Кәсіпкерліктен бақыт табуға бола ма? (ФОТО)

ANU 2562 Жаңалықтар

Облысымызға гастрольдік сапармен келген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры бұл күні жас драматург Қолғанат Мұраттың жаңа туындысы «Бақыт кілті» пьесасын сахналады. Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаевтың режиссерлігімен қойылған туынды өзінің өміршеңдігімен, жаңашылдығымен көрермен жүрегіне жол тапты.

ANU_2562

Бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі – кәсіпкерлікті қолға алу, яғни алтын өндіру ісі арқау болатын пьесада осы сала еңбеккерлерінің қиын да қызықты тағдыры, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көрініс табады. Қойылым «әп» дегеннен бас кейіпкердің жол-көлік апатынан қайтыс болғанын радио-теледидардан хабарлап жатқан диктордың қоңыр үнімен басталады. Одан соң ұлын жоқтап жатқан ананың зары, әкенің жоқтауы…

ANU_2556

Бас кейіпкер – Бауыржан (Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, артист Е.Дайыров) өзге ұлт емес, қазақ ұлдарының да бизнеспен айналысып, оны биікке көтере алатынын адал ісімен дәлелдегісі келеді. Бірақ, оған түскен пайданы теңдей бөліскісі келетін арамтамақ басшысымақтар мен жемқорлар, парақорлар мен екіжүзділер ортадан килігіп, дұрыс жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді. Олар мұны әркез аяқтан шалып, барынша тұқыртуға, тіпті көзін жоюға әрекет жасайды.

ANU_2595

Кәсіпкер жігіттің ата-анасы – Қанат пен Маруся (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Әбділманов, Қазақстанның халық артисі Г.Жакупова), жары – Жанар (артист Ж.Макажанова), оң қолы боп жүрген жолдасы – Ермек (Қазақстан Жастар одағы Серпер сыйлығының лауреаты А.Өтепберген), әкім (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Сейтметов), хатшы қыз, жендеттер, мафия жігіт және оның мүгедек ұлы, полицейлер, ереуілшілер, елес, шахтерлер, жынды – бәрі өз рольдерін жеріне жеткізе нанымды ойнады. Пьеса желісіне сай бірде күліп, бірде жылап отырған көрермен біздің ұлдардың да бизнеспен айналыса алатынына көздері жетеді. Осылайша бұл қойылым ел мүддесін өзінің қарақан басынан жоғары қоятын адал азаматтың ауыр да аянышты тағдырын баяндайды.

ANU_2441

Пьеса елімізге танымал кәсіпкер, қазақ халқын әлемге танытқан ардақты ұл, Қазақстандағы аса ірі алтын өндіруші компания – «Altyn Group Kazakhstan» кәсіпорнының директоры Бауыржан Асаубаевтың рухына арналады. «Бақыт кілті» драмасы өз көрерменіне нағыз адами бақыттың ақшада, байлықта емес, адал достықта, шырқыраған шынайы шындықта екенін дәлелдегендей. Атыраулық өнерсүйер қауым еліміздің бас театры артистерінің асқан шеберлігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп, оларға ұзақ уақыт ілтипат көрсетті.

ANU_2611

ANU_2448

ANU_2467

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз