
«Еділ мен Жайық» мюзиклі сахналанады
Қазақ музыкасының ұлы тұлғасы, әйгілі композитор Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Еділ мен Жайық» мюзиклі 14-17 ақпан аралығында Атырау жастар театрында сахналанатын болады.
Театр жетекшісі Әміржан Нұрланұлы бұл туынды ұлттық музыка мен драматургияның үйлесімін көрсететін және композитордың шығармашылық мұрасын жаңа буынға таныстыру мен оның әндеріндегі терең сырды сахнада жаңғырту екендігін атап өтті.
Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері – Асхат Маемиров, қоюшы суретші – Тимур Коесов, музыкамен көркемдеген – Бауыржан Ақтаев, Айдын Кітапқали, Шәмші Күзембай, хореографтар – Шырын Мұстафина, Эльвира Машаева, қоюшы хормейстері – Ғалымжан Берекешев және хормейстері — Мөлдір Нұрлыбекқызы. Бұл шығармашылық топ бір ай бойы қойылымға дайындық жасап, көрерменге Илья Жақановтың әндерінен жанды сахналық қойылым ұсынуды мақсат еткен.
-Мюзикл Илья Жақановтың өмір жолын көрсетіп, соғыс жылдарындағы балалық шағынан бастап, оның ержүрек, қайраткерлік кезеңдеріне дейінгі өмірін сипаттайды. Бала Ильяның бойына мейірім сыйлаған Жақан әке мен Балкен ана, өнерге іңкәр жігітке бата берген Ахмет Жұбанов, өнер жолында рухтас жандарға айналған Жұбан мен Шәмші бейнелері, елдікті ту еткен Махамбет батыр елесі — бәрі өмірі әнге айналған тұлғаның жан-сарайын айшықтайды, — деді Асхат Маемиров.
Брифинг соңында Илья Жақанов өзі туралы қойылымды сахналануына қатысты ойларын білдіріп, бұл мюзикл оның өмірі мен шығармашылығының маңызды сәттерімен таныстыратынын атап өтті. Композитор өнердің халықтың рухани байлығы екенін айтып, шығармашылық топқа алғысын жеткізді.
Тоғжан ЕРМЕК