
Домбыра — ұлттық болмысымыздың үні
Сол үнің өзге елдің балаларының қолында жаңғырып, жүректерінен төгілуі — үлкен мәртебе, зор қуаныш. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдағы Мәдени орталықты ашу сәтінде домбыра үйірмесінің өнер көрсетуі — бұл жай концерт емес, қос халықты жақындастыратын рухани көпірдің салынуы дер едім.
Қытайда өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің қазақтың қара домбырасын қолына ұстап, қазақ және қытай халықтарының шығармаларын тартып отырғанын көріп, жүрегіме ерекше жылулық ұялады. Балалардың жасына қарамастан, аспапқа деген ықыласы, орындаудағы жауапкершілігі, әсіресе Люй Цзышиннің күйге жан беруі — нағыз таланттың белгісі.
Музыка — шекара танымайды дейді. Бірақ дәл осындай сәттерде оның тек тілсіз құбылыс емес, рухани байланыс құралы екенін көресің. Домбыра қазақтың рухын, тарихын, салт-дәстүрін бойына сіңірген қасиетті аспап. Оны шет елдің баласы үйреніп, жүрекпен түсініп тартса — бұл біздің рухани құндылықтарымыздың мәңгілік екенінің дәлелі.
Қытайлық балалардың өнері бізге үлкен үміт сыйлады. Демек, домбыраның үні алыс елдерге де жетіп жатыр. Бұл — өнердің, мәдениеттің, достық пен ынтымақтастықтың жеңісі.
Жәнібек ЖӘМИЕВ,
күйші, Қазақстан Республикасы “Ерен еңбегі үшін” медалінің, Халықарылық “Мен қазақпын” мега-жобасының гран-при иегері