Жарнама
Мәдениет

Болашақтың ұлттық кілті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Қазақ тілі – ғылым, мәдениет және қарым-қатынас тілі» тақырыбында аймақтық-республикалық деңгейде кең көлемді семинар ұйымдастырылып, тілдің қазіргі даму мәселелері талқыланды. Семинарға республикалық деңгейдегі сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен тіл мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен магистранттары қатысты.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов шара мақсаты қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін талдау, мәдениет пен қоғамдық қатынаста қолданылуын кеңейту жолдарын қарастыру және цифрлық дәуірдегі жаңа мүмкіндіктерін айқындау болғанына тоқталды. Жалпы, жиында еліміздің жетекші тіл мамандары мен ғалымдары қазақ тілінің даму перспективалары, университеттің тілдің ғылым тіліне айналуындағы рөлі, цифрлық экономика жағдайындағы мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады.

9c8db0ed 50f9 4398 8272 459933c1cffc


Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасуы үшін ең алдымен әдіснама қажеттігін баса айтты. Айтуынша, әдіснамасыз ғылым болмайды, ал қазіргі қазақ ғылыми кеңістігінде әдіснамалық негіздердің жүйесіздігі белгілі бір кемшіліктерге алып келуде.
Айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіліне тән сингармонизм, шылау, сөз тіркесі сынды негізгі ұғымдарды алғаш жүйелеп, бүгінгі тіл ғылымының іргетасын қалап кеткен. Байтұрсынұлының бұл жаңалықтары – қазақ тіл білімінің ішінде әдіснамалық ойлаудың бастамасы ретінде бағалануы тиіс. Сондай-ақ, Ербола Ердембекұлы қазіргі кезеңде терминология, емле, әліпби реформалары сияқты іргелі бағыттарда ғылыми жүйелілік пен дәлдік қажет екенін айтты. Айтуына қарағанда, жаңа терминдер мен жазу нормаларын енгізгенде қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына сүйену әдіснамалық көзқарастың негізгі шарты.
– Цифрлық кеңістіктегі тілдің рөлін арттыру үшін де сапалы, ғылыми негізделген контент қажет. Интернетке шыққан материал ғылыми танымға сай, ұғымдық тұрғыда нақты, тілдік жағынан сауатты болуға тиіс. Бұл – тілге деген қоғамдық сенімді қалыптастырудың маңызды алғышарты, — деді ол.
Жалпы, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы барлық саладағы ғалымдардың бірлескен күшіне байланысты. Айтуынша, әрбір ғылыми сала өз салалық тілін қалыптастырып, қазақ тілінде кәсіби дискурс жүргізуге дайын болуы керек. Ол үшін бірінші кезекте жүйелі әдіснама, ұғымдық база және ортақ ғылыми стиль қажет.
Жасанды интеллект дәуіріндегі мүмкіндік
Семинар аясында тілтанушы, цифрлық технологиялар саласындағы сарапшы Мақпал Жұмабай «Цифрлық экономика жағдайында қазақ тілінің рөлі мен мүмкіндіктері» атты мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазақ тілін цифрландыру мәселесі жай ғана әлемдік үрдіске ілесу емес, қазіргі замандағы ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық дербестікті қамтамасыз етудің басты тетігі екенін нақты дәлелдермен жеткізді.
Баяндамашы адамзат тарихындағы баспа станогының пайда болуы білімнің таралуын жеделдетіп, Еуропаны алдыңғы қатарлы өркениеттер қатарына шығарғанын мысалға келтіре отырып, дәл сондай жаһандық өзгерісті қазіргі уақытта Жасанды интеллект технологиялары туындатып жатқанын атап өтті. Егер бұрынғы ғылыми-техникалық прогресс ғасырлар бойы жүрсе, бүгінгі ЖИ дәуірінде бұл өзгерістер санаулы айлар ішінде жүзеге асып отыр. GPT үлгісіндегі тіл модельдерінің дамуы – осы сөзімізге дәлел. 2018 жылдан басталған алғашқы эксперименттерден кейін араға төрт жыл салып, ChatGPT қолданушылар саны екі айда 100 миллионға жетсе, 2024 жылы мультимодальді ЖИ жүйелері – көру, есту, ойлау қабілетіне ие интеллектуалдық агенттер пайда болды.
Баяндаманың басты мазмұны жасанды интеллект пен тіл арасындағы өзара байланысқа арналды. Мақпал Жұмабай ЖИ-ді қазақ тілін мүлдем білмейтін студент ретінде елестетіп, егер оны тілге толық үйретсек, ол миллиондаған адамға сол тілде қызмет көрсетіп, мәтін құрастырып, аударма жасап, оқыту процесін жүргізетін қуатты құралға айналатынын айтты. Алайда мұндай модель тек өзі оқыған тілде ғана жұмыс істей алады. Демек, егер ЖИ қазақ тілінде жеткілікті мәліметке ие болмаса, ол қазақ тілінде сөйлей де, түсіне де алмайды. Осы тұста баяндамашы қазақ тілінің қазіргі цифрлық базаға ие болуын стратегиялық артықшылық ретінде таныстырды. Қазіргі уақытта қазақ тілі Google, OpenAI, Meta сияқты ірі платформаларда жұмыс істей бастады. Coursera сияқты жетекші білім беру алаңдарында қазақ тіліндегі контент пайда болды. Сонымен қатар, тілдік дерекқор негізінде қазақ тілді ЖИ құралдары жасалып жатыр.
Баяндамашы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген жобаларды мысалға келтірді. Атап айтқанда, 6 миллиард сөзқолданыстан тұратын табиғи тіл қоры, Termincom, Sozdikqor, Emle.kz платформалары, 1,5 миллионнан астам бірлікті қамтитын сөздік қор, ұлттық корпус және Tilqural, Balatili, Abai.institute платформаларының базасы қазақ тілді ЖИ құралдарын әзірлеуге негіз болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Мақпал Жұмабай Мемлекет басшысының цифрландыру мен ЖИ-ді дамыту туралы Жолдауын еске салып, ЖИ-дің экономиканы жеделдетудің басты құралына айналғанын нақты мысалдармен дәлелдеді. Til-Qazyna LLM – Тіл-Қазына орталығы дайындаған алғашқы ұлттық тіл моделі екені айтылды. Бұл модель қазақ тілін үйретуге, сауатты жазуға және мәтін құрастыруға көмектеседі. Hugging Face платформасында жарияланған бұл өнім кез келген ұйымның қолдануына ашық. Til-Qazyna LLM базасында заң, қаржы, медицина, білім, шағын және орта бизнеске арналған қазақ тілді ЖИ көмекшілерін әзірлеуге болатыны баяндалды. Заңгерлерге келісімшарттарды сараптауға, дәрігерлерге диагностика жүргізуге, мұғалімдерге жеке оқыту бағдарламаларын құруға, кәсіпкерлерге құжаттар мен салықтық есептерді жүргізуге көмек көрсететін жүйелерді жасауға мүмкіндік бар екені айтылды.
Мәліметтерге сүйенсек, ЖИ жүйелері еңбек өнімділігін 40%-ға дейін арттыра алады. Бұл ретте Til-Qazyna LLM базасында әзірленіп жатқан Qazgramma жобасы ерекше маңызға ие. Ол – қазақ тіліндегі мәтіндердің дұрыстығын тексеруге арналған платформа. Орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық қателерді түзету, стилистиканы жетілдіру, сөйлем құрылымын оңтайландыру секілді қызметтер атқара алады. Платформа egov пен e-otinish жүйелеріне интеграцияланған кезде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс өнімділігін арттыруға көмектесетіні күтіледі. Бұл жобаның биыл көпшілікке ұсынылатыны да баяндаманың маңызды бөлігі болды.

9bbd38d1 20a8 4797 8571 75db4f878106

Тағы бір маңызды бастама – қазақ тілін деңгейлеп оқытатын Til-Qazyna ЖИ көмекшісі. Бұл платформа мәтін және дыбыс форматында сөйлесу арқылы қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тіл мамандары мен оқытушыларға арналған мәтін, диалог, жаттығу, полилог құрастыру құралдары бар. Биыл бұл жүйенің тестілік нұсқасы жарық көреді.
Баяндамашы қазіргі уақытта қазақ тіліне шеттілдік терминдердің қарқынды енуі салдарынан олардың қабылдануы мен бейімделуі өзекті мәселеге айналғанын айтты. Осыған байланысты шеттілдік терминдерді автоматты түрде саралайтын жаңа жүйе әзірленіп жатыр. Жүйе сөзжасамдық, фонетикалық және морфологиялық тұрғыда талдау жүргізіп, тіл заңдылықтарына сай ұсыныстар береді. Әрі қарай Мақпал Құрманжанқызы өз сөзінде «Тіл-Қазына» орталығының 2025 жылдан бастап Қазақ тілінің Ұлттық сөздік қоры мемлекеттік-ақпараттық жүйесін жасау жөніндегі ресми оператор ретіндегі жаңа рөліне тоқталды. Бұл бастама қазақ тіліндегі барлық сөздіктерді, терминдерді, корпус пен датасеттерді біріктіріп, ЖИ жүйелерімен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ұлттық Сөздік Қоры мемлекеттік органдарға, зерттеушілерге, ІТ саласының мамандарына қазақ тілінде сапалы әрі бірыңғай тілдік дерекпен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл қор салалық чат-боттар, аударма құралдары және басқа да цифрлық шешімдердің негізіне айналмақ.
Баяндаманың қорытындысында Мақпал Жұмабай қазақ тілін цифрландыру мен ЖИ өнімдерін әзірлеу – тек технология емес, ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің бірі екенін айтты. Жасанды интеллект дәуірінде ұлттық деректерді өзімізде өңдеу, жергілікті тілдік модельдер құру, ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстау – еліміздің стратегиялық дербестігі мен мәдени тұтастығын сақтау жолындағы маңызды қадам. Бұл болашақ ұрпаққа тәуелсіз цифрлық мұра қалдыруға және ұлттық құндылықтарды сақтауға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің цифрлық болашағы – елдің экономикалық дамуы, технологиялық тәуелсіздігі және ұлттық егемендігінің кепілі екені айтылды.
Цифрлық замана серпіні
Ғылыми-тәжірибелік жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы университеттің рөлі туралы пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің ғылыми кеңістікте кеңінен қолданылуы үшін тек білім беру жүйесін жетілдіру жеткіліксіз – бұл бағытта цифрлық ортада қазақ тіліндегі контентті арттыру да аса маңызды.
Ректор атап өткендей, қазіргі таңда қазақ тіліндегі сапалы ақпаратты кеңінен ұсынудың бір жолы – қазақша Уикипедияны дамыту. Білгеніміздей, бүгінде қазақ Уикипедиясы әлем бойынша 49-орында тұр. Ондағы қазақ тіліндегі мақалалар саны 238 мыңнан асып жығылады.
Бұдан бөлек, университет жасанды интеллект бағытында да тың серпін беріп отыр. Студенттер Coursera, Astana Hub және Huawei ICT Academy сынды халықаралық платформалар арқылы заманауи ЖИ (жасанды интеллект) саласында білім алып жүр. Айталық, 4500-ден астам студент «Basics AI: AI Overview» және «Search and AI» курстарын сәтті аяқтаған. Олардың ішінен 3500 студент халықаралық деңгейде сертификат иеленген.
Сонымен қатар, Huawei ICT Academy аясында мәтін тану, бейнебақылау, нейрожелілермен жұмыс істеу секілді нақты ЖИ шешімдері қолданысқа енгізілген. Университеттің барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект пәні қосылғаны да – заман талабына сай оң қадамдардың бірі.

1c15277e bf35 45e3 84ce 64c9717c4e6c


Айта кетейік, университет жанынан ашылған МООК жазу орталығы мен LIBAU AI интеллектуалды ассистентімен толықтырылған онлайн кітапхана – білім мен технологияның тоғысын көрсететін жобалар. Мұндай бастамалар қазақ тілін тек оқыту құралы емес, заманауи цифрлық әлемде қолданылатын ғылым тіліне айналдыруға бағытталған.
Университеттің даму стратегиясында да мемлекеттік тілдің орны ерекше екені аңғарылады. Мысалы, 2024–2025 оқу жылында қорғалған 300 магистрлік диссертацияның 257-сі қазақ тілінде жазылған. Ал өткен оқу жылында (2023–2024 жж.) қорғалған 131 диссертацияның 101-і мемлекеттік тілде дайындалған.
Сондай-ақ, университет ғалымдарының ғылыми еңбектері де ана тіліміздің ғылыми әлеуетін көрсетеді. Анығы, 2024 жылы жарық көрген 24 монографияның 13-і қазақ тілінде болса, 2025 жылы бүгінгі күнге дейін жарияланған 30 еңбектің 21-і қазақ тілінде жазылған екен.
Осы деректердің барлығы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мемлекеттік тілдің ғылым мен технология салаларында нығаюына нақты үлес қосып келе жатқанын айқын аңғартады.
Ғылымдағы тіл егемендігі
Аталған жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов қазақ тілінің ғылым тіліне айналу жолындағы нақты жетістіктер мен стратегиялық ұстанымдарды ортаға салса, бұл бағыттағы ой-пікірлерді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бибігүл Хаиржанова одан әрі тереңдете түсті.
Бибігүл Хайржанованың айтуынша, қазақ тілі – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – халықтың дүниетанымы мен ұлттық болмысының тілі. Сондықтан да ғылым саласындағы қазақ тілінің орны мен әлеуеті – тіл саясатының ғана емес, елдің рухани қауіпсіздігі мен зияткерлік дербестігінің өзегіне айналуы тиіс. Ғалымның сөзінше, қазақ тілінің ғылымда толыққанды қызмет етуі оның тек сөздік қорымен емес, ғылыми ұғымдарды дәл әрі терең жеткізу қабілетімен, терминологияны қалыптастыру икемділігімен және заманауи технологиялармен үйлесімділігімен тікелей байланысты. Айтқандай, қазақ тілінің ғылым тіліне бейімделуі кеше ғана басталған үрдіс емес. Бұл жол XIX ғасырда Ыбырай Алтынсариннің оқулықтарынан, Абайдың философиялық қара сөздерінен, XX ғасыр басындағы Алаш зиялыларының күрескерлік еңбектерінен бастау алады. Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» еңбегі – ғылыми лингвистиканың іргетасы болса, Халел Досмұхамедұлы қазақ тіліндегі медицина, биология терминдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған.
– Кеңестік кезеңде қазақ тілі ғылымның шеткі алаңында қалса да, Сәтбаев, Әуезов сынды тұлғалар арқылы ғылыми ойдың көкжиегі кеңейіп отырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытқа жаңа серпін беріліп, қазақ тілін ғылыми дискурстың белсенді қатысушысына айналдыру жолында маңызды қадамдар жасала бастады, — дейді ғалым.
Білгеніміздей, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына мүмкіндік беретін бірнеше ішкі лингвистикалық ерекшеліктер бар. Олардың қатарында сөздік қордың байлығы: 600 мыңнан астам лексикалық бірлік – бұл жаңа ғылыми ұғымдарды енгізуге кең мүмкіндік береді. Сөзжасам жүйесінің икемділігі: Жаңа терминдерді ұлттық түбірлерден жасауға қолайлы құрылым. Мысалы, «есеп», «есептеуіш», «есептегіш», «байланыс», «байланысқыш» сынды туынды сөздер ғылым тіліне табиғи бейімделе алады. Ал ұлттық дүниетанымның ықпалы: Қазақтың байырғы ұғымдары қазіргі ғылыммен үндесе отырып, ғылыми мазмұнға ұлттық реңк береді.
Жүйе бар, бірізділік әлсіз
Филологтың айтуынша, ғылым тілі ретінде қазақ тілінің дамуын тежейтін басты фактордың бірі – терминологиядағы жүйесіздік пен тұрақсыздық. Мемлекеттік деңгейде жұмыс істейтін Терминком соңғы онжылдықта айтарлықтай жетістікке жеткенімен, әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Айталық, бір терминге бірнеше балама нұсқаның қатар жүруі – (мысалы, менеджмент – басқару – менеджерлік) – ғылымдағы нақтылық пен түсініктілікті қиындатады. Сонымен қатар, жаңа терминдерге деген академиялық ортадағы сенімсіздік те кедергі келтіреді.
Конференцияда қостілділік және ғылыми инфрақұрылым тапшылығы жәйі де сөз болды. Б.Сейілханқызы атап өткендей, ғылым саласында қазақ тілі әлі де толыққанды қызмет ете алмай келеді. Себебі, ғылыми қауымдастықта тілдердің функционалды бөлінуі (диглоссия) сақталып отыр: ресми емес қарым-қатынас қазақша жүргізілсе, ғылыми жарияланымдар мен зерттеу материалдары орысша не ағылшынша жазылады.
Бұл ахуалдың себептерін баяндамашы халықаралық индекстерге ұмтылу, қазақ тіліндегі беделді ғылыми журналдардың аздығы, сапалы оқулықтар мен әдістемелік құралдардың тапшылығымен байланыстырды.
Жиында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар тақырыбы да айналып өтпеді. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезеңде қазақ тілінің ғылыми әлеуетін толық ашу үшін оның цифрлық кеңістікте белсенді қолданылуы аса маңызды. Google Translate, Microsoft Office, KazNLP, Aqyl-KazNet сынды жобалар – қазақ тілінің жаһандық цифрлық әлемге бейімделуінің бастамасы ғана. Бибігүл Хаиржанова атап өткендей, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану арқылы қазақ тілін ғылыми контент тіліне айналдыруға болады. Жас ғалымдар мен студенттерге арналған ғылыми платформалар, қазақша ғылыми жобалар мен гранттар, қазақ тіліндегі суденттік ғылыми ұйымдар осы бағыттағы нақты бастамалар қатарын құрайды.
Филологтың пікірінше, ғылымдағы қазақ тілінің дамуы – бұл ұлттық патриотизмнің жаңа формасы. Жастар үшін патриотизм – жай сөз емес, жасампаздық пен интеллектуалдық еңбекке ұмтылыс болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» жолдауында атап көрсетілгендей, болашақ жастардың қолында, ал сол болашаққа барар жол – білім мен ғылымнан өтеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың мынадай негізгі бағыттарын ұсынды.

-Қазақ тіліндегі ғылыми басылымдарды қолдау және гранттық жүйеге енгізуді, қазақ тіліндегі ғылыми контенттің санын ғана емес, сапасын арттыруды, ғылыми дискурсты қалыптастыруға бағытталған көпшілікке арналған контент (видео, подкаст, блог, википедия), жасанды интеллект арқылы қазақ тілінде ғылыми тіл стилін қалыптастыру мен түркітілдес елдермен ғылыми интеграция жасау, қазақ тілінің түркі әлеміндегі ғылыми статусының артуына ықпал етуді қажет деп есептеймін, деді ол.
Иә, тілдің абстрактілі ұғымдарды меңгеруге қабілеттілігі, ұлттық ерекшеліктерді сақтауымен қатар, жаһандық ғылыми кеңістікке еркін енудегі мүмкіндігі қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Баяндамашы айтып өткеніндей, бұл үрдістің табысты жүзеге асуы – мемлекет саясатының, ғылыми қауымдастықтың жауапкершілігінің, цифрлық технологиялардың және ұрпақтың ұмтылысының нәтижесіне тікелей байланысты.
Іс-шара соңында қазақ тілінің ғылым мен қоғамдағы қолданылуын кеңейту бойынша ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік және білім беру ұйымдарына жолданатын болды. Семинар қатысушылары үшін тіл саясатын іске асыру тәжірибелері, жасанды интеллект және қазақ тілінің өзара байланысы туралы дәрістер ұйымдастырылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button