Жарнама
Мәдениет

«Домбыра – халқымыздың үні, жүрегіміздің лүпілі»

Домбыра – қазақпен бірге жаралған киелі мұра. Оның сарыны – ғасырлар қойнауынан жеткен бабалардың аманаты, елдің үнсіз шежіресі. Домбыраның үні естілсе – ел елең етпей қоймайды. Бұл тек қазақ үшін емес, кез келген ұлттың өкілі үшін де ерекше әуен. Шетелде жүріп, домбыраның бір ғана үнімен талай жүректі баурап, таңдай қақтырған сәттеріміз қаншама.

Бүгінде жер-жерде Ұлттық домбыра күні тойланып жатыр. Әр қаланың сахнасында ән-күй төгіліп, рухымыз жаңғырып жатқандай. Бірақ, өкінішке қарай, осы айтулы мерекенің шеңберінен өзімді көре алмай келемін. Есімде, 2018 жылы бұл мереке алғаш рет Астанада аталып өтетінін әлеуметтік желіден естіп, қатты таңғалғаным бар. «Мұндай игі бастама басталыпты, бірақ неге біз бұл шарадан тыс қалдық?» деген ой маза бермеді. Әкімдікке хабарласып, «Айналайындар, бұл тойдың ішінде біз – дәстүрлі ән өнерінің өкілдері неге жоқпыз?» дегенімде, алған жауабым жанымды жаралады: «Бұл – тек домбырашыларға арналған мереке».
Сонда мен ашуға булығып: «Біздің қолымыздағы домбыра таяқ па? Дәстүрлі ән – домбырамен бірге өрілген өнер. Ол да ұлт рухының ажырамас бөлшегі емес пе?» деп, өз наразылығымды білдірдім. Ақыры, ертеңіне ұйымдастырушылар: «Үлкен сахнаға шықпайсыздар, киіз үйдің жанында тұрып айта беріңіздер», – деді. Мен үшін ол маңызды емес еді. Бастысы – осы мерекенің ішінде болу. Сол алғашқы Домбыра күнінде біз сахнаның шетінде тұрсақ та, жүректің төрінде өнерімізбен болдық.
Содан бері бұл күн жыл сайын тойланып келеді. Бірақ, өз басым, дәстүрлі ән өнерінің өкілі ретінде, әлі күнге дейін ол тойдың төрінен орын ала алмай келемін. Бүгін де Алматыда Республика сарайының алдында үлкен мереке өтеді деп естідім. Бірақ тағы да біз жоқпыз…
Шүкір, шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ардақ Исатаева, Еркін Шүкіманов секілді есімі елге белгілі тұлғалар – менің көз алдымда өскен дарындар. Бүгінде олардың өзі елуді еңсерді. Ал жаңа буын қайда? Жарқырап көрінетін жастар неге сахнадан көрінбейді?
Мемлекеттік қолдау кемшін болғасын көп жас талант шетке ысырылып қалып жатыр. Олар өңірлерге тарайды, ауылға кетеді. Сол жерде көміліп қала береді. Мысалы, Атыраудағы шәкіртім – Байбақты дейтін бала бар. Оның өнерге деген ықыласы мені қуантады. Атыраудың мәдени тынысы жақсы серпіліп келеді. Жантөрин атындағы филармония, Дина Нұрпейісова атындағы оркестр – бәрі де жақсы жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы олардың әрбір қадамын бақылап отырамын. Оған да шүкір.
Бірақ көңілді бір сұрақ мазалайды: неге Ұлттық Домбыра күнінде, осындай мерекелерде, дәстүрлі ән өнерінің жас өкілдері жарқырап шықпайды? Бұл өнер құмға сіңгендей көзден таса болып бара жатқан жоқ па?
Домбыра – қазақтың жаны. Ол кішкентай ғана аспап болса да, рухы биік, тамыры терең. Домбыраның үні ешқашан өшпейді. Оның сыры – елдің жүрегінде. Міне, қазір мемлекет тарапынан қолға алынған «Арт спорт», «Даму бала» секілді жобалар арқылы балаларға тегін өнер үйретіліп жатқаны – үлкен жетістік. Солардың жемісін ертең көретінімізге сенемін.
Елу жылдан бері жанымызға серік болған домбырамызды ештеңеге айырбастай алмаймыз. Домбыра – біз үшін тек аспап емес, ол – тұмар, ол – тағдыр.
Сондықтан, барша домбыра ұстаған өнерпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Домбыра үні – жүрек үні. Ол үн ешқашан бәсеңдемесін, әлемді шарлап, қазақтың рухын паш ете берсін!
Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ рухтансын, қанаттансын, «мен қазақпын» деп айта алатын болсын!

Халқымыз аман болсын, елімізде тыныштық пен бейбіт өмір орнасын!
Күйдің отаны – Атырауға ыстық сәлем! Аман болыңдар, ардақты ағайын!

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, дәстүрлі әнші, ұстаз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button