АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ АТЫ ШЫҚТЫ

Мәдениет пен өнер саласындағы еңбектері еленіп, Қайыршақты балалар саз мектебі Халықаралық деңгейде марапаттауға қол жеткізді. Бұл ұйымшыл ұжымның бірлесіп жеткен жеңісі десек, артық болмас. Жақында Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь елдерінің үздік музыка мектептерінің әртүрлі рейтингілік көрсеткіштерін саралаған шарада жүлдеге қол жеткізген жүлдегерлер сапында Атырау қаласының Қайыршақты балалар саз мектебінің аты аталды.

Білім және педагогика ғылымы саласындағы ерекше еңбегі үшін оқушылардың қабілеттерін арттыруға үлес қосқан сала басшысы ретінде мектеп директоры, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, профессор О.Д.Бахтияров халықаралық «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, оқу процесінде жаңа технологияларды инновациялау оқытуда жеткен жетістіктері және осы салада ұзақ жыл жасаған еңбегінің нәтижесінде жоғары санатты қобыз пәні мұғалімі, тәрбие жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету және кадрлар өзгерістерін енгізу ісі жөніндегі орынбасары Света Бақтыгереева «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалінің иегері атанды. Қазақстан Республикасы бойынша мектебіміздің озық инвариантты, вариативті курстарды дамытудағы еңбектері ескеріліп, оқушылармен мәдениет және өнер саласында тиімді жұмыс жасаған мектеп ретінде «Сала көшбасшысы-2013» қабырға медаліне ие болды.
Білім беру жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты өнерге баулу мен тәрбиелеуде орасан еңбектері үшін жоғары санатты мұғалімдер Сәрсембай Берғалиев, Гүлима Наурызбекова, Ғалия Аженова «Жыл маманы – 2013» дербес сертификатына ие болды.
Осы аталған марапаттарды иелеріне Қайыршақты селолық округінің әкімі Шапхат Қалиев салтанатты жағдайда табыс етіп, олардың шығармашылық жұмысына табыс тіледі.

Нұрлан ДОСТАНҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз