
«Еркем-ай» халықаралық байқауда топ жарды
Астанада өткен халықаралық “Шаг Вперед” би байқауында Мақат ауданындағы Доссор мәдениет үйінің «Еркем-ай» үлгілі би ансамблі үздік өнер көрсетіп, аудан намысын асқақтатты.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақ биі» жанры бойынша «Ауыл кеші көңілді» биін орындаған жас өнерпаздар «VIP Гран-при» жүлдесін жеңіп алды. Бұл жеңіс оларға Ташкент қаласында өтетін байқауға тегін қатысуға жолдама сыйлады.
Жеке орындаушылар да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сезімжан Ерланқызы «Халық» биі бойынша «Хорезм» биін орындап, «Гран-при» иегері атанды. Ол Түркияда өтетін би байқауына 10% жеңілдікпен қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Ал Аяулым Русланқызы «Қазақ биі» жанры бойынша «Шалқыма» биімен үздік өнер көрсетіп, «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.
Доссор мәдениет үйінің жас таланттарын жеңістерімен құттықтаймыз! Олар алдағы халықаралық байқауларда да үздік өнер көрсетіп, қазақ өнерін таныта беретініне сеніміміз мол.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ