Жарнама
Мәдениет

«BALA TURKVIZYON ҚАЗАҚСТАН»: БАЛАЛАР ӘНІ БАЙҚАУЫ – АТЫРАУДА

 

Түркі тілді халықтар арасында алғаш рет өткізіліп отырған керемет өнер байқауының мақсаты – музыкалық өнер арқылы балаларға қолдау көрсету, отандық сазгерлер арқылы қазақ тіліндегі жаңа балалар әндерін жарыққа шығарып, сол әндерді еліміздің барлық балабақшалары мен мектептеріне тарату болып табылады.

Бұған дейін байқаудың аймақтық іріктеу кезеңдері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында өткен болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлттық іріктеу 8 тамызға дейін еліміздің барлық аймақтарын қамтиды.

Таңертең ертесімен бастап мәдениет сарайына өз өнерін көрсетуге Атырау өңірінің түкпір-түкпірінен жүзден аса 8-13 жас аралығындағы жас өнерпаздар жиналды. Олардың қатарында аспаптарда және дәстүрлі ән орындайтындар да болды. Байқауға тіркелуден кейін, байқау ұйымдастырушылары балаларды ойын ойнауға, флешмоб ұйымдастырып, телевизиялық түсірілімдерге түсуге шақырды. Атырау аймағының тумасы, бүгінгі байқаудың қазылар алқасының төрағасы, әнші Бейбіт Қошқалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, қолтаңбасын берді. Жұлдызбен көзбе-көз кездесіп, әңгімелескен жас өрендердің қуанышында шек болмады.

«Өнерпаздардың ата-аналары да өз балаларына қолдау көрсету мақсатында  байқау алаңында өздері хор құрды. Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен басталған әндер шеруі жергілікті аймақтың әнұранымен аяқталды. Дәл мұндай қолдау әлі бірде-бір аймақта болған емес», — дейді PR-менеджер Торғын Әбушахман.

Түстен кейін қазылар алқасы екінші кезеңге өткен үздік отыздықты таңдап, олардың өнерін тағы да бағалады. Атырау облысынан жеңімпазды анықтауға Бейбіт Қошқалиевпен бірге дарынды сазгерлер Ренат Әубәкіров  және   Ғалымбек Исмбергенов келді.

Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында оқитын Жаннұр Оспанова байқаудан бір күн бұрын 9 жасқа толып, туған күнін атап өткен болатын. Төрт жасынан бастап ән айта бастаған ол Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалованың әндерін сүйіп тыңдайтынын айтады.

Алғашқы кезеңде оның орындаған «Қазақ елі осындай» әні көрермен мен қазылар көңілінен шығып, Жаннұр екінші кезеңге өткен үздік отыздық құрамынан табылды. Бұған дейін де ол республикалық «Күншуақ» конкурсына қатысып, І орынды жеңіп алған болатын.

Ал, атыраулық Аружан Қуатованың орындаған алғашқы әні – «Ғашық жүрек» фильміндегі халық әні «Әдемі қыз» еді. Өнерпаз халық әнімен көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Соңғы жылдары Аружан терме орындап, халық әндеріне баса назар аударуда. Құлсары қаласынан келген Абзал Нұрланұлы өз өнерімен тәлімгерлер мен көрермендерді таң қалдырды. Ол сегіз жасында музыка мектебіне қабылданғаннан ән сала бастаған. Аймаққа белгілі әнші нағашы ағасы Елдос Емілдің ізін қуған, талант иесі болашақта Бекболат Тілеухан мен Ерлан Рысқали сияқты дәстүрлі әнші болғысы келеді.

Мәдениет сарайына облыстың түкпір-түкпірінен көптеген жас өрендер келді. Соның бірі ерекше дауыс пен ерке мінездің иесі Игілік Серікұлы. Ән сабағынан беретін ұстазы Ләйлә Мұқатованың айтуынша, шәкірті өте дарынды, әрі ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі бар. Олар Махамбет ауданындағы Алға ауылынан ат терлетіп келді. Игілік ешкімге еліктемейді, өз көңілінен шығатын патриоттық, туған жер туралы әндерді орындағанды ұнатады.

Аймақтық іріктеу кезеңінің қорытындысымен «BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалында Атырау облысының намысын қорғайтын екі жеңімпаз  анықталды. Олар – Аяулым Айнабекова мен Нұрдәулет Тілекқабыл. Он бір жасар Аяулым Айнабекова Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында вокал сыныбында оқиды. Ұстазы Алма Сағидоллақызы шәкіртінің талабының зор екенін бірден байқаған, оған екі ай қызу дайындықтан кейін республикалық байқауда алған бас жүлде дәлел бола алады.

Ал, тоғыз жасар Нұрдәулет Тілекқабыл кәсіби түрде музыкамен айналыспаған. Өз күшімен үйде дайындалып жүр. Музыкадан бөлек футбол ойнап, самбоға қатысады. Жақында Республикалық  дарынды балаларға арналған «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығына оқуға түскен Нұрдәулет, үлкен сахнада өнер көрсетем деген арманынан алыстаған жоқ. Енді, Нұрдәулет пен Аяулым 16-17 қыркүйекте Астанада өтетін байқаудың жартылай ақтық финалы мен финалында дуэт болып өнер көрсетеді. Егер, қазылар алқасы мен көрермендер ең көп дауыс беріп, дуэт Ұлттық іріктеуде жеңіске жетсе, олар осы жылдың желтоқсан айында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін «Bala Turkvizyon» финалында Қазақстан Республикасының намысын  қорғайтын болады. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button