Жарнама
Мәдениет

Көшпенділерден жеткен сарын

фолькор

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың ұлт тарихынан сыр шертіп, әр қазақтың  рухын серпілткені ақиқат.

Маған ерекше ұнағаны – тарих, әдебиет, мәдениет архивінің цифрландырылып, өркениеттің биік сатысына қадам басу жобасы. Бұл жұмыстарға байланысты тапсырмалар да өте нақты берілді. Айталық, мәдениет пен тарихтың алтын бесігі – Түркістан қаласының  рухани-мәдени орталыққа айналу жобасы әр қазақтың көңілінен шығар дүние. Мақаланы оқи бастағаннан-ақ көз алдыңа жаңа ғасырдағы жаңарған Қазақ елі, ондағы халықтың ауқатты тұрмыс-тіршілігі, бабалардан қалған салт-дәстүрлерді берік ұстанған антына адал, сертіне берік жасампаз халық келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясының өте өзекті екенін бұрынғыдан да ұғына түсесің.

Жалпы, кемеңгерлік пен ойшылдық біздің халықтың бойында әу бастан ұялаған ғой. Мақаладағы жобалар іске асырылса, қазақ мәдениеті ХХІ ғасырда екінші тынысын ашып, аңыздағы тұлпарлар секілді айшылық жерді алты аттайтын қасиетін танытқалы тұр. Жылқы культі жанданып, бәйге, көкпар секілді қаныңды қыздыратын ұлттық спорт түрлері әлемдік деңгейде өтеді. Бұл шаралар өркениетпен бірігіп, өзінің өміршеңдігін, қазақтың кім екендігін төрткүл дүниеге паш етеді. Қошқар мүйіз стиліне жаңа стильдер қосылып, ұлттық дизайнымыз көз тартарлық сипатқа ие болады. Жаңа Жібек жолы жобасы өзге елдермен экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды күшейте түседі. Ер Түріктің бесігі – Түркістан қаласының дамуы бүкіл қазаққа рухани күш-қуат, жетістік пен табыс сыйлары даусыз.

Әрине, біздің ұлттық төл тарихымыз тым тереңде жатыр. Ат үстінде күн кешіп, бес қаруын асынған, ел мен жер үшін басын бәйгеге тіккен бабалар ғұмыры да тым күрделі. Бірақ, олар Ұлы дала мәдениетін қалыптастырып, ақсүйектік дәрежеде өмір сүрді. Көшпенділер тарихының ақиқаты да осы-тұғын. Оның айғағы – бабаларымыздың алтыннан киім киіп, өзгелерден даңқын асырған жауынгерлігі. Мақалада «Алтын адам» мифологиясына көңіл бөлініп, дала өркениетінің эстетикасы ерекше суреттелді. «Түркі әлемінің генезисі» деген жоба ­– тарих пен әдебиеттің, мәдениеттің тоғысқан тұсы. Алдағы жылы Астанада Түркологтардың  дүниежүзілік конгресі өтеді. Осы конгресте бірқатар елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылады. Аталған шара аясында түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» аясындағы тапсырмалар тікелей мәдениет саласына қатысты болмақ. «Дала фольклорының антологиясы», «Ұлы  даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттілігі ұлтымыздың ұлылығын айшықтайды. Орталық Еуразия мен барша әлемге қазақ музыкасын жаңа заманауи форматта дәріптеу алғашқы мәселелердің қатарында аталды. Цифрландыру жүйесі, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттермен, видеоматериалдармен көрнекі түрде ұсыну формасы кеңінен қамтылды. Кино өнерінің дамуына бағытталған шаралар өзекті мәселе ретінде қарастырылып отыр.

Ғаділ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

Н.Жантөрин атындағы облыстық  филармонияның басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button