«ТЕРБЕГЕН ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ АҚ БЕСІГІН…»

Құрманғазы  ауданының  мәдениет  күндері  мазмұндылығымен  есте  қалды 

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Құрманғазы ауданының мәдениет күндері өтті. «Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» деп аталатын өнер фестиваліне құрманғазылықтар ерекше дайындықпен келді. Көздің жауын алған, өңір тарихынан, халықтың салт-дәстүрінен сыр шертетін мазмұнды көрмелер, күй күмбірлеп, жыр төгіліп, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті еткен тамаша кеш – атыраулық жұртшылықтың көпке дейін есінде қалатыны сөзсіз. 

 Дархан дала сарыны

Көрмелердің ішінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жасақталған бұрыш ерекше мәнге ие болды.

Бүкіл Кеңес Одағының халқы сияқты, Құрманғазы ауданынан Ұлы Отан соғысына (1938-1945 жж. – ред.) жеті мыңға жуық адам қолына қару алып, жауға қарсы аттанды. Солардың ішінде тек екі мыңнан астамы ғана елге аман оралған. Қазір аудан бойынша майданда қан кешкен үш-ақ көзі тірі ардагер қалған екен. Олар – тоқсанды алқымдаған Борис Козлов, Зинетолла Бекбосынов және Нариман Салаханов.

Айта кетсек, Құрманғазы ауданынан аттанған төрт бірдей жауынгер сұрапыл соғыста ерекше ерлік көрсетіп, «Кеңес Одағының Батыры» атанғаны белгілі.  Александр Афанасьев, Мұқат Мұсаев, Филипп Мазуров, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліпов және қазақтың қаһарман қызы, штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың зұлмат жылдары көрсеткен ерліктері ұрпақ есінде мәңгіге сақталды. Және оларды ұлықтау мақсатында есімдері ауыл, мектеп, көшелерге берілген.

–  Бұл көрмеде ауданда жасалып жатқан жұмыстар толық көрініс тапқан, – дейді аудан әкімінің орынбасары Абдуррахман Муса. – Шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер өндірісінің өнімдерін де өзімізбен бірге алып келдік. Құс және қоян шаруашылығы бойынша жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де өз жұмыстарын облыс орталығы тұрғындарына паш етуге ниет білдірді.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі кезде өнімдерді өңдеу мәселесі ең өзекті болып саналады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Махмуд Жанхановтың айтуынша, осы бағытта «Құрманғазы сервистік дайындау» ЖШС ет өнімдерін өңдеумен айналысады. Сол сияқты, «Каспий балық» өндірістік кооперативі балық өнімдерін өңдейді. Осы екі мекеме жыл сайын Астана күніне орай Елордада ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге мұнайлы өлке атынан қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап ауданда сүт өнімдерін дайындайтын «Егін өнімдері» ЖШС қызметін бастады.

Жаңадан ашылған сүт зауыты қазіргі мезгілде тек сүт пен айран шығаруда. Ал, жаз мезгілінде май, құрт, ірімшік, қаймақ, йогурт сынды сүт өнімдерінің 37 түрін шығарып, халыққа ұсынады. Цех бастығы Айсұлу Бектемірованың айтуынша, аудандағы балабақшалар мен емдеу орындарын  жергілікті сүт өнімімен толық қамтып отырған көрінеді.

Сонымен қатар, «Құралай» корпорациясы шығаратын ДВП, ДСП сынды құрылыс материалдары да көрмеде өз орнын тапқан. Ақкөл ауылында орналасқан «Ерлан» кірпіш зауыты 2004 жылдан бері жұмыс жасауда. Өндіріс орнында жүз шақты адам қызмет етсе, соның 90 пайызы – жергілікті азаматтар. Кірпіштің сегіз түрін шығаратын зауыт тек облыс аумағынан ғана емес, сонымен қатар, көршілес Ресейден де тапсырыстар қабылдауда.

– Өткен жылы зауыттың екінші бөлігі ашылып, өндірісіміз екі есеге өсті. Бұрын күніне 10 мың тас шығарылса, қазір 20 мың тас шығарып отырмыз. Атырау қаласында Үкіметтің тапсырысымен салынып жатқан көп  қабатты үйлер құрылысының басым көпшілігіне біздің тастарымыз пайдаланылуда. Астрахан облысында біздің арнайы өкіліміз бар, сондықтан, халықаралық деңгейдегі қарым-қатынасымыз да мықты орнаған, – дейді зауыт директорының орынбасары Аман Семғалиев.

Аудандағы шаруа қожалықтары қосымша сала ретінде соңғы кезде құс, қоян, үйрек өсіру жұмыстарын қолға алуда. Олардың барлығы көрмеге өз өнімдерін ұсынды.

Құрманғазы аудандық мұражайы қорында 13 мыңнан астам жәдігер сақталған. Көрмеде Құрманғазының, оның шәкірті Дина Нұрпейісованың кілемге тоқылған портреттері төрде ілініп тұр. Рысқали Мұхамбетұлының домбырасы да мұражай қорындағы ең құнды дүниелердің бірі саналады.

– Ғасырдан астам тарихы бар бұл домбыраны Дина Нұрпейісованың өзі кезінде күй тартып пайдаланған. 1893 жылы Азғыр өңірін мекендеген Қарасай есімді шеберге жасатқан. 1937 жылы Дина Нұрпейісова халық аспаптар байқауына қатысу үшін Алматыға жол жүрер алдында, ең алдымен, ел аралаған екен. Сол кезде Рысқалидің үйіне қонақ болып барып, дастархан басында отырған кезде осы домбыраға көзі түсіпті. Осы домбырамен күй тартып, Рысқалиға батасын берген екен, – дейді мұражайдың экскурсия жүргізушісі Жандарбек Мұқлесов.

Сонымен қатар, аудандық мұражай жасақтаған көрмеде қару-жарақтар бұрышы да көздің жауын алады. Қолөнер шеберлерінің қазақтың орта ғасырларда пайдаланған қару-жарақтары, қазіргі заманауи үлгіге сай жасаған бұйымдар көрмені тамашалаушыларды ерекше елең еткізді. Сонымен қатар, ағаштан жасалған торсық, тостаған, тегене, ожау сынды ыдыстар, аудандық мектептер оқушыларының қолынан туындаған қолөнер және күмістен жасалған әшекейлік бұйымдар да жоғары бағалауға әбден лайық.

Фестивальдің басты талаптарының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Қазақ хандығының – 550 және ҚР Конституциясының 20 жылдықтарын насихаттау. Құрманғазы ауданы ұйымдастырған көрме залында осынау атаулы даталарға орай жасақталған стенділер және кітап бұрышы да ерекше мазмұнға ие болды.

Көрме мен фестивальды тамашалаған облыс әкімінің орынбасарлары Сәлімжан Нақпаев пен Айгүл Әжіғалиева өңірдегі өндіріс орындарының жұмысын жоғары бағалап, жергілікті өнімдерді дамыту, халыққа жеткізу бағытындағы қызметті одан әрі жандандыра беру керектігін айтты. 

Тәнті  еткен  өнер

Концертте 200-ден астам өнерпаз театр сахнасы төрінде өз өнерлерін көрсетіп, халық қошеметіне ие болды. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық ұлт-аспаптар оркестрінің «Адай» күйін орындауымен ашылған кеш көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Талай таланттардың тұсауын кескен киелі Құрманғазы топырағы қашан  да таланттардан кенде болып көрген емес. Құрманғазының өршіл рухты күйлерінен қуат алып, Жұмекеннің жырларын жаттап өскен өнер иелері фестиваль барысында атыраулық көрермендердің шексіз қошеметіне ие болды.

Т.Дәрелов пен Т.Зайнуллиннің «Хандарым-заңғарым» әнін орындаған Раушан Сәрсенова мен Толыбай Қажыгереев, Құрманғазының «Жауға шапқан» күйін орындаған Махамбет Долдашев, «Гүлжан сары» халық әнін шебер орындаған Болатбек Құбашевтардың өнерлері көпті ерекше тәнті етті. Сондай-ақ, құрманғазылық өнерпаздардың орындауындағы күй тартыс, халық әндерінен попурри, «Айбынды, айдынды Абылай» атты театрландырылған көрініс, ұлттық билер мен халық әндері жұртшылық жүрегіне бірден жол тапты.

Сахна шымылдығы Құрманғазы аудандық хор ұжымының орындауындағы Расул Ғамзатов пен Ян Френкельдің «Журавли» әнімен жабылды.

Шара соңында аудан өнерпаздарына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз