ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ
А.Кенжеғали: Алтынбек Бұхарзаұлы! Фестиваль облыста бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Қала, аудан мәдениет күндерін өткізу ертеде қалыптасып, Тәуелсіздік алғаннан кейін де дәстүрлі түрде жалғасып келе жатыр. Дейтұрғанмен, олар кезекті мәдени шараның бірі ретінде ғана өткізіліп жүрген болатын. Соңғы екі фестиваль шын мәніндегі мәдениет күндері ретінде көріне білді.
«Соңғы екі фестивальдің бұрынғылардан айырмашылығы, өзгешелігі, ерекшелігі неде?» деген сұрақ туындайды.
А.Нысанғалиев: Басты ерекшелік ретінде 2013 жылы және осы жылы фестивальдің облыс әкімінің жеке тапсырмасы және ерекше қолдауы жағдайында өткенін айрықша атап өтуіміз керек. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов өзі ақын, әнші, орындаушы, өнерді жақсы түсінеді және оның жоқтаушысы, сыншысы. Бірақ, бұл жолы сыншы ретінде емес, қамқор басшы ретінде барлық концертке қатынасып, өз пікірін білдіріп отырды.
Екіншіден, қала, аудандар ұсынған концерттік бағдарламаларды Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығына байланысты жасақтау тапсырылды.
Үшіншіден, бұл жолы ақпараттық қолдау ерекше басым болды. Әр аудан мәдениеті мен өнерінің бүгінгі жәй-күйі, даму деңгейі мүмкіндіктері мен перспективалары аудан, облыс газеттерінде екі реттен кең түрде жарияланып отырылды. Облыстық теледидар тек жаңалықтар бағдарламасында ғана емес, біз бөлген қаражат, келісім-шарт негізінде барлық қала, ауданның концертін түгелімен қайталап көрсетті. Ол электрондық сипатта тарихта қалады. Бұл жағдай облыс жұртшылығының өтіп жатқан өнер додасына деген қызығушылығын туғызып, мәдениет мекемелеріне деген көзқарастарын өзгертті. Махамбет атындағы драма театрында концерт кезінде ине шаншар орын болмағандығына және орын алу үшін көрермендердің екі сағат бұрын келгеніне де куә болдық.
Осы жерде аудан ұжымдарының концерттік бағдарламасын костюмдермен, дыбыс-жарық түрлерімен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруға облыстық халық шығармашылығы орталығы (басшысы А.Андарбаева) белсенді түрде атсалысқанын атап өту керек.
Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасының ұйғаруымен үшінші орынды Махамбет, Мақат және Жылыой аудандары алды. Екінші орынға Индер мен Құрманғазы аудандары ие болды. Ал, бірінші орын Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданына берілді. Фестивальдің Гран-При жүлдесін Исатай ауданы қанжығасына байлады.
А.Кенжеғали: Репертуар – ұлттық идеяны жасақтаудың бірден-бір құралы. «Мәдениет күндерін белгілі бір тақырып аясында өткізу фестивальдің репертуарлық кеңістігін тарылтып жібермеді ме?» деген ой да туындап отыр. Аудан өнерпаздарына өз өнерлерін жан-жақты көрсету үшін барынша еркіндік бергенде қайтер еді деген пікірім бар…
А.Нысанғалиев: Репертуарды бір ғана тақырып төңірегінде құру диапазонына әсер етуі – теориялық негізде мүмкін нәрсе. Бірақ, бұл жолы өнер ұжымдары көрсетілген тақырыптарды қамту арқылы өздерінің бар мүмкіндігін көрсету үшін қызметкерлерді ізденуге мәжбүрледі.
Мысалы, Қызылқоға ауданы концерттік бағдарламасын тарихи көріністен бастады. Ал, С.Бәйтерековтың «Әлия» әнін барлық қала, аудан түгелге жақын бағдарламасына енгізген екен. Бірақ, Исатай ауданы орындаған «Әлия» әні мен би қойылымы көрермендерге ерекше әсер етті. Театрға келген, сондай-ақ, теледидардан көрген әрбір жас Әлиядай болуды армандағанында дау жоқ. Ал, Жылыой ауданы көрсеткен әртүрлі ұлттар биінің топтамасы — халық өнері арқылы туысқандықтың, бірліктің, тұрақтылықтың символы сияқты болды.
Олармен қатар, концерттік бағдарламаларға туған жер, Отан, еңбек туралы классикалық және Қазақстан композиторларының шығармалары да молынан енгізілді. Айталық, М.Блантердың «Катюша», С.Адамбеков пен Ә.Еспаевтың «Маржан қыз», А.Лекеров пен М.Төлебаевтың «Кестелі орамал», Б.Ізмұхамбетов пен И.Жақановтың «Сол бір ән», Н.Тілендиевтің «Аққу», т.б. шығармаларды атауға болады.
А.Кенжеғали:Ғалымдар өнерді шығармашылық және орындаушылық деп екі топқа бөледі. Әлемде ән де, күй де шығармайтын, өлең де жазбайтын, ою ойып, кесте де тікпейтін, сурет салып, бейне де жасамайтын, тек басқалардың өнер туындыларын қайталаушылар бар екен. Әдетте, оларды көшірмеші ұлт дейді. Ал, қазақтар – тамаша шығармашылық ұлт. Жалпы, елімізді былай қойғанда, облысымызда небір талантты өнерпаздар болған, бар, әлі де дүниеге келеді.
Фестивальда сол жергілікті шығармашыл өнерпаздар туындылары қаншалықты орын алды? Оны көрермендердің бағалау деңгейі қандай болды? Оны сұрап отырған себебім, ауыл өнерпаздары алға қарай өз таланттарының шығармаларын қаншалықты дәрежеде сахнада пайдалана алатын болады? Мысалы, ауылда сазгерлер, ақындар, тіпті, музыканы өңдеушілер де көбейе бастады. Солар танылуы үшін осындай облыстық фестивалға қатысуы міндетті болмас.
А.Нысанғалиев: Ел іші – өнер кеніші. Топтан озған жүйріктер бізде ондап, жүздеп саналады. Олар туралы Атырау өңірінің күйшілік мұрасын үнтаспа түрінде кітап қылып шығардық. Күйшілер туралы кітап дайындалуда. Әр жылдары ақындар антологиясы жарық көріп жүр. Енді ән жазған жергілікті композиторлар мен атақты орындаушыларға кезек беру жоспарда тұр.
Мысалы, фестиваль шымылдығын бірінші болып ашқан Жылыой аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрі өз бағдарламасын Құлтумиевтың «Комсомол» күйімен бастағаны өте әдемі болды. Исатайлықтар Ш.Шәріповтың, құрманғазылықтар Т.Зайнуллиннің, т.б. шығармаларын бағдарламаға қосқан. Ал, Индер аудандық Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі кәсіби ұжымдардың, соның ішінде академиялық атағы барлардың көбінің тісі бата бермейтін С.Мұхамеджановтың «Шаттық отаны» кантатасын репертуарға енгізуге және жоғары дәрежеде орындауға батылы жетті. Қала, аудан бағдарламаларында Құрманғазының, Динаның күйлері, Н.Тілендиевтің поэмалары, А.Жұбановтың, Е.Брусиловскийдің, Л.Хамидидің, басқа да қаншама халық әндері, қаншама таңдаулы қазақ композиторларының шығармалары енгенін айтып өттім. Демек, бұл жерде өз туындыларымызды шығарған жергілікті таланттарды насихаттай отырып, халықтың құлағына сіңісті болған танымал әуездердің қатар орындалуы өткен фестиваліміздің шырайын аша түсті.
А.Кенжеғали: Концерттің тағдырын алдымен репертуар таңдау, сосын орындау шеберлігі шешетіні ақиқат. Жаңа репертуардың ұлттық идеяны насихаттайтыны айтылды. Менің ойымша, бұл фестиваль жаңа әндерді ғана емес, жаңа есімдерді де өмірге әкелді. Өнер сабақтастығы деген осы емес пе?!
А.Нысанғалиев:Дұрыс айтасыз, сахнаға бірінші болып шыққан Жылыой ауданын керемет екен деп бағаладық. Бірінші орын осылардыкі ғой деген ой келді. Бірақ, басқа аудандарды көрген сайын ойымыз өзгере бастады. Себебі, аудандар бірінен бірі асып түсті. Осы қалай дейтін бірде-біреуі болған жоқ.
Мәселен, Махамбет ауданы, Алға халық театры дайындаған «Біржан-Сара» операсынан үзінді көрсетілді. Әрине, айдаладағы бір ауылдың мәдениет үйі дайындаған, оқушы балалардан құралған ұжым Алматы, Астанадағы кәсіби ұжыммен теңдесуі немесе таласуы қиын. Дейтұрғанмен, осы нөмірді дайындап, сахнаға шығарудың өзі театр режиссері Махамбет Оңдағанидың батылдығы мен шеберлігі болса, екіншіден, ауыл клубтарында көп қолданыла бермейтін жанр түрінің сахнаға шығуы үлкен талпыныстың көрінісі болды.
Сондай-ақ, соңғы бірер жылда ғана ұйымдасқан, Исатай ауданынан келген хор ұжымы үлкен үміт күттіреді. Индер өнерпаздары орындаған «Моңғол» биі көрермендерге таңсықтығымен, орындау шеберлігімен, киімдерінің келістілігімен жұртшылықтың ықыласына ие болды. Атырау қаласының біріккен оркестрі де, осы құрамда қызметтене берсе болашағы бар ұжым екенін көрсете білді. «Дендер сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің де үлкен сахнаға алғаш шығуы. Одан да үлкен үміт күтеміз. Ал, Қызылқоғаның «Ақжелкен» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әр кездескен сайын жаңа бір қырымен танылып, ұлттық бояуды ерекше таныта біледі. Осы жерде ансамбльдің жетекшісі, Қызылқоғаның төл тумасы, болашағынан үміт күттіретін Бауыржан Ақтаевты шын мәнінде мақтан тұтамыз. Сонымен қатар Атырау қаласының «Камелия» би ансамблі жарқырай көрініп, Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы хоры жүрекке айрықша жылу таратты. Жайлашевтар мен Нәрешевтердің отбасылық және Махамбет аудандық «Сайран» вокалды ансамблі жаңа қырымен танылды.
А.Кенжеғали: Ең бірінші сұраққа жауап берген кезімізде фестивальдің бір мақсаты жаңа жас таланттарды іздестіру деген едіңіз, осы орайда ауыл, село клубтарының сахнасы кімдермен толықты? Менің ойымша, бұрын сахнада көрінбеген жас таланттар көп болған сияқты.
А.Нысанғалиев: Дұрыс айтасыз, өте көп болды. Жылыойдан Азамат Төреханов деген балғын әнші даусымен де, орындау мәнерімен де тәнті етті. Ол 2014 жылы Италияда өткен Халықаралық байқаудан алтын медаль тағып келген өнерпазымыз болатын. Мақаттық жас әнші Аружан Қасанова да – болашағы бар талант. Ол халықаралық «Тәуелсіздік – тірегім, тәбәрігім» фестивалінің Гран-При иегері. Махамбет ауданынан «Ағайынбыз, бәріміз» әнін үш әнші орындады. Олардың бірі Дмитрий Юн бұрын сахнада там-тұмдап ғана көрініп жүретін. Ал, қалған екеуі Дана Ғасырбек пен Нелли Юннің үлкен сахнада бірінші рет көрінуі. Бұлардың қатарына күй тартқан исатайлық Нэля Жақсымбетованы, қобызда жеке орындаған қызылқоғалық Бақыт Асанқызын, атыраулық Айбар Ғаниұлын, қызылқоғалық әнші Раушангүл Стомманы да қосуға болады. Сондай-ақ, Гүлзада Кенжешова кәсіби әнші ретінде, Темірхан Талапқалиев, Жанат Өтепова, Ідірбай Байбақты аса шебер өнерпаз екендіктерін көрсетті.
А.Кенжеғали: Өзіміз де көрдік, Сіздің сөзіңізден де фестивальдің жоғары дәрежеде өткені көрініп тұр. Жұрттың көңілінде қаларлықтай үлкен де, өнегелі іс болды. Дейтұрғанмен, жұмыс бар жерде кемшіліксіз болмайды ғой. «Әттеген-айлар» жөнінде де айтқаныңыз жөн шығар. Мысалы, біздің ойымызша театрландырылған көрініс көрсету кезінде тым сылбырлық байқалды. «Фестивалға балабақшадағы сәбилерді қатыстыру қажет пе еді?» деген сауал ойға келеді.
А.Нысанғалиев: Жалпы алғанда, облыс бойынша хор ұжымдары әлі де аздау және әлсіздеу екені байқалып тұр. Би өнері дамып келе жатыр десек те, атқаратын жұмыс көп. Облыс бойынша сахнаға жеке бишілер шығару үрдісінде кемшілік бар.
Жеке ән, күй орындаушылар жеткілікті, бірақ, дуэт, трио, квартет, т.б. топтық құрамалар әлі де ізденуді, жұмыстануды талап етеді. Біз оны әдейі талқылайтын боламыз.