
«Erkin jurekter» суретшілер көрмесі шабыт сыйлады
Атырау қаласы «BatikKami» арт галереясының ұйымдастыруымен атты көрме өтті. Көрмеде тәжірибелі суретшілермен қатар, шығармашылық жолын енді ғана бастап келе жатқан жас таланттар бас қосты.

Көрменің негізгі мақсаты – әйелдердің шығармашылық еркіндігін қолдау, олардың ішкі әлемін, сезімдерін, қоғамға деген көзқарасын бейнелеу өнері арқылы көрсету. Сонымен қатар бұл көрме – тәжірибелі және жас суретшілер арасында байланыс орнататын, шабыт пен өзара қолдауға негізделген шығармашылық орта құруды көздейді.
–Бұл галереяны ұйымдастырудағы ниетім – әйелдердің ішкі әлемін сөйлету, өз өнерін өзгелермен бөлісуіне жол ашу. Бүгінде бала күтімімен, басқа да себептермен үйде отырған нәзік жандылар қаншама?! Солардың шабытын, өмірге деген құлшынысын ояту – басты мұратым,- дейді көрменің ұйымдастырушысы, белгілі суретші Камила Жапалова.
Сонымен қатар көрме аясында «Қонақтар бағдарламасы» – шығармашылықтың шырағын жаққан, рухани диалогтың алаңына айналды. Бұл жерде өнер жайлы пікірлер, эстетика төңірегіндегі әңгімелер, өмір мен өнердің байланысы кеңінен өрбіді.
Бұл көрме – бүгінгі қоғамдағы әйел бейнесін тек тұрмыстық емес, шығармашылық, рухани биіктен көрсеткен, көркем ойдың көшін бастаған бастама.
Тоғжан ЕРМЕК