«Хюррем Сұлтан» Қазақстанға келеді
Әйгілі «Сүлеймен сұлтан» сериалында Хюррем Сұлтанның рөлін сомдаған актриса Мерьем Узерли келер жылдың басында Қазақстанға келеді деп жазады отандық банктің Instagram парақшасы.
Актриса Қазақстанда өтетін Әлемдік Азия кинофестивалі Aitysh Asian World Film Festival тұсаукесеріне шақырылады және телехикаялар үшін арнайы марапатқа ие болады. Бұл Азияның, Орталық, Шығыс және Солтүстік Африканың 50-ден астам елін қамтитын алғашқы жоба болмақ. Телехикаялар үшін жаңа сыйақыны ұйымдастырушылардың бірі – Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің мүшесі, белгілі қазақстандық кәсіпкер Шухрат Ибрагимов.
«Бұл жобаның көмегімен біз бүкіл әлемге аймақтық телехикаялардың шығармашылық және техникалық мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді. Мен Дүниежүзілік Азия кинофестивалінің төрағасы және жаңа жобаның негізін қалаушы болу құрметіне ие болғаныма қуаныштымын», – деді Ибрагимов.
Қазақстандық тұсаукесерге Мерьем Узерлиден басқа Корея, Ресей, Қытай және басқа елдердің әйгілі телехикаяларының жұлдыздары шақырылады. Asian World TV Series Awards-тың марапаттау рәсімі 2022 жылдың мамыр айының басында Стамбулда өтеді.