
Домбыра — қазақ рухының үні
Қазақтың төл өнеріне бар ғұмырын арнаған, ән мен руханият әлеміндегі жарқын есімдердің бірі — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлмайдан Сүндетова Жетісудағы жарқын жылдарын артқа тастап, туған өлкесі Атырауға оралып, ұлттық өнерге қызмет етуде. Елімізге танымал әнші бүгінде Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында еңбек етіп келеді.
Мұхит мектебінің ізін жалғап, аққудың үніне ұқсас әуезді даусымен талай тыңдарманның жүрегіне жол тапқан Гүлмайдан Сүндетова — ұмыт бола бастаған көне халық әндерін жаңғыртып жүрген өнер иелерінің бірі.
— Домбыра — қазақ халқының жан серігі. Ол тек аспап қана емес, тұтас ұлттың жүрек лүпілі, үні, болмысы. Осы қасиетті аспап арқылы халықтың мұңын да, қуанышын да жеткізуге болады, — дейді өнер иесі.
Өнерде жүргеніне елу жылға жуықтаған Гүлмайдан Сүндетова бүгінде жас буынға қазақ әндерінің қадірін түсіндіріп, дәстүрлі ән мектептерінің сабақтастығын жалғап келеді. Оның репертуарындағы терме-толғаулар мен ескі халық әндері — нағыз ұлттық қазына.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ