Ерғали БЕКЕШЕВ, мүсiншi: «ТАС МҮСІНДЕР ТЫЛСЫМ СЫРДЫ ШЕРТЕДІ»
Әсіресе, Елордамыз Астана қаласында тарихи ескерткіштер күн санап артып келеді. Осынау өнер жайында біз Астана төрінде, Сарыарқа даңғылы бойында орналасқан «Тәуелсіздік құрдасы» атты (Астананың он жылдығына орай жасалған шаңырақтың астындағы он жасар баланың мүсіні) туындының авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, оралдық мүсінші Ерғали БЕКЕШЕВПЕН әңгімелескен едік.
— Ерғали Бекешұлы, екі жыл қатарынан «Алтын қайық» жүлдесін иеленіп, атыраулықтар есінде қалдыңыз. Қазір немен айналысудасыз, шығармашылығыңыз жайында тарқатып айтып берсеңіз…
— Қазіргі уақытта шығармашылық шабытым кеңінен ашылып жатыр деуге болады. Дәнекерлеу әдісімен темірден мүсін жасауға көп күш салудамын. Өкінішке орай, бұл қиын өнердің түрі болғандықтан ба, мұражайлардан да темірден жасалған көне дүниелер жиі кездесе бермейді. Бұрын бейнелеу өнерімен, кескіндемемен айналыстым. Қазір кәдімгі темірді балқытып, дәнекерлеу арқылы мүсін құюмен шұғылданудамын.
Бұған көп уақыт керек, денсаулыққа да әсері бар. Әсіресе, дәнекерлеу көзді «құртады», бірақ, шығармашылықтың бұл түрі мені керемет ләззатқа бөлейтіні соншалық, ешқашан шаршап, жалыққан емеспін. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының мүсінін жасауға екі ай уақыт кетті. Осы туындыммен бірінші рет Атыраудағы «Алтын қайық» байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Екінші рет «Қазақ» деп аталатын мүсінмен «Алтын қайық» жүлдесін иелендім. Көпшілік темірден жасалған жұмыстарыма қызығушылық білдірді. Қазір Махамбеттің мүсінін толықтыру үстіндемін. Бір тұлғадан тұтас әсер алуға қол жеткізу үшін мен оның бет-жүзін, денесінің әрбір бүгілген жерін қайта-қайта балқытып пісіріп, тегістеп қайтадан жасап жүрмін. Махамбет батырдың мүсіні жоғары деңгейде шықса, болашақта Атыраудың үлкен көшелерінің біріне орнатуды армандаймын.
— Сізді танымал мүсінші ретінде де, кәсіпкер ретінде де жақсы білеміз. Қаржы көзі кәсіптен жақсы түсіп тұрса, алдағы уақытта жұмысы көп, құрметі аз мүсін өнерін тастап кету ойыңызда жоқ па?
— Қиындығы көп қой. Бір туынды кемінде үш айда, кейде жарты жылда бітеді. Бірақ, ата-бабамыздан жалғасқан қасиетті өнерді кәсіпке айырбастағым келмейді. Керісінше, бизнесімді қойып, енді шығармашылыққа толықтай бет бұрғым келеді. Қазір Орал қаласының маңындағы Үлкен Шаған аталатын ауылда қызмет көрсетіп тұрған екі дүкенім бар еді, барлық шаруасын жұбайыма табыстадым. Тарихи тұлғалардың бейнесін қоладан және басқа металдардан мүсін құйып жасағым келеді, әсіресе, темірмен жұмыс жасауды ширата түскім келеді.
— Бір сұхбатыңызда «тоғыз жылдың ішінде он бестен астам темірден мүсін жасадым» депсіз. Бұның бәріне қалай үлгересіз?
— Әрбір нәрсе санмен емес, сапасымен ерекшеленуі керек. Сондықтан, әрбір жасаған дүниелерімді ұрпаққа ұялмайтындай етіп қалдырғым келеді. Көбіне тарихи тақырыптарда мүсіндер, ескерткіштер жасап жүрмін. Өткен жылы қала күніне орай Орал қаласындағы орталық көшеге «Бастау» деп аталатын мүсін композициямды қойған едім. Бұл мүсін композициясы сонау сақ дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі уақытты бейнелейді. Негізінен, қобыз бейнеленген.
Ал, ондағы қобыздың үзілген ішектері — халқымыздың басында болған қиын-қыстау замандардың бейнесі, ұя мен құстар — ортақ үйімізге жылу мен жайлылық әкеледі. Ағаштың тамыры мен ұяның бұтақтарын байланыстырған қобыз ысқышы жаңару мен халықтың бірігуін бейнелейді. Композиция негізінде бейнеленген толқындар – өмірдің ағыны мен ұрпақтар сабақтастығын білдіреді. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Үлкен Шаған аталатын ауылда Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға өз қаражатыммен ескерткіш орнаттым.
Көкке шаншылған кірпіш бағана – соғыс өртінен ортасына түсіп, пеш мұржасы ғана қалған шаңырақты бейнелесе, ескерткіш белгінің жоғарғы тұсында қоңырау тұр. Қоңырауда мәңгілік өмір символы бедерленген. «Қандай зұлмат болса да, өмір мәңгі, тіршілік тіні үзілмес» деген нышан. Ал, мұржаны айналып ұшқан қаздар — бәлкім, арыстардың аруағы, бәлкім, жесірлердің арманы деп қалдырдым. Әрбір қаздың салмағы 35-40 келі болады. Құстардың кеудесі қуыс болғанымен, басы мен аяқтары сом темір. Қатты желде шеңбер бойына орнатылған қаздар сәл қозғалып, ойнап тұрады.
Ең қызығы, осы ескерткішті орнатып жатқан кезде екі қаз төбемізден айналып, шеңбер жасап ұшып кетті. Көп адам көрді, бәріміз таң қалдық… Бала кезімде нағашы әжем Мүгілсін ылғи «жақсылық жаса» деуші еді. Әжемнің айтқаны есіме түсті. Ол маған түрлі түсті ермексаздан мүсіндер жасап беретін, қазақ халқының басынан өткерген қиын кезеңдерін, белгілі тұлғалардың өнегелі өмірін үнемі әңгімелеп отыратын. Ал, анам Марфуға үлкен қалаларға барған сайын сол кездегі орыстың белгілі суретшілерінің картиналарын әкеліп, үйдегі қабырғаға іліп қоюшы еді. Қазір ойласам, сол картиналар мені суретшілікке алып келген сияқты.
— Жастарға үлгі болсын. Өнер институтын жаңа бітірген жап-жас маман алдымен қайда жұмысқа орналасатынын ойлайды. Сіз алғаш еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?
— Студент оқу орнынан теория мен тәжірибе алып шығуы керек. Бұл оның тез жұмыс табуына септігін тигізеді. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының көркемсурет-графика факультетінде оқып жүргенімізде біздің оқытушылар үздік студенттерді оқу орнының қабырғасында жұмысқа араластыратын. Өздерімен бірге зертханада қосымша қызмет жасап жүрдік. Негізі суретші боламыз деп түскен көпшілігіміз институт қабырғасында жүріп, зертханадағы мүсін құю жұмысына араласқан соң мүсіншілік өнермен айналысып кеттік. Институт бітірген соң мектепте бейнелеу өнері пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым.
— Бүгiнгi мүсiн өнерiне не жетiспейдi?
— Қазiргi мүсiн өнерiнде табиғи дарын жетiспеуде деп ойлаймын. Ал, шынайы таланттарға жағдай жасау керек. Жағдайы болмаған соң, таланттар әр тарапқа нәпақа iздеп кетуде. Шеберхана – бiздiң екiншi үйiмiз. Атты да бәйгеге шаптыру үшiн жақсылап баптаймыз ғой. Өнер адамы да тура сол iспеттi. Күйi дұрыс болмаса, таланты жайында қалады. Көп мүсiншiлер теориялық бiлiмге бай болғанымен, тәжірибеге келгенде қолы жүрмей қалады. Содан кейiн ой жетiспей жатады. Бүгiнде тiлiмен сайрайтындар көп. Iсi аз. Көшеде тұрған ескерткiштердiң көбі тапсырыспен жасалатындықтан, оларда шынайылық жетіспейтіндей көрінеді. Ал, шығармашылық ой өз жүрегiңнiң қалауымен келеді.
— Шәкірт дайындайсыз ба?
— Арнайы шәкірт дайындамадым. Балаларымның арасында да өнерге қызыққандары жоқ. Ресейде тұратын Расул атты немере інім ғана әр келген сайын бейнелеу өнері жайында жиі сұрап жүреді. Сурет салуға деген де қабілеті жақсы. Сол себепті, оған әрқашан қарындаш, қағаз, бояу, қылқалам секілді құрал-жабдықтарды сатып алып беремін. Жалпы, кеңес, көмек сұрап келсе, кім-кімге де білетінімді үйретуге дайынмын.
— Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.
Әңгімелескен
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.