«ӨЗІҢ ОҚЫП БОЛСАҢ, ӨЗГЕГЕ БЕР!»

  Жақында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика бөлімінің бірінші курс студенттері ерекше эстафетаны бастады. Кітап оқымайтын жастарды кітап оқуға үгіттеу мақсатында қолға алынған бұл шара кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолы болмақ. Алматыдан «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» журналының жас тілшілерінен жолданған бұл эстафета атыраулық жастар арасында өз жалғасын табуда. Бұл эстафета «Буккросинг» деп аталады. Эстафетаның негізгі мақсаты – жастарды кітап оқуға шақыру.

 

Жас тілшілеріміз Исатай-Махамбет алаңы саябағындағы буккросинг ұяшықтарына кітап толтырып, жастарды кітап оқуға, жалпы қызығушылығын арттыруға жұмыстанды. Жан азығын жаңғырту үшін пайдасы бар аталған қозғалысты ұйымдастырушылар өз мақсаттарына сай орнықтырып, барша оқырманды кітап оқуға шақырды. Орындықтарға «Өзің оқып болсаң, өзгеге бер!» деп аталатын парақшалар іліп, көркем әдеби кітаптармен толтырды! Бір ескерте кететін жағдай – оқырманның кітапты өзімен бірге алып кетуіне болмайды. Егер  кітап қызықтырса, онда оны басқа кітаппен алмастырып, кітаптың орнын толтыруы шарт.

«Атырауда  басталған бұл игі бастама басқа аудандарымызда өз жалғасын тапса» деп тілек білдірді оны ұйымдастырушылар. Ол үшін әркім буккросинг ұяшықтары бар кез келген орынға қазақша кітаптар апарып, оқырмандарға тегін ұсынуы (мүмкіндігінше жаңа, қызықты, сапалы кітаптар) қажет. Бұл шараны ұйымдастырушылардың бірі Н.Қалимолдаева: «Меніңше, мұндай шараны әр қалада жиі-жиі ұйымдастыру керек. Сонда ғана біздің руханиятымыз өз дәрежесінде дамитын болады. Осы эстафетаның ойдағыдай өтуіне үлкен үлес қосқан достарыма алғысым шексіз. Ендігі эстафетаны астаналық достарым, «Жас өркеннің» жас тілшілеріне табыстадым!» – дейді.

Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика бөлімінің бірінші курс студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз