ӘН ҚАЛЫҚТАП, ЖЫР ТӨГІЛДІ

Атырау қаласының мәдениет күндері есте қаларлықтай ерекше өтті

Көз  жауын  алған жауһарлар

«Ынтымақ пен бірлік - Мәңгілік ел тұғыры» атты өнер фестивалін өткен жұма күні Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Атырау қаласының өнерпаздары жалғастырды. Үлкен тарихи даталарға орайластырылып өткізілген осынау шараға Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

«Мәдениет – елдің мәйегі» демекші, небір талант көп ішінен, халық арасынан шығады. Тамаша ұйымдастырылған мәдени шара театрға кіреберістен басталды. Фойеде Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі музыка мектептері ұжымдарынан құралған оркестр, этномәдени орталықтардың өнерпаздары өнер көрсетті.

Театрдың екінші қабатынан орын алған көрмеде бір ғана Атырау қаласы ғана емес, сонымен бірге Астана, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтау қалалары суретшілерінің туындылары қойылыпты. Бұл көрме «Ақжелкен» шығармашылық орталығы қорындағы сексенге тарта суреттен жасалған. Сондай-ақ, «Дала дарабоздары» фестивалінің жүлдегерлері ұсынған туындылар да, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жасақталған көрме де келушілер назарынан тыс қалмады. Ал, Атырау селолық округіне қарасты Құрманғазы өндірістік коопертивінің тұрғыны Меруерт Кенжеғалиева өзінің өрмек тоқитын қондырғысымен келіпті.

– Бұл – атадан балаға мирас болып келе жатқан көне бұйым, – дейді ол бізбен арадағы әңгімеде. – Мұнымен менің анам өрмек тоқыған. Енді, міне, қазіргі иесі менмін. Қолымнан келгенше қыздарым мен келіндеріме өрмек тоқудың қыр-сырын үйретудемін. Олар өздерінің ұрпақтарына аманаттайды. Осылайша ұлттық қолөнеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дами береді…

Атырау қаласында өзінің жеке кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Бұл күні солардың дайындаған кондитерлік, балық, тәтті тағамдары да көрмеден орын алған.

 

Жеңісті жырлаған  кеш

Атырау өнеркәсібімен, «қара алтынымен», бағалы балығымен ғана емес, талантты өнер саңлақтарымен де белгілі. Бұл күнгі мәдениет күндерінің шымылдығын Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының «Қазына» би ансамблі «Бейнелер» биімен ашты. Бұдан кейін қалалық білім бөлімінің ұлт-аспаптар оркестрі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Фантазия» мен Н.Тілендиевтің «Алтын дән» симфониялық поэмасын тамылжыта орындады. Оркестрге ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Қуаныш Кипиев пен халықаралық фестивальдің лауреаты Жағыпар Хамитов дирижерлік етті.

 Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай концерттік нөмірлердің дені патриоттық рухты көтеретін тақырыптарына арналды. Зал толы  көрермен термешілер тобына, «Жайық қызы» халық би ансамблінің «Дала үні» биіне, трио – Айдын Жұмабаев, Күзенбай Шәмші, Дияр Нұрсұлтановтар орындаған Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамалы» мен он бірінші сынып оқушысы Татьяна Кабанкина салған «Ах, эти тучи голубом» әніне қайта-қайта қол соқты.

Біздің өңірде өздерінің мүмкіндігі шектеулі болса да, өнерімен көпті тәнті етіп жүрген жастар көп. Солардың бірі – зағиптар қоғамының мүшесі Данияр Идаятов. Ол театр сахнасына «Журавли» әнімен шықса, қаламыздың әжелер хоры «Ақ көгершінді» тамаша орындады. Арасында өнер көрсеткен «Камелия» халық би ансамблінің «Солдатская пляскасы» да, Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің «Рауан» ұлдар ансамблі де, осы білім ордасының студенті Айбар Ғаниұлы орындаған «Отан» әні де көп көңілінен шығып жатты.

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын атыраулықтарға бұл кеште театр залынан орын болмай, біразы түрегеп тұрды. Орындаушыларға үлкен қошеметпен қол соғумен болды.

– Біз театрда болып тұратын қойылымдарға жиі келеміз. Ал, осы жолы сүйікті қаламыздың мәдениет күні тіпті ерекше болды. Кәдімгідей тынығып қалдық, – дейді қала тұрғындары Ақборық Амантуриева мен Татьяна Сәрсенқызы.

Ал, ендігі бір көрермендер бастауыш сынып оқушысы, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас әнші Қуанышбек Айсағалидың, қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі, әнші Құралай Атолланың, «Иверия» би ансамблінің, әнші Ирина Бибияеваның, «Жұлдыз» және «Фантазия» би ансамбльдерінің, жас әншілер – Мати Молдарахманов пен Нұрсәт Тұрғалидың өнерлеріне тәнті болғандарын айтты.

Екі сағат бойы ән-күйден шашу шашқан қаланың өнер иелеріне Атырау жұртшылығы зор құрмет көрсетіп, ұзақ қол соқты. Есте қаларлықтай болып өткен қаланың мәдениет күні соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атынан «Ықылас гүлі» ұсынылды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз