Хамит ЕРҒАЛИЕВ: «Мұрат – қайта жаралған Махамбет»
— Сіз қазақ әдебиетінің ескі мұраларына қатысты мәселелерді жетік білесіз. Әсіресе, Атырау топырағында туған Мұрат Мөңкеұлының шығармашылық өмірбаянына байланысты мәліметтерге біршама қанық екеніңізге дау жоқ. Жалпы, Мұрат ақынның өлең-жырларымен қашан таныстыңыз?
— Мен алты-жеті жасымда Ахмет Байтұрсыновтың кітабымен сауат аштым. Содан соң «Қыз Жібек», «Құламерген», «Төрехан», «Шәкір-Шәкірат» қисса-дастандарын жаттап алдым. Ел ішіндегі өлеңдерге, әсіресе, Мұрат жырларына ден қойдым. Мұрат Мөңкеұлының жыр-дастандарында аты жиі аталатын Тама Досжан – біздің аталарымыз. Міне, былай. Қалдыбайдан – Қойыс пен Қожбан. Қойыстан – Досжан. Қожбаннан – біз. Немере ағамыз ғой Досжан.
Бірде Тама Досжан мен Мұрат айтыспақ болады. Әдепкіде екеуі, негізінен, келіседі. Досжан айтады: «Мен Жайықтың күнбатысын алайын. Мұрат күншығыс бетін алсын». Мұрат айтады: «Жоқ, мен өзіміздің он екі ата Байұлын алайын. Сен өзіңнің Жетіруыңды ал!». Досжан, әрине, бұған келіспейді. Өйткені, он екі ата Байұлының мықтылары көп қой.
— 1908 жылы Қазан қаласынан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыұлына айтқаны» деген кітап шыққан. Мұны кім шығарғаны жөніндегі мәліметті кітаптың бас-аяғынан таба алмадық. Әртүрлі болжам бар. Сіздің ойыңызша, Мұрат өлеңдерін Қазанға апарып бастырған кім болуы мүмкін?
— Бізге жалпы, қиссалардың көбісі Қазан арқылы келді. Көп кітаптарымыз сонда басылды. Менің нағашы жұртымның татарға шатысы бар. Ал, 1908 жылғы кітапқа келсек, оны анық біле қоймаймын. Меніңше, Дәукен Шолақұлы немесе Мақаш әкім шығарған болуы мүмкін. Ленинградтағы Щедрин кітапханасында (Салтыков-Щедрин атындағы кітапхана) Мақаштың үш томдығы бар. Ол әлі алынған жоқ. Осы «Жақсы үгітте» Мұрат өлеңдері жоқ па екен?
— Сол 1908 жылғы шағын кітапта Мұрат өлеңдерімен бірге Махамбеттің де бірқатар жырлары жарияланған. Махамбет өлеңдері халыққа Мұрат арқылы жеткен. Бұл екі ақынның өлеңдерінің араласып кетуіне не себеп деп ойлайсыз?
— Екеуінің де өлеңдері мән-мазмұн жағынан ұқсас. Сондықтан, оны жинаушы бірге шығарғысы келген шығар. Мен өзім «Үш қиянды» бала кезімде естідім. Меніңше, Мұрат – Махамбеттің Үргеніш пен Бұқарға арбасын сүйреп барған, қоныстың қалмаған шақтағы «Үш қиянның» авторына айналған түрі. Осылай деп бағалаймын.
Мұрат сол кездегі ахуалды академикше талдайды. Ол байларды, байлықты жек көрген жоқ. Құт-берекені теріске шығармады. Тектілікті бағалады. Ал, Махамбет «қарны жуан билерге» бірден қарсы шықты. Мұрат – өкімет тарапынан екінші рет жерленген адам. Ол – қайта жаралған Махамбет.
Мұрат Махамбетті түсіндіріп береді. Оны дамытпайды, таратады. Ол Махамбет сияқты қолында билігі бар адамдардың бәріне жау емес. Жағдай сабасына түскенде бұл салмақпен баяндайды. Балуандық, батырлық, байлық, осы үшеуіне аса мән бере толғайды. Әсіресе, Мұрат жылқыны керемет жырлайды. Арғымақ аттың нағыз бейнесін суреттейді. Махамбет:
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі, —
десе, бұл:
Шекелігі үш елі, —
деп қосады. Мен атты әскерде кавалерист болдым. Сондықтан, мұның жай-жапсарын жақсы білемін.
Мұраттың Абаймен де кейбір ұқсастықтары бар. Бұл заман мінезін сезіну ортақтығы (Единство чувств времени) болуы мүмкін. Ақын орысқа соқыр еліктеуге қарсы болды. Кердері Әбубәкір де сөйтті.
— Ақын ретінде Мұрат жырларынан қандай ерекшелік көресіз?
— Ерекшелік дейсің бе? Мені қайран қалдыратыны – Мұраттың оқымыстылығы. Ол Ноғайлы әдебиетін, Алтын Орданың тарихын өте жетік білген.
Отаршылдықты Мұраттан артық айтқан ақын жоқ. Бірақ, мен Мұратты дұрыс білмеймін. Сол толық танытпағанның кесірі.
Мұрат керемет топограф, географ, геолог іспетті болған. Маңғыстаудан мұнай шығатынын да айтқан. Мен офицермін ғой, сондықтан Мұраттың жер жағдайын өте жақсы білгендігін байқадым.
Мұраттың адами бітімі Төле би сықылды. Алла тағала оны би етіп жаратқан. Оның бойында бидің болмысы бар. Мен Мұратты аз оқыған адам дегенге келіспеймін. Оның қанында билік бар.
Баттауығы білектей,
Ботташығы жүректей, —
деп жырлайды ол. Ботташық дегені – картоп, баттауық дегені – борық қой су астындағы. Осындай танымдық мәні бар тіркестер Мұратта өте көп.
— Менің қолыма ертеректе түсірілген бір сурет түсті. Ол суретте сіз де барсыз, Мұрат ақынның ұлы Дәулетқали да бар. Аймаққа белгілі айтыс ақыны атанған Дәулетқали Мұратұлымен аралас-құраластығыңыз болды ма? Қандай адам еді? Қандай ақын еді?
— Иә, есімде. Ол сурет біздің үйде де бар болуы керек. Атыраулық шығармашылық өкілдерінің кездесуінде түскенбіз. Сол отыз сегізінші жылдардың шамасында Дәулетқалидың жасы елуде болатын. Ұзын бойлы, еңкіштеу кісі еді. Шынымды айтсам, оған онша назар аудармаппыз. Әкесіндей күшті ақын болған жоқ. Үнемі домбырамен жүретін. Айтыстарға қатысты. Бірқатар өлеңдері жарық көріп жатты.
— Мұрат ақынның шығармашылық өмірбаянына қатысы бар деректерді басқа кімнен алуға болады? Өзіңіздің есіңізде не қалды?
— Есіме түскенін айтайын. 1927 жылдардың шамасы. Новобогатта тұрғанымызда, үйге Қасым Бисалиев келді. Қасым Оралда, Тайпақта тұрды. «Сағындым, Жайық» әнінің авторы ғой. Әні де, сөзі де — өзінікі. Сол кісі «Ер Тарғынды» жырлады. Әкем: «Мұны қайдан алдың?», — деп сұрағанда, ол «Мұраттікі ғой», — деді. «Мұрат – Ер Тарғынның әкесі Естерек екенін айтқан ақын», — деді сосын. Жалпы, бұл жөнінде Сағынғали Сейітов біледі.
Ақшаханның қызы бар,
Шашын талдап тараған, —
деп толғайтын Қасым. Соның руы, қателеспесем, Қаратоқай болуы керек. Солай деп жазшы… «Ер Тарғынды» жеті буынмен керемет жырлайтын.
Мұстафа Смағұлов біраз нәрсе білетін еді. Сәнду Дүймағамбетованың күйеуі. Сонда болуы мүмкін. Менің білетінім осылар.
Бүгінгі күннің өлшемімен қарағанда, дерегі соншалықты тың емес осы бір сұхбаттың сол тұста зерттеушілік бағыт-бағдарымызға ептеп септігі тигенін айтуға тиіспін. Осы әңгімеден соң кейбір мәселелерді қайта зерделеп, көмескі нәрселерді анықтап алдық. Атырау мен екі ортаны жол қылған уақыт жемісін берді. Академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы жөнінде кандидаттық, Мұрат көрнекті өкілі болып саналатын зар заман әдебиеті жөнінде докторлық диссертация қорғадық. Белгілі суретші, профессор Мұхит Қалимов өз материалдарына қоса біздің жиған деректерімізді пайдалана отырып, Мұрат ақынның бейнесін жасады. Осындай ізденістердің бастауына әйгілі ақын Хамаңмен болған әңгіменің де едәуір жол ашқанын атап көрсетуді парыз санадық.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор.