«Атырау – АСЫЛ МЕКЕНІМ»

screenshot 12 4 Мәдениет

ОСЫНДАЙ АТАУМЕН АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ 382 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТІ ӨТТІ. САЛТАНАТТЫ КЕШТЕ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАНАТ ӘЗМҰХАНОВ КӨРЕРМЕНДЕР МЕН ӨНЕРПАЗДАРДЫ ҚАЛА КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ.

– Қызылқоға ауданы – қазақы қасиет ұйыған, жауһар жыр өріліп, өнерге өріс ашқан, ақындары аруақты, билері білікті, әрідегі Асанқайғыдан бастап, берідегі талай сөз сүлейлері өз туындыларына арқау еткен аймақ. Облыстағы 7 аудан Атырауға қарап бой түзейді. Бүгінгі іс-шарадан да өнерпаздар рухани тұрғыда тәжірибе алмасып, мәдени қызметкерлер өзара біліктіліктерін арттыруға үлкен мүмкіндік алады. Қызылқоға ауданының атынан Атырау қаласы күнімен тағы да құттықтаймын! Қаламыз көркейіп, дами берсін, – деді Қ.Әзмұханов.

screenshot 14 3

Мәдениет сарайында құтты мекен Қызылқоға өнерпаздарының өнерін тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Әсіресе, «Еспай» халықтық ұлтаспаптар оркестрінің (дирижеры Есет Махмут), «Ойыл аруы» бишілер тобының, халықтық «Қарабалиндер» отбасылық ансамблінің, «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымының, қобызшылар ансамблінің, «Аманат» хорының өнерлеріне халықтың қошеметі ерекше болды. Ал, Бисұлтан Мұхтаровтың орындауындағы «Қызылқоға аймағы», Амандық Төлегенов пен Назира Шоқан шырқаған «Еділ-Жайық» әніне қосылған көрермендер бір серпіліп қалды.

screenshot 13 1

Мерекелік бағдарламада Қызылқоға ауданының 120-дан аса өнерпазы вокал, хореография, дәстүрлі әндер бойынша өнер көрсетті. Мұндағы мақсат – жас өнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсету, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу. Сондай-ақ аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтарда шыңдалып жүрген жас дарындарды елге таныту және қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлау еді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз