ТАЙҚАЗАНДА ҚАСИЕТ БАР

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі «Тайқазан» республиканың барлық өңірлерін аралап келеді. Ол біздің өңірге 27 наурызда әкелінбек.

Қазақы дәстүрде тайқазан – тоқшылықтың, береке-бірліктің нышаны. Қасиетті Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қадам басқанда да алдыңыздан құнды жәдігер тайқазанды көресіз.

– Жалпы, қазақта бір тайдың еті кететін қазандықты «тайқазан» деп атаған. Ол кеңдіктің, байлықтың белгісі. Ғалымдардың пікірінше, бұл тайқазан атауындағы «тай» сөзінің шығу төркіні түркі, моңғол халықтарында жылқы малының киелі саналып, құрбандық шалу рәсімінде пайдаланылуына байланысты туындаған деген пікір айтылады.

Алып қазан құю ісі арнайы жобамен жүзеге асырылған екен. Сондай-ақ, ол ұсталардың шеберлігі мен қажыр-қайратын, сонымен бірге, жұмыс күшін және олардың бір мақсатқа жұмылған рухани тұтастығын қажет ететіні анық. Өйткені, қазанның бөліктері қалыптарда жеке-жеке құйылады да, соңынан құрастырылған. Қазанды дайындауда сол заманға тән өзіндік ерекшелігі бар басқа да озық технологиялар қолданылғаны сөзсіз. Сонымен қатар, оны жасау шеберлердің рухани ұстаз-пірдің жетекшілігімен ортақ мақсатта топтасып, рухани бауырластықтың ішкі тәртібіне қалтқысыз бағынуы нәтижесінде іске асты.

– Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөліп қарастырады, сонда  оның біріншісі – «сақтық» немесе конусты тұғыры бар қазандар, екіншісі – тұғырсыз қазандар. Естуімше, кесенедегі Тайқазан «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау – көне сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен жалғасып келген дәстүр екенін тарихи деректер айғақтайды, – дейді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев.

Ынтымағы жарасқан елде бақыт та, бақ та мәңгi болмақ. Бұл бастама қазақстандықтардың ұлт бiрлiгiн нығайтып, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениеттерiн қалыптастырып, өңір тұрғындарының тату-тәттi өмiр сүруiне, ауызбiршiлiктi жағдайда еңбек етуiне, мемлекеттiк ұлтаралық, дiнаралық келiсiм жөнiндегi саясатты жоғары дәрежеде жүргiзуге негiздейтiнi айдан анық.

Исатай ауданының Құрметті азаматы Ізбасхан Хисин «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» Қазақ елінің дамудың даңғыл жолында екенін айтады. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Елдегі татулық, ынтымақ пен береке – басты байлығымыз. Ал, еліміздің тұрақтылық пен татулық бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді.

Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басты идеясының «Менің елім – Мәңгілік ел» болуы да осы себепті. Барша қазақстандықтың басын қосқан аталмыш қоғамдық ұйым ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсетіп отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілі тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша атсалысып келеді.

Өңіріміздің қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатының  көтеріліп, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық қуатының жоғары дәрежеге көтерілгенін көріп отырмыз. Селолық округтердің  инфрақұрылымын жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Мұның бәрі елдегі, өңірдегі тыныштықтың арқасы. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған еліміз туралы ұлы мақсаттар  қоя білдік. Бірлігі мен берекесі жарасқан елдің болашағы да баянды болмақ.

 

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз