Халықаралық «Dombyra» фестивалі басталды
Бүгін Атырауда түркітілдес халықтардың «Saz Perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық музыкалық «Dombyra» фестивалі басталды. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған іс-шара ұлттық күй өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуді мақсат етеді.
Бұл туралы кеше Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылған баспасөз конференциясында айтылды.
Фестивальге шет мемлекеттерден – 29, Қазақстаннан 180-ге жуық өнерпаз қатысады. Қазақтың төл өнерін паш еткен бұл мәдени мерекеде ҚР Халық әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, сондай-ақ, «Алпар» татар этно-тобы, Қырғызстаннан «Күү бұлақ» тобы, Өзбекстаннан «Бухорча» ансамблі, Қарақалпақстаннан «Аму толқыны» ансамблі сынды өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетеді.
–Фестивальдің негізгі мақсаты – қазақтың күй өнерін, оның ішінде Атырау өңірінің дәстүрлі күй мектебін әлемдік қауымдастыққа таныстырып, түркі халықтарының мәдени ынтымақтастығын нығайту. Қазақтың күйі – тек өнер ғана емес, ол терең тарихи мұра, рухани байлық. Бұл фестиваль арқылы халық өнері жанданып, жас өнерпаздарға қолдау көрсетіліп, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған жаңа қадамдар жасалады, — дейді аталмыш фестивальдің президенті, идея авторы Айгүл Үлкенбаева.
Басты ерекшелік – ұлттық фольклорлық өнердің түрлі мектептері мен бағыттарын біріктіре отырып, әлем жұртшылығына түркі халықтарының мәдениетінің ортақ тамырларын көрсету. Қазақстандық өнерпаздармен бірге шетелдік өнер иелері де өз елдерінің ұлттық шығармаларын орындап, мәдениетаралық диалогты нығайтуға зор үлес қосады.
Фестиваль сахнасында ҚР Мәдениет қайраткері Құттыгерей Дүйсеев, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, жыршы Оспан Құлсымақ және Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Берік Амантаев өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етеді деп күтілуде.
«Saz Perneli Saraishyq» фестивалі түркі халықтарының музыкалық мұрасын жандандыруға және жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Қазақтың күй өнері мен ұлттық құндылықтарын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған ауқымды шаралардың бірі болып қала бермек.
Екі күнге жоспарланған фестиваль аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жетісу, Қазанғап, Алтай-тарбағатай, Маңғыстау, Арқа дәстүрлі күйшілік мектептері өкілдерінің шеберлік сыныбы ұйымдастырылады. Сонымен қатар әдебиетші ғалым, ақын, профессор Қадыр Жүсіптің Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаеваға арналған «Күй падишасы» кітабының таныстырылымы өтеді. Сұлтан Бейбарыс алаңында өтетін домбыра және ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де көпшіліктің көзайымы болары сөзсіз. Ал фестиваль ертең, 27 қыркүйекте аталған алаңда салтанатты жағдайда қорытындыланады.
Тоғжан ЕРМЕК
Суретті түсірген автор