Жарнама
Мәдениет

ҚАБИРА ӘЖЕНІҢ ЖҮЗІНШІ КӨКТЕМІ

Осы аймақтағы жиырмасыншы ауылдың Кендірлі деген жерінде 1916 жылы дүние келген Қабира Қонжанбаева өзге де замандастары секілді зұлмат соғыс жылдарын басынан өткерді. Жолдасы Төлеген партия қатарында қызмет атқара жүріп, алғашқылардың бірі болып 1941 жылы майданға аттанады. Ал, үйінде бала-шағаға қарап қалған Қабираны 1942 жылы Гурьев-Астрахан теміржолы табанын төсеу жұмысына алып кетеді. Сол кездегі жас ана осы сәттен бастап соғыстың ащы дәмін татады.   «Барған жерімізде күн-түн демей жұмыс істедік. Әсіресе, қыс түскенде тіптен  қиын болды. Әл-дәрменің құрып, өзің әлсіреп жүргеніңде қыс қаһарына мініп, денеңді аяз қариды. Сонда бір күнге азық қылатының бір тілім қара нан мен бір қасық секер ғана. Сөйте жүріп жұмыс талабын орындауың керек. Өйтпесең төбеңнен қарап, жекіріп тұрып жұмсайды. Зіл темірмен жер қазғанда қолымызды көтере алмай қалатынбыз. Соның салдарынан денсаулығыма күш түсіп, екі аяғымды баса алмай қалдым». Бізбен әңгіме барысында әже осылай деп бір ауыр күрсініп алды.

Бұдан кейін ауылда балалардың қасында қалған ата-енесі келінінің  сырқаттанып қалғанын естіген соң түйе арбамен келіп, оны еліне алып кетеді. Ауылға барған соң қазақы ем алып, аз да болса сырқаттың беті бері қарайды. Мұны естіген ауылдық кеңес мүшелері келіп, жұмысқа кері қайтуын сұрайды. Алайда, енді ауыр жұмысқа шамасының келмейтінін айтқан Қабира әжеге «соғыс мезгілінде бос отыруға болмайды» деп қамыс шабуға бір өгіз бен арба береді. Және күніне 25 баудан қамыс шауып тапсыруды міндеттейді. Шапқан қамысын мекемелерге отын үшін тапсырып отырады.

Қабира әже осылайша соғыс жылдары өмір сүрудің оңайға түспегенін айтады. Соғыс аяқталысымен 1945 жылдың көктемінде жолдасы Төлеген де екі аяғынан бірдей оқ тиіп, балдаққа сүйеніп, елге жетеді. Әжейдің өзі жеті жыл қатарынан сауыншы болып жұмыс жасайды. Содан кейінгі жылдары егіншілікті кәсіп етеді.

Ел басына күн туған уақытта өзін аямай жанкештілікпен еңбек еткен анаға қарап қазақ қыздарына тән қайсарлықты, өжеттілікті, батылдықты көресің. Бүгінгі күні жасы жүзге жеткенімен, әлі де тың отыруының себебі осында болса керек. Өміріндегі тынымсыз еңбегі одан әрі шыңдай, қайрай түскендей. Әлі де қарап отырмай қолына ине-жібін алып, өз түймесін өзі қадап, көрпе құрайды. Елдегі, дүние жүзіндегі саяси жаңалықтардан да хабардар.   

Тұңғыш ұлын 1939 жылы дүниеге әкелген ол кейін тағы жеті құрсақ көтереді. Қабира әже – тыл ардагері ғана емес, сондай-ақ, алтын құрсақты ана. Қазір бес баласы бар, төрт ұл және жалғыз қызы  – Алтын. Қабира әженің байлығы – 13 немересі, 25 шөбересі, бір шөпшегі мен бір неменесі. Ұрпағы жан-жаққа қанат жай-ған әженің шөберелері Америка, Канада, Ұлыбритания секілді алып елдерде білім алуда. Ал, немерелерінің көпшілігі Алматыда тұрады.  

Заманның түрлі шақтарын басынан өткеріп, көпті көрген Қабира әжемен әңгімелесу барысында оның Елбасын ерекше құрметтеп, мақтан тұтатынын  білдік. «Елбасымыз – Қазақ елінің бағына біткен жан. Қазақстан бұрын-соңды дәл қазіргідей шалқып-тасып көрмеген. Президентіміз бүгінде елді жоғары деңгейге жеткізді. Мықты қамал,  қауіпсіздік орнатты. Соның арқасында алаңсыз өмір сүрудеміз. Не ішем, не кием демейміз. Ең бастысы, елің үшін, өзің үшін еңбек етсең болғаны. Ұрпағымыз осыны ұғынсын.    Адамға бейбіт өмірден асқан байлық жоқ. Еліміздің азаматтары осы байлықтың бағасын білсе екен деймін», — деді ол.

Мәлике МӘЛІК.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button