміз көрмеде, киіз үй жанында әңгімелесіп тұрған едік. Сол кездері облыс әкімі Нұрлан Ноғаев нөкерлерімен Атыраудың көрмесін аралап келе жатыр екен. Бізді көрді де, амандасып «Мұнда Атыраудың Маржандары жиналып қапты ғой» деді де әрі қарай кетті. Үшеуміз атымыз есімізге түскендей бір-бірімізге қарадық: «Не деді? Атыраудың Маржандары деді ме?». Сол күннен бастап жаңа термин пайда болды. «Атыраудың Маржандары» терминінің авторы – Нұрлан Ноғаев. Сол үшін ол кісіге рахмет айтамыз.

– «Атыраудың Маржандары» атты кешке кімдер қатысады?Кештің бағдарламасы қандай болмақ?

– Кешіміздің басты геройы «Маржан қыз» – Маржан Енбаева. Маржан апайды еске алып, есімін құрметтеу – бірінші міндетіміз. Өзімнің атым Маржан болғандықтан, Маржан есімді қыздарды жақын тұтамын. Атырауда Маржан есімді қыздармен таныссам, осалы жоқ. Бәрі мықты. Мені бұл қатты таңғалдырды. Бұл кештің жоспары туралы үш жыл бұрын ойлағанмын. Бірақ айтулы датаны күтуіме тура келді.

Басында фейсбук парақшамда «Атыраудың Маржандары» деп пост жазып, Маржандарды таныстырудан бастадым. Кішкентай кезімізде Маржан Боранбаеваның есімін көп еститін едік. Мектепте еңбек адамдары туралы тәрбие сағаттарында Маржанның фотоларынан стенд жасалатын. «Жылыой ауданынан шыққан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, мұнайшы оператор, нағыз еңбектің адамы, елге адал қызметімен ерлік жасаған тұлға» деп апайлар түсіндіріп жататын.

Аттас болған соң, Маржан Боранбаева маған ұнайтын. Өскенде іздеп тауып алып, сол кісі туралы жазсам деп ойлайтынмын. Бірақ Маржан Боранбаеваның ғұмыр жасы келте болды. Мектептің үлкен класына жеткенде, Маржанның капыда қаза болғаны туралы хабар ауданымызды бір селт еткізді. Ел аманатын арқалап Мәскеуге барған мұнайшы апайымыз қапылыста газ жарылы-сында көз жұмған.

Одан кейін мен Маржан Боранбаева туралы іздеп жүрдім. Мүмкін, баспасөзде материалдар жазылған болар. Бірақ көзіме түспеді. 2019 жылы Маржан Боранбаеваның туғанына – 70 жыл, өмірден өткеніне – 30 жыл болған екен. Газеттерде жазылды ма, еске алу кеші болды ма?! Еш хабар естімедім ел жақтан.

Бір кезде Жылыой жұртына мақтан болған мұнайшы қыздың ауданның 90 жылдық мерекесінде де аты бір аталып қалар деп едім. Болмады. Атырау энциклопедиясында да оның аты болғанмен, фотосы жоқ болып шықты. Маржанның түрі қандай? Маржан қандай адам болды? Білетіндер неге айтпайды? Жылыой ауданы энциклопедиясында бар екен суреті. Аз болса да өмірбаяны беріліпті. Маржан Боранбаева ауданның музейінде айшықты орын алуы тиіс. Сіңірген еңбегі бар елге. Мұнайшы Маржанды ел ұмытпасын деймін. Кеште Маржан Боранбаева апамызды да еске алмақпыз.

Кешке қатысатындар арасында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің солисі, мәдениет қайраткері Маржан Төреханова, «Өрлеу» БАҰО филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ақпараттандыру академиясының академигі Маржан Ғалымжанова, Махамбет атындағы академиялық драма театрының суретшісі, модельер, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, «Гүлмаржан сән үйінің» директоры Гүлмаржан Махамбет, суретші-дизайнер, сәнгер, «Маржан Маршалл» сән үйінің директоры Маржан Маршалл, аудармашы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Диарова және басқалар бар. Барлық Маржанмен кешімізге келгенде таныс боларсыздар деп ойлаймын.

Маржан Төрехановамен танысқаным қызық болды. Ерік Құрманғалиев туралы кітап жазғанымда, Бибігүл Төлегенова апаймен жақсы араластым. Бірде телефон шалғанымда, Бибігүл апай «Маржанмын» десем, «Атырау жақ қалай? Амансыңдар ма?» деп сөйлеп жатыр. «Маржан Төрехановамен шатастырып тұр-ау» деп, «Апай, мен әнші Маржан емеспін, ақын Маржанмын» деп едім, Бибігүл апай күліп жіберді. Ол үнемі сөзінде «Атыраудағы шәкіртім Маржанды ойлап жүрем» деп маған сырттай Маржанды әбден та-ныстырып тастады. «Атырауда қалды, тұрмысқа шықты.

Үш-төрт баласы баласы бар. Жолдасы да бір бала сияқты. Өздері қаланың сыртында жер үйде тұрады. Қатты қиналды, тұрмыс тауқыметі оңай ма әйелге? Су тасиды, көмір тасиды от жағып. Дауысы түгілі, өзін ойлайтын уақыты жоқ болды. Ондай адамды Атырауда концертке де шақырмайды ғой. Сондай жақсы шәкіртім еді, нағыз әнші! Республиканың опера сахнасында жүретін әнші. Алматы, Астанадағы әншілердің күтімі жақсы ғой. Таңғалатыным, сонша жыл тауқымет көрсе де, Маржанның дауысында мін жоқ. Маржан Төрехановадай әнші Батыс Қазақстан аумағында жоқ. Ол жалғыз түйір! Сондай талантты шәкіртім қиналып жүргенде, үйде қалай отырайын?! Облыс әкіміне барып, Маржанға үй сұрап, Атыраудан үй алып бердім. Қазір оркестрдің солисі. Өзімнің Алматыда өткен жеке концертіме шақырып, Маржан екеуміз дуэт орындадық» деген еді.

Содан маған Маржанды көру, әнін тыңдау бір арман болды. Шынында, Бибігүл апай айтқандай, Маржан ғажап әнші екен. Шығыстың ұлы ақыны Сағди «Сор-батпаққа салсаң да, маржан тасты тот баспайды, сол қалпында қалады» деп еді ғой.Кеште өнер көрсететін Маржандар – сондай аяулы Маржандар. Бұл кеште Дина, Хиуаз, Фариза, Дина шешеміздің образын сомдаған атақты күйші Бақыт Қарабалина апаларымызға да қошемет білдіреміз. Олар да өлкемізден шыққан даңқты апаларымыз ғой.

– «Хиуаз» деген ән шығардық, клип түсіруге атыраулықтардан көмек жоқ» деп жаздың. Хиуаз Доспанова туралы әніңе қолдаушылар табылды ма?

– Иә, тыңдайтын құлақ бар екен. Аллаға шүкір. Бақытгүл Хаменова мені мұқият тыңдап, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің да қолдайтынын жеткізді. Бұйырса, келер жылы «Хиуаз» әнінің клипі жарыққа шығады. Сондай-ақ, келер жылы 2021 жылы – Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы. Осыған орай әкімдіктің қолдауымен Махамбет атындағы академиялық драма театрында «Дина» мистикалы-музыкалық драмам қойылатын болды деп хабарлады.

– Сөзіміздің басы «Маржан қызбен» басталып еді. Бұл өзі бұрын-соңды болмаған кеш болайын деп тұрған сияқты. Қолдаушыларыңыз бар ма?

– Қазір «Атыраудағы Маржандар» қызу жұмыс үстінде. Әрине, кештің өзіндік әдемілігі болатын сияқты. Әйел деген әдемі әлем ғой. «Маржан қыз және Атыраудың Маржандары» деген үш тілде арнайы журнал шығармақпыз. Әр Маржанның көрсетер өз өнері, өз дүниесі бар. Кешімізге елге ардақты апаларымызды құрметті қонақ қылып шақырғымыз келеді. Жақында Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи хабарласып, біздің бастамамызға бірінші боп қолдау білдірді. «Маржан қыз – Маржан Енбаева индерлік. Әннің 70 жылдығына арналған шара бізді де қуантады. Индерде өткіземіз» деді. Мейірім Жоламанұлы ойлы жігіт қой. Мұрат Мөңкеұлына, Табыл Досымовқа ескерткіш қойды. Маржан қызға да бір белгі қояр.

Маржан қыз – менің ұғымымда жылқышы қыз. Еңбек Ері атағын осы еңбегі үшін алған. Мойнында маржан моншағы, қолында құрығы бар атқа мінген жылқышы Маржан қызды қиялымда күнде көрем. Жылыойлықтар да Маржан Боранбаеваны бір еске алатын болар деп ойлаймын. Әрине, облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы ағамыз ұсынысымызды қолдайды деп ойлаймыз.

Ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлы: «Қаумалаған қарындас, Қазақта бар да, Менде жоқ» деп қарындастың қадірін екі-ақ ауыз сөзімен айтып кетпеді ме?! Ал, кешегі Маржандар да, бүгінгі Маржандар да, ертеңгі Маржандар да біреуге апа, біреуге қарындас емес пе?!– Маржан, әңгімеңізге рахмет. Сіздерге табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз