Жарнама
Мәдениет

Фариза Оңғарсынованың архив қоры құнды қолжазбалармен толықты

Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың ҚР Ұлттық архивіндегі жеке қоры тағы да құнды қолжазбалармен толықты, — деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

img 0675

Ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов анасының архивтік құжаттарын өз қолымен табыстап, болашақ ұрпаққа төл мұраның толық жетуі мен ұлт игілігіне айналуына мүдделі екенін жеткізді.

«Архивке тапсырылған құжаттар 50-60-70 жылдардағы анамның өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбалардан тұрады. Қазіргі кезде 50-ге жуық кітабы жарық көргені белгілі. Анам барлық шығармасын жазу машинкасымен емес қолмен жазып, баспаға ұсынатын. Архивке тапсырылған қолжазбалар арасында «Шілде», «Дауа» сияқты тағы да басқа кітаптардың түпнұсқалары бар. Өткен жылы 85 жылдық мерейтой аясында да 50-ге жуық мұраны тапсырғанбыз. Ақынның өмір жолы мен еңбегіне қатысты құжаттарды жинақтап, кезең-кезеңімен архивке өткізіп, қорды толықтырып отырмыз. Бұл дүниелер ғалымдар, студенттер және ойлы оқырмандар үшін құнды боларына сенемін», – деді Алмас Оңғарсынов.

img 0676

Бұл жолы Алматы қаласынан Ұлттық архивке төрт қорап құжаттар жеткізілген. Оның ішінде кітаптар, газет-журналдарға арналған түпнұсқа қолжазбалар, басылым беттерінде жарық көрген шығармалар, аудармалар, тұлғалар туралы материалдар, ой-толғамдар, жас ақын-жазушылардың ақынға жазған хаттары және өзге де құнды жазба мұралар бар.

Айта кетейік, өткен жылы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай Ұлттық архивте ақынның жеке қоры ашылды. Онда ақынның өз қолымен жазған отбасылық шежіресі мен өмірбаяны, «Көгершіндерім» өлеңдер жинағынан қолжазбасы, Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығында сөйлеген сөзі, ноталары, бұрын-сонды жарияланбаған фотосуреттері және хаттары сақтаулы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button